17 views

Жандаралдың естеліктері

Қазақ арнайы қызметтеріне басшылық ететін жетекшілердің арасында Қазақ ССР КГБ-нің төрағасы Зақаш Камалиденұлы Камалиденовтың (1936-2017) есімі оқырман қауымына да бейтаныс емес. 2010 жылы жарық көрген Зәкеңнің “Өмір жолдары” естеліктерінен біршама үзінділерді талдап, келтіргім келеді.

Ақын Шахановпен тығыз байланысын мойындап, кәрі гебист кітаптың 79 бетінде былай жазады: “Мен кейінгі жылдары да қолдан келгенше Мұхтарға көмектесе жүрдім. Евгений Александрович Евтушенкомен таныстырып, екеуіне Шымкент облысына баруды ұйымдастырдым”.

Жан түршіктіретін қылмыс туралы да қарт офицер өзінше баяндайды. Естеліктерінің 94 бетінде КСРО КГБ-нің төрағасының бірінші орынбасары, армия генералы Семен Кузьмич Цвигунның мезгілсіз ажалы туралы осылай жазылған: “Кейін ол өзін-өзі атып өлтірді деген суық хабарға ешкім сенген жоқ”. Ал, 96 бетінде КСРО ішкі істер министрі Борис Карлович Пугоның суицидына да күмәндана қарады жандарал-майыр: “Содан кейін суық хабар естідік. “Әуелі әйелін, сосын өзін-өзі атып өлтіріпті”. Кім оған сенеді?”

148 бетіне сәйкес, Алматыдағы 1986 жылдың желтоқсан оқиғасының шамамен бір ай бұрын мәскеуліктер Зәкеңе қолқа салыпты-мыс: “Біз Сізді Қонаевтың орынына ұсынайық деп отырмыз, қалай қарайсыңыз?” Мұндай ұсыныс болады деп ойламаған мен қатты абыржыдым. Сол бойда өзімнің келісімімді бере алмайтынымды айттым. Біріншіден, денсаулығым көтермейді. Оның үстіне Димаш Ахметович өте беделді кісі. Ондай деңгейде жұмыс жасау менің қолымнан келмейді”. Желтоқсан оқиғасын одан әрі таразылап, 152 бетінде жандарал үлкен саясаттың астыртын мәнісін әшкерелеуге тырысады: “Әрине, Горбачевтің басты жоспары Қазақстанды тұқырту емес еді. Оның жымысқы мақсаты – коммунистік жүйені ыдыратып, Советтер Одағын тарату еді”.

Ұлтаралық мәселе бойынша Н.Ә. Назарбаев Г.В. Колбинның ізбасары деуге болады. Мысалы,  165 бетінде Камалиденов мырза Колбинмен алауыздығын сипаттайды: “Мы с ним крепко спорили, я не соглашался с его мнением о создании 2-х палат в Верховном Совете республики: 1) республиканская палата, 2) палата национальностей”. Қазақстанның федерализациясына  жол ашқан Назарбаевтың “Қазақстан халқының Асссамблеясы” баяғы Колбинның ұсынысының жемісі емес пе? 166 бетінде, әлгі Ассамблеяның белсенді мүшелерінің бірі, ғалымсымақ Надир Надиров туралы былай дейді жандарал: “Работая директором Гурьевского института химии и природных солей допускал приписки на 99,6 миллионов рублей, получал премии. Работая Главным ученым секретарем Академии наук Казахской ССР в Алма-Ате продолжал одновременно занимать пост директора Гурьевского института. За свою деятельность дважды исключался из рядов КПСС. Как академик, как ученый не имеет авторитета, нечистоплотный в личном плане”.

Әлем тарихына қатысы бар қызық деректерді келтіреді жандарал-майыр. Мәселен, 265 бетінде аты-шулы гебист Андроповтың кішіпейілдігі жайында оның серіктесі Владимир Крючковтың әңгімесін тілге тиек етеді Зәкең: “В один из зимних вечеров Юрий Владимирович попросил Крючкова достать 200 грамм малины, не больше, для лечения от простуды. Крючков позвонил в Ташкент: наши товарищи прислали самолетом 2 килограмма. Постеснялся занести всю банку: перелил 200 граммов в маленькую банку и отнес Андропову. Он поблагодарил узбекских товарищей и сказал, чтобы Крючков почтой перечислил стоимость 200 граммов малины из его зарплаты. Крючков говорит, был поражен чистоплотностью Юрия Владимировича”.

Әлбетте, айтқаннан гөрі айтылмағаны көп жандарал Камалиденов биыл дүниеден озды.

Share
Likes(1)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email

Leave a Reply