Ғылыми атеизм жасасын!

Діни саламыз қарқынды үрдісімен дамып жатыр. Мемлекет тарапынан, жеке кәсіпкерлердің атынан діни қайраткерлер мен ұйымдар елеулі қолдауға ие. Жоғары лауазымды қызметкерлер діни ғимараттардың ашылу салтанаттарына қатысуда, бай пысықайлар қомақты қаржы-қаражатты тақуаларға беруде. Менің пікірімше, бұл үлкен қателік. Ең алдымен, ғылыми атеизмге ден қою керек. Өйткені, дін дегеніміз шала сауатты белсенділердің туындысы, қанаушы таптың рухани құралы болып табылады. Орта Азияның тарихына үңіліп қарасақ, дарынды ғалым Ұлыкпек пен ғажайып ақын Хамза Хәкім заде Ниязиді мұсылман фанатиктер хайуандықпен өлтіріп тастаған, керемет ағартушы Ыбырай Алтынсаринге қысым жасаған. Басқа аймақтарды есепке алсақ, Американдық үндістер Уицлипуцли құдайына адам құрбандарын шалды, Европадағы орта ғасырлардың инквизициясы мен қазіргі Жапониядағы “Аум Сенрике” сектасын тілге тиек еткеніміз жөн. Католик фанатиктері біртуар ғалым Джордано Бруноны өрттеп өлтірді. Испаниядағы раввиндер атақты еврей ойшылы Маймонидтің кітаптарын өртке салды, Ресейдегі православ фанатиктері белгілі жазушы Лев Толстойды қуғын-сүргінге душар еткізді.

commonsenseatheism.com

Әрине, заң бойынша әркім өз талғамына сай дін немесе дінсіздікті таңдайды. Бірақ, субьективтік религиядан гөрі объективтік ғылым әлдеқайда дұрыстау көрінеді. Рас, жетпіс үш жыл ішінде Кеңес Одағындағы атеист басшылары дін өкілдеріне неше түрлі қиянатты келтірді, бірақ діни фанатиктер мыңдаған жылдар бойы ғалымдар мен ойшылдарға қан жұтқызды. Сонымен қатар, Кеңес Одағындағы діннің қоғамға пайдалы құндылықтарға тыйым салынған жоқ. Мысалы, Федор Достоевскийдің діншіл кітаптары кең таратылыған, танымал кеңес режиссерлер Иван Пырьев пен Лев Кулиджанов Достоевскийдің христианшыл шығармаларына негізделген көркем фильмдерін түсірді. Қазіргі таңда, Қазақстанымызға кейбіреу діни дәстүрлер де пайдалы болады. Мысалы, аборт пен спирттік ішімдіктерге тыйым салуы.

Әлем бойынша мыңдаған мифологиялық кейіпкерлер белгілі: Митра, Зевс, Будда, Христос, Шива, Аллаһ және тағы-тағы басқалар. Олар көркем әдебиет пен өнерде елеулі орын алуда. Көне Грекияның мифтері, “Мың бір түн” ертегілері, Микеланджелоның діни мүсіндері және басқа ескерткіштер адамзат тарихындағы ерекше жетістіктер ретінде мойындауымыз қажет. Алайда, саяси ілім, ғылыми ұстанымдар ретінде діни принциптер мүлдем жарамсыз. Жалпы алғанда, “құдай” ұғымы жабайы, сауатсыз көне адамның жұмбақты табиғи құбылыстар алдындағы корқыныштан, әлсіздіктен туылған нәрсе.  Әрине, қазіргі таңда да балалар немесе білім деңгейі төмендеу адамдар пері-жындар, Мыстан Кемпір, Аяз Ата, әулиелер мен диуаналар секілді кейіпкерлерге сенуде. Дегенмен, білімді адам үшін осындай нанымдар мүлдем жараспайды.

Бүгінгі әлеуметтік жағдайымыз көңілдегідей емес. Кейбір көп балалы отбасылар тар лашықтарда өмір сүруде. Балабақшалардың жетіспеушілігі пен қымбаттылығы демографиялық дамуымызға тұсау салуда. Кейбір кәрі адамдардың зейнетақысы адам түгіл, ит-мысыққа жеткіліксіз екендігі жасырын емес. Алайда, дәл сол уақытта еліміз бойынша сәнді әрі қымбатты діни ғимараттар бой көтеруде. Кіші және орта бизнес бюрократияның кесірінен сан-алуан қиыншылықтар көруде. Жер алуы оңай емес, өндірісті ашу үшін көптеген бюрократиялық кедергілер баршылық. Бірақ, діни ұйымдар үшін сондай ауыртпалықтар негізінен бейтаныс. Жастар физика, химия, математика секілді нақты пәндерден гөрі көне ертегілерді зерттеуде. Ой-өрісі тар, қабілеттер шектелген діни фанатик қанаушы таптар үшін ең қолайлы орындаушы!

Кеңес Одағындағы ойлы, ғылыми деректерге толы неше түрлі жоғары сапалы басылымдар шығарылған: “Наука и религия”, “Атеистические чтения” және тағы басқалар. Соларға ұқсайтын қазақ тіліндегі басылымдарды шығарсақ, құба-құп болар еді. Даулы, халықтар арасында жік салатын діни ұстанымдардан гөрі бүкіл әлемге ортақ нақты, ғылыми білімді насихаттағанымыз жөн. Шүкіршілік, қазақ тарихында атеисттік үрдістер жоқ емес. Мәселен, Мағжан Жұмабаевтың “Педагогика” оқулығында ырымшылдық пен діншілдікке қарсы әртүрлі дәйектер келтірілген. Ұлы ақынның осы еңбегінде былай делінген: “Дін ескі емес, адам ескі. Дін ескі емес, жаратылыс, табиғат ескі.” Тағы бір үзіндісі: “Қазақтың кейінгі буын балалары! Хайуан құлықты  надан молдалар заманында тумағаныңа қанша шүкіршілік қылсаң да аз.” Атақты тарихшымыз Нұрболат Масанов та атеист болғаны белгілі.

Ғылым мен өнеркәсіби дамыған елдерден үлгі алғаны дұрыс. Мысалы, Ұлыбританияның танымал ғалымдары – биолог Ричард Докинз пен астрофизик Стивен Хокинг атеизмді насихаттайтын бірнеше кітаптары мен телебағдарламаларын жасады. АҚШ-тың керемет ғалымы – физик Карл Саган да атеизмге елеулі үлес қосқан. Өкінішке орай, Қазақстанда атеизмге арналған кітаптар мен телебағдарламаларды шығару – қиынның қиыны.  Субъективтік әрі күмәнді монотеизм, политеизм, анимизм және басқа діни ағымдарды БАҚ-дың өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер құшақ жая қолпаштауда. Алайда, объективтік, ғылыми жетістіктерге негізделген атеизмге бөгет жасалуныда.

 

Share
Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
87 views

Leave a Reply