Жамбыл Жабаев. “Ардақты ер Мирзоян”

Ұлы ақынымыз Жамбыл Жабаевтың (1846-1945) жақында атап өтілген мерейтойына орай оның Иосиф Сталин, Климент Ворошилов, Сергей Киров пен басқа Кеңес Одағының көсемдеріне арналған өлеңдері мен дастандары қайтадан жарық көрді. Бірақ, атамыздың 175 жылдық мерейлі мерекесінің шеңберінде оның Левон Мирзоян мен Николай Ежов сынды қуғын-сүргінге ұшыраған жетекшілерді мадақтайтын туындылары қайтадан жарияланбады. Әйтеуір, нарком Ежовқа бағышталған Жамбыл шығармаларының орыс аудармалары ғаламтор пайдаланушыларының назарына ұсынылса, Мырзажан жайында ақынның шабытты өлеңінің қазақ түпнұсқасы немесе орыс аудармасы қайтадан жарық көрмеді. Тіпті, Алматы, Ақмола мен Мәскеудің ірі кітапханаларында сақталатын Жамбыл шығармаларының ішінде Мирзоян көсеміне арналған өлең жойылған.

Шүкіршілік, Петербургтегі Ресей ұлттық кітапханасының ұлттық әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Шушана Симиковна Жабконың қолдауымен, Мырзажанды дәріптейтін Жәкеңнің туындысы оқырмандарға қарай жаңадан жол тапқан. Сонау, 1937 жылы жырланған “Ардақты ер Мирзоян” өлеңі қанішерлер Голощекин, Исаев, Құрамысов пен тағы басқалардың кесірлі саясатынан пайда болған Ашаршылықты тұңғыш рет жоғары суреткерлік шеберлікпен көрсеткен. Левон Исаевичтің қазақ қоғамына қарай негізінен игі ықпалын қарт ақын былай сипаттайды: “Мирзоян келіп елімнің Өмірі мүлдем оңдалған. Аты жоққа ат бітіп, Асы жоққа ас бітіп, Басына дәулет, бақ қонған”. Еліміздің аласапыран қасіретін суреттейтін осындай ащы шындықтың салдарынан бұл өлең халық жадынан өшірілген болатын. Араға отыз бес жыл салып, дарынды жазушымыз Ғабит Мүсірепов “Ұлпан” романында Жамбыл Жабаевтың жалынды сөзіне еліктеді: “Ұлпан шешеміз аты жоққа ат берген, асы жоққа ас берген. Кедейге пана болған”.

Сонымен, Алма-Ата мен Мәскеулік Қазақстан көркем әдебиет баспасының 1938 жылы латын әрпімен шығарған Қазақстанның орденді қалық ақыны Жамбұлдың “Өлең-жырлары” кітабының 59-60 беттеріндегі “Ардақты ер Мирзоян” туындысын кириллицаға аударып, алғаш рет ғаламторда жариялап тұрмын. Айтпақшы, осы жинақтың ішінде Жамбыл атамыздың аты-шулы “Ежов жолдаспен жолығыс” өлеңі мен “Нарком Ежов” поэмасын да оқи аласыздар.

"Ардақты ер Мирзоян"-ның бірінші беті.

АРДАҚТЫ  ЕР  МИРЗОЯН

Бұрмаланып басшылық,
Іс жаңсаққа ұрынып,
Бүлдіруге бар істі
Тырысты ұлтшыл-фашис ит.
Сабылғанда, сондықтан
Қаталасып, сүрініп,
Қырағы қыран көсемнің
Көзі мұны тез шалған.
Қатаны түзеп, қалықты
Көркейтуге жұмсаған —
Сенімді, алғыр, айбынды
Шәкірті Леон Мирзоян.
Мирзоян келіп елімнің
Өмірі мүлдем оңдалған.
Аты жоққа ат бітіп,
Асы жоққа ас бітіп,
Басына дәулет, бақ қонған.
Жұртымның кіріп ажары,
Жасарған гүлдеп, қоңдалған.
Ауқаты артып, кенеліп
Игілігі мол болған.
Мирзоян келіп еліме
Қалқым түгел тоғайған.

"Ардақты ер Мирзоян"-ның екінші беті.

Елге құнар, құт бітіп,
Кәріптің бәрі шоңайған.
Шырағы еніп, нұр жайнап
Қуат бітіп қоңайған.
Талқандалды індері
Қаской сұмның арам қан.
Айта берсем тамаша
Игілі іске жетпес сан,
Осының бәрін әкелген
Сталиннен оқыған —
Қалаулы ұлы қалқымның,
Ардақты ер Мирзоян.
Мирзоян десе, дамылсыз
Күйім кернеп қоздаған.
Жасаңқырап жүрегім
Жырға толып тасынған.
Көркім кіріп күйлендім,
Бағым артты басымнан.
Сондықтан да, Мирзоян
Кандидатсың қалаған.
Сондықтан Ұлы Советке
Сайлайды Жамбұл қарт бабаң!

1937

 

Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
28 views

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.

%d bloggers like this: