Әбдіжәміл Нұрпейісов. «Қан мен тер»

Әбекеңнің ғаламат эпопеясын осы сілтеме арқылы тегін жүктеп аласыз.

Сканерден өткізілген нұсқаның тарихы да қызық. 2006 жылдың желтоқсанында, Алматының орталық клиникасында біртуар жазушы емделді. Оның қолтаңбасын алуы үшін мен сол медициналық мекемеге барған едім. Автографқа арналған 1973 жылының кітабын көргенде Әбдіжәміл ата маған былай деді: «Сен осы кітапты маған бере сал. Менде «Қан мен тер»-дің ескі нұсқалары қалмапты. Оның орнына, саған романымның жаңа басылымын сыйлаймын». Әрине, ардақты ақсақалдың өтінішін мен құптадым. Айтпақшы, Әбекең әлгі басылымды көркемдеген қазақ суретшісі Николай Степанович Гаевтің (1921-2001) шығармашылық еңбегін мақтаған. Сонымен, келесі кездесуіміз жөнінде уәделестік. Бір-екі күннен кейін, тағы да аталған клиникаға ат басымды тіредім. Енді, қаламгер Нұрпейісов басқаша сөйледі: «Үйімде эпопеямның ескі нұсқасы бар екен. Мә, қолтаңбамды сенің кітабыңа қойдым». Керемет естелік үшін рақметімді айтып, үйіме қайттым. Біраздан соң кітабымды ашсам, оның мәтінінде Әбдіжәміл атамыздың қолымен жазылған түзетулерін көзім шалды. Аяулы жазушымыздың мәдениет деңгейі соншама жоғары, әлгі түзетулер қаламсаппен емес, қарындашпен енгізілген.

Жазушы Нұрпейісов аса жемісті қаламгер болмаса да, оның эпопеясы қазақ әдебиетінің ең биік шыңдарының бірі болып табылады. Кең көлемдегі хикаяларға толы кітап Түркиядағы Бірінші әлем соғысының майданынан бастап, Арал теңізінің жағалауындағы қазақ балықшыларының ауылына дейінгі өмірлік оқиғаларды суреттейді. Оның кейіпкерлері де сан-алуан әлеуметтік таптардың өкілдері ретінде қоғамның тұрмыс-тіршілігін нақтылай көрсетеді. Аңғал Судыр Ахмет бейне-бір ұлы орыс жазушысы Михаил Шолоховтың «Көтерілген тың» романының әзілқой кейіпкері Щукарь Атаның қазақи сыңары. Михаил Александровичтің «Тынық Дон» ғаламат эпопеясындағы генерал Корниловтың қаһарлы бейнесі Әбдіжәміл Кәрімұлының «Қан мен тер»-інде сомдалған адмирал Колчакпен үндестігін табуда. Қазақтың басқа эпопеяларында айтулы кемшіліктер баршылық. Мысалы, «Абай жолы»-ның өрісі тар, болмашы тұрмыс жағдайларын сағыздай созыла береді. «Көшпенділер»-дің тілі көркем әдебиеттің тұрғысынан алып қарағанда аса бай емес. Ал, Әбекеңнің бас туындысы құдіретті тілімен қатар, дана сөздерімен де ерекшеленеді. Қазіргі билігінің тоқырау нышандарын алдын-ала болжаған ғой көркем сөздің шебері Нұрпейісов: «Енді бірде көп біледі деген қариялардың өзі келешектің қамын ойлаудан гөрі кейінгі жағына жалтақтап, жастардың ілгері басар үміт-арманын бетке қағып қайырып әкеп көне заманның сүрлеуіне сала береді».

Кеңес Одағы тұсында да, бүгінгі таңда да Әбекеңнің шабытты еңбегі тиісті бағасын алған жоқ. Иә, «Қан мен тер» үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген. Алайда, қызыл империяның ең жоғары атағы – Ленин сыйлығы – оған бұйырмады. Жә, «Шаги по траве» журналист мақалалары үшін Василий Песков немесе эстрадалық әндер үшін Людмила Зыкина сынды адамдарға Ленин сыйлығы берілген. Ал, Нұрпейісов секілді ірі жазушыға бұндай құрметті атақты партократтар қимады. Бірақ, ол екі жүз томдық «Әлем әдебиетінің кітапханасы»-ның редакциялық кеңесінің соңғы тірі қалған мүшесі екендігін ұмытпауымыз керек. «Библиотека всемирной литературы» тәріздес ғаламат жинағының редакциялық кеңесіне КСРО әдебиетінің майталмандары ғана мүшелік етті. Енді, Қазақстанның қызғаншақ жетекшілері Әбекең үшін Нобель сыйлығын алуы үшін шөп басын сындырмады. Күмәнді форумдар мен конференциялар үшін халқымыздың ақшасын далаға шашады, ал қадірменді қариямыз үшін біраз қаржы-қаражатын жұмсамайды билік тізгінін ұстаған пәтшағарлар.

Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
106 views

Leave a Reply