Жақан Сыздықов. “Әлі қарттың әңгімесі”

Ашаршылық туралы көркем әдебиетіміздегі ең күшті шығармалардың бірі – ақын Жақан Сыздықовтың (1901-1977) дастаны “Әлі қарттың әңгімесі”. Қамзабекұлы Дихан. Омбының Алаш дәптері: Өлең-жырлар. – Алматы: Жазушы, 2013. кітабының 77-107 беттерінде жарияланған дастанның нұсқасын оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз. Оның цифрланған көшірмесі осы сілтемеден алынған, бірақ ғаламторда осы қасіретті дастан бөлек түрде тұңғыш рет жарық көреді. Өз басым, дастан туралы алғаш рет тарихшымыз Кәрішал Асан Атаның “Призрак независимости” зерттеуінен біліп алдым.

І

Ел ішінде сыр да көп,
Сыры терең жыр да көп.
Соның бірін жырлайын,

Ауыл қарты Әлінің,

Көпті көрген кәрінің,

Әңгімесін тыңдайын.
Жалтыр аяз қыс өтті,
Нелер қиын іс өтті,
Шамам келсе сырлайын.

Ауыл қарты Әлі еді,

Әңгімешіл кәрі еді,

Ағызатын тіл майын.
Болғанына бұл істің,
Үлкен қиын жұмыстан,
Сегіз жылдан аспады.

Күн артынан түн қуып,

Жыл артынан жыл қуып,

Сегіз аяқ басқаны.
Кешегі аштық болғанда,
Адам жүзі солғанда,
Кімдер асып-саспады.

Есі кетіп жаңылып,

Сапырылып сабылып,

Кімдер аяқ баспады.
Жұртқа салып ылаңын,
Ойнатып жиын боранын,
Кімге заһарын шашпады.

Талайлары арандап,

Сұрқия аштық жалаңдап,
Кімге аранын ашпады.
Осылай деп Әлі қарт,
Әңгімешіл кәрі қарт,
Бір серпіліп тастады.

Біресе қызып толғанып,

Біресе бұзып мұңданып,

Әңгімені бастады.

ІІ

Күндер мынау өткені,
Жеті-ақ жыл ғой өткелі,
Аштық дәмін таттық қой.

Қолдағы үйір жылқының,

Құрып қалғыр тұқымын,

Тілім нанға саттық қой.
Әл дегенің кем болды,
Итке, құсқа жем болды,
Сары далада жаттық қой.

Қолды созып бергенде,

Тілім нанды көргенде,

Отты көзбен аттық қой.
Көздің жасы көл болып,
Соғылысып сең болып,
Айдалада қаңғырды.

Талықсып жүрек үзілді,

Бір жапырақ қызылды,

Неше күндей нәр қылды.

Буын босап әл кетіп,
Әлмен бірге жан кетіп,
Еңіредік зар қылды.

Күндер зулай өтті ғой,

Өтті бәрі кетті ғой,

Сонда есімде қалыпты.
Өліп жатып қыбырлап,
Жан береді жыбырлап,
Біреулері талыпты.

Кейбіреуі мұңайып,

Аш жүрегі қарайып,

Біреуі естен таныпты.
Бірі құлап бұралып,
Бірі боздап жыланып,
Біреуі өліп қалыпты.

Жұрттың бәрі қаңғырып,

Қан сасытып мал қырып,

Күйзелді де тарықты.
Құрбан қылды бұл аштық,
Жалаңдаған сұм аштық,
Нелер қыршын алыпты.

Күңіреніп сары бел,

Үмытпайды біздің ел,

Аштық жылы мешінде.
Мешін салып қармағын,
Жалап-жұтып жан-жағын,
Талай өмір кесілді.

Арқадағы бауырға,

Мешін жылы ауылға,

Ойнатты талай кесірді.
Мұны да енді тастайын,
Енді әңгіме бастайын,
Ашаршылық салдарын.

Жалғыз ғана жан үшін,

Бір тілімдей нан үшін,

Шұбыртты талай жандарын.

Әйел-еркек бәрі де,
Бала-шаға кәрі де,
Арқаның талай шалдарын.

Түйір бидай, тілім нан,

Келгендей-ақ Қырымнан,

Бір әйелге құн болды.
Бала айырылып атадан,
Қыз айырылып анадан,
Таңқаларлық күн болды.

Аштықтан бел иіліп,

Аш қолқасы қиылып,

Қарға адым жер мұң болды.
Шортан салып қарағай,
Алды-артына қарамай,
Аштық бейне жын болды.

Аштыққа толып анбары,

Аман шығып жандары,

Бай тапқаны бұл болды.
Үйде отырып еріккен,
Ермегі жоқ желіккен,
Талайына сын болды.

Әуе айналып түскендей,

Жердің үсті көшкендей,

Мешін сондай жыл болды.

ІІІ

Талай қоныс ауысты,
Ішіп жемін тауысты,
Аз ғана хорек қарасын.

Талайы елдің безді ғой,

Аң секілді кезді ғой,

Қалың орман арасын.
Мешін жыры ауыр жыр,
Мешін жылы ауыр жыл,
Өзің естен танасың.

Құлниязда Сағымбай,

Жейтін қорек таба алмай,

Ертіп шықты баласын.
Баласы Әділ екіде,
Толған сонда екіге,
Жұдырықтай қарасын.

Баланың аты – Әділ ед,

Шешенің аты – Жаңыл ед,

Сағымбай бастап келеді.
Жүректері үзіліп,
Аш көздері сүзіліп,
Ақырын ілбіп жүреді.

Аш көзінің тынары,

Ойлағаны құмары,
Тамақ табар жер еді
Есі танып, ойды алып,
Әлі кетіп бойды алып,
Аштық ажал бойды алып.

Жайды жұлып тұлымын,

Бетінен сүйіп құлынын,

Көтерді Жаңыл баланы.
Меңіреу жазық сардала,
Сардала аштық айнала,
Асты қайдан табады.

Екі көзін жас тіліп,

Екі аяғын тас тіліп,

Болдырады табаны.
Дөңес-дөңес сары бел,
Ішін тартып дүлей жел,
Бетке аямай соғады.

Сасып, құрттап шіріген,

Жидіп, борсып іріген,

Өлімтік болды тамағы.
Безіп туған бауырдан,
Тамақ үшін ауылдан,
Сағымбай кезді даланы.

ІV

Жазық дала тұп-тұйық,
Тұйық сыры тұңғиық,
Сырын білер жан да жоқ.

Көшті-қонды елде жоқ,

Нулы шалқар көлде жоқ,

Қымырлаған елде жоқ.
Ылди да жоқ, қыр да жоқ,
Қою орман шың да жоқ,
Өрмелей біткен жалда жоқ.

Бетті осып тіледі,

Мазақ қылып күледі,

Жынды желде ар да жоқ.
Жазылып жатқан сардала,
Аштық өмір қан дала,
Пана қылар жарда жоқ.

Ық үкісі шайқалған,

Жапырағы жайқалған,

Ағаш та жоқ, тал да жоқ.
Әлде сыбыры берік пе?
Әлде қанға жерік пе?
Шөптің басы тербелет.

Екі сорлы аяңдап,

Шаршағандай аялдап,

Әлі бітіп сенделед.
Жалғыз-ақ бүркіт аспанда,
Қалықтап ұшып аспанға,
Шырқайды ұзап дөңгелеп.

Өлімтік көзін ойған ба?

Әлде қанға тойған ба?

Бүркіттің сырын кім білер.
Алғыр бүркіт қомданып,
Сегіз тұяқ сомданып,
Ызаланып долданып.

Шалықтап ұшып барады,

Суылдайды құдиып,

Жұлдыздай боп ағады.

Әлде көзді ояды,
Әлде қанға тояды,
Біреуді әлде жарады.

Зулап өтті қасынан,

Зуылдап өтті басынан,
Бүркітті көзі шалады.
Жүруге енді әлі жоқ,
Тартты ішіне қаны жоқ,
Сағымбай талып барады.

Жанды қолдан бергендей,

Осы бір аштық жеңгендей,

Бұлдырап көздің жанары.
Жолдасым деп егіліп,
Қабырғасы сөгіліп,
Жаңылдың жасы тамады.

Жақын қалған асуға,

Ілгері аяқ басуға,

Қуат жоқ әлі келмеді.
Алтын бесік ауылым,
Құрбы-құрдас бауырым,
Қош бол, қайран елім, деп.

Бір көгерді, бір жанды,

Бір сөйледі, бір танды,

Ербеңдеп қолды сермеді.
Біресе сүйіп Жаңылын,
Біресе төсеп бауырын,
Бұралтып аштық меңдеді.

Әділім менің, құлыным,

Құлыншағым жұлыным,

Аман бол енді сен деді.
Жамылыш жоқ, кебін жоқ,
Ит пен құстың жемі боп,
Өлдім енді мен деді.

Енді жесір қала ма?

Мидай жазық далада,

Жаңыл еңіреп жылады.

Біресе жанып зырлады,
Біресе басын сүйеді,
Басқа дәрмен қалмады.

Қалғаның ба, далада,

Кім қолғанат балаға,

Жолдасым деп сарнады.
Бір мезгілде Сағымбай,
Басқа лажы табылмай,
Жаңылға төніп қарады.

Өзгеріліп қарауы,

Қусырылып танауы,

Көтеріп басын алады.
Көгеріп дене бұзылып,
Кезеріп ерін сүзіліп,
Есеңгіреп қалады.

Жан таласқан ашуға,

Аштық зарын басуға,

Өзінше амал табады.
Қимаса да амал жоқ,
Сонан басқа табар жоқ,
Жемек болды баланы.

V

Аштық ажал кебін ғой,
Аштық ессіз жебір ғой,
Шыдатпады сабырға.

Буынды алып дірілдеп,

Әлде нені күбірлеп,

У жайылды тамырға.
Аударылып баста ми,
Туғандай-ақ басқа күй,
Айналды заман тарында.

Көңілі жеуге кеткенін,

Сондай халге жеткенін,

Сағымбай айтты Жаңылға.

Таршылықты бір көрген,
Шалғай қара күн көрген,
Шын жолдасым сен едің.

Жастан ойнап күліскен,

Сырды түйіп біліскен,

Сағынбайың мен едім.
Тірі жүрсек екеуіміз,
Ойға алғанға жетерміз,
Кем болмаспыз деп едім.

Ауыр күнге жеттік біз,

Қармағына іліктік біз,

Аштық ажал кеменің.
Қимасақ та заман жоқ,
Қимайтұғын амал жоқ,
Әділді енді жер едім.

Әл кеткенше қарманып,

Айдалада сандалып,

Тарылтты аштық үнімді.
Мұндай күйге түсірді.
Көзден пыр-пыр ұшырды,
Тамағы тоқ күнімді.

Тұлабойдан сұрды алып,

Сұрмен бірге қырды алып,

Кетірді мынау сынымды.
Аяқ пен қол ісінді,
У ішкендей қысылып,
Әкетті аштық буынды.

Жаңылым менің жолдасым,

Таршылықта сырласым,

Көресің қалай мұнымды.

Зорланғандай гуілдеп,
Ішін тартып уілдеп,
Далада жел еседі.

Құлаққа тиген суық сөз,

Шын сұмдыққа жуық сөз,

Жүректі тіліп теседі
Сықылықтап жел күліп,
Жел мен сары бел күліп,
«Жейді» болды өсегі.

Аспанда күн шалықтап,

Күннің көзі қанталап,

Ақырын жылжып көшеді.
Өмір ұзақ қиыр ғой,
Өмір жолы қиын ғой,
Өмір бастан кешеді.

Аяз қаққан жалтыр мұз,

Мұздай беті жалтыр сыз,

Өмірдің ауыр төсегі.
Түпсіз шыңырау тар өмір,
Мұңды, қайғы зар өмір,
Сол төсегін төседі.

Жасы толып көзіне,

Сағымбайдың сөзіне,

Жаңыл талып түседі.
Айырылып енді күшінен,
Жаңыл танды есінен,
Қабырғасы сөгілді.

Ішін тартып толғана,

Мұңды болған сорлы ана,

Көзден жасы егілді.
Біресе талып құлады,
Біресе бітіп құлағы,
Сай сүйегін кемірді.

Біресе қимай құлынын,

Жайып тастап тұлымын,

Біресе жерді тебінді.
Айтпаған сөз қалмады,
Біресе күйіп қарғады,
Ашаршылық өмірді.

Ішін өртеп барады,

Біресе естен танады.
Біресе жерге ұрды бас,
Қиналды жан ыстық жас,
Атты көзден төгілді.

Құлағы керең ұқпаған,

Осындайда шықпаған,

Шіркін жан да себіл-ді.
Сағымбайда қосыла,
Бетін тіліп жосыла,
Екеуі бірдей зарлады.

Тасқолқасы қиылып,

Түйдек-түйдек түйіліп,

Көзден жасы парлады.
Мұңды болған сорлы ана,
Бүйірін басып толғана,
Еңірене боздап сарнады.

VІІ

Тар құрсағым кеңіткен,
Тас емшегім жібіткен,
Әділтай, ботам, құлыным,

Бақалшағым майысқан,

Омыртқа, белім қайысқан,

Өкпе-бауыр, жұлыным.
Аспандағы жұлдызым,
Маңдайдағы құндызым,
Басқа біткен тұлымым.

Аяладым тербетіп,

Жігіт болып ер жетіп,

Өскеніңді көрмедім.
Жүрегіме от болып,
Жана түсіп шоқ болып,
Шамдай болып сөнгенің.

Сен дегенде қуанып,

Аштық аран жеңгенше,

Сені қолдан жегенше,
Артық еді өлгенім.

Қарашығым, ермегім,

Қолғанатым, еңбегім,

Күнім, айым, жарығым.
Алдымдағы шынарым,
Бауырымдағы құмарым,
Бойымдағы қаруым.

Емшек енді су алды,

Зар жақ енді қуарды,

Құлыншағым, Әділім.
Тұншықтырып қан басып,
Еңіреумен зар басып,
Үзілді ме жүрегім.

Желкілдеген зар ботам,

Ойнақтаған бал ботам,

Кеткенің бе тірегім.
Жалғызым менің, жан саям,
Ата-анаңа бал саям,
Болмады ма, тілегім.

Кемсеңдетіп иекті,

Шырқыратып сүйекті,

Сынғаныма білегім.
Зарлады солай сол ана,
Зарлады солай толғана,
Әділге бірақ тимеді.

Көкірегі шер болып,

Көздің жасы көл болып,

Тие алмады қимады.
Біресе талып Сағымбай,
Жейтін тамақ табылмай,
Жаңылды бұ да қинады.

Өкпе ауызға тығылып,

Есі кетіп жығылып,

Үйірілді иманы.

Оны еститін дала жоқ,
Сарнағанмен шара жоқ,
Жаңыл есін жыяды.

Дара мылқау үні жоқ,

Үндер еді тілі жоқ,

Не қылсын ол зарыңды.
Бұлдыр сағым бұлдырап,
Буалдырлап, тұнжырап,
Долданды жел қағынды.

Жердің бетін тербеді,

Долы желдің ермегі,

Екеуі болып табылды.
Сарнаған соң майысып,
Бақалшағы қайысып,
Сағымбай сүйді Жаңылды.

VІІІ

Қарағым, Жаңыл, жылама!
Жылағанмен бола ма!
Көтер жерден басыңды.

Бұл болмайтын ауыр күй,

Шын пәлекет жауыз күй,

Төкпе, Жаңыл, жасыңды.
Ішім күйіп жанады,
Айналдырып барады,
Зырқырап миым басымда.

Күн күркіреп жалтылдап,

Нажағайы жалтылдап,

Түсіргендей жасынды.
Жапан түзде өлеміз,
Жанды қолдан береміз,
Таппасақ біз тәсілді.

Баланы жеп тояйық,

Аштық уын жояйық,

Жарты етін қақтап алармыз.

Көп ойланбай мұңайып,
Етке тойып тыңайып,
Тоқшылық елге барармыз.

Болмаса кесір бағыма,

Аман болсақ тағы да,

Ұл да, қыз да табармыз.
Жұмбақ болып жер жұтып,
Бір күндей болмай ұмытып,
Мұныдағы қалармыз.

Таршылық қысып жанымды,

Дел-сал қылып тәнімді,

Құрып тұр менің амалым.
Жұлын тұтам сурылып,
Ішім менің қурылып,
Қуаң тартты ажарым.

Сұрқия, жалған өмірдің,

Өмір емес жебірдің,

Екеуіміз тарттық азабын.
Түнеріп бізге әрекет,
Аштық қара пәлекет,
Үйретті бізге сабағын.

Аштық нәлет тас жүрек,

Қарабасқыр қас жүрек,

Түйді бізге қабағын.
Долдана келген лепіре,
Түйіле келген бетіне,
Не айланы табамын.

Мынау салқын долы жел,

Анау жазық сары бел,

Кімге мұңды шағамын.
Сардалада пейіл жоқ,
Салқын желде мейір жоқ,
Енді қайда барамын.

Бұлдырап сағым өттің бе!

Дәуренім менің кеттің бе!

Қайран дүние, заманым.

ІХ

Баланы жеу ауыр ғой,
Бала – жүрек, бауыр ғой,
Бала – ананың тынысы.

Бала – ананың қолқасы,

Қолқаның жан ортасы,

Бала – атаның ырысы.
Бала – бөбек, бал бөбек,
Бал бөбегі – жан бөбек,
Бала – жүрек жемісі.

Уыз бетті тас түлек,

Шырқыраған жас түлек,

Бала ананың өрісі.
Бала бауыр, бал бауыр,
Баласыз ана зар бауыр,
Бала ананың қанаты.

Тас емшегі иетін,

Мейірлене сүйетін,

Құлыншағы серкесі.
Бала-алма, бал-алма,
Бал тамшылар, қан алма,
Желкілдеген құрағы.

Баласыз ана – зар ана,

Балалы ана – бал ана,

Мейір қанар бұлағы.
Сол баланы қия алмай,
Солқылдап жасын тия алмай,
Тағы да Жаңыл құлады.

Х

Құлағанмен не шара,

Талды тағы аз ғана,

Ойланды біраз не дейін.
Ойға түсті ойланды,
Күрсінді Жаңыл толғанды,
Қайырын енді күтейін.

Жар жолдасым жесең же,

Жегізгенше көзімше,

Алыстап арман өтейін.
Боздағанмен қарғанып,
Еңірегенмен зарланып,
Аштан қалай өледі.

Сүйіп-сүйіп алады,

Алдына қойып баланы,

Жеуге енді береді.
Біресе жүрек қабынып,
Біресе толқып жаңылып,
Біресе қайтып келеді.

Жемейін деп біресе,

Көрмеймін деп біресе,

Арман қарай жүреді.
Тұла бойы жыбырлап,
Төбе шашы шымырлап,
Жүрегін бала тіледі.

Мейірсіз аштық батылы,

Аударылып ақылы,

Біресе Жаңыл сасады.
Тағы келіп баланы,
Сүйіп-сүйіп алады,
Бауырына басады.

Жынданғандай күбірлеп,

Сұп-сұр болып дірілдеп,

Біресе өңі қашады.
«Құлыным» деп Әділін,
Санай басып адымын,
Асудан Жаңыл асады.

Асудан арман өтерде,

Ойға түсіп кетеді,

Әлсін-әлсін қарады.
Ащы қайғы ойды алып,
Ауыр қапа бойды алып,
Зарды шырқап салады.

Біресе тұрып жығылып,

Тізесін бүгіп сүрініп,

Буынды алып балады.
Біресе басып ілгері,
Біресе кейін жүреді,
Біресе артқа қарады.

Бір шақырымдай кеткенде,

Асудан төмен өткенде,

Жоқтады Жаңыл баланы.
Тас емшегім құрысын,
Тастай болып суалған,
Жүрегім менің құрысын,
Сен туғанда қуанған.
Көңілім менің құрысын,
Әділім деп уанған,
Жағым менің құрысын,
Түгі шығып қуарған.
Көзім менің құрысын,
Сені көріп нұр жанған,
Ендігі күнім құрысын,
Әуре қылған сұм жалған.

ХІ

Көкірек жарған мұң менен,
Зарлы дауыс үн менен,
Талықсып Жаңыл келеді.

Дауыс қылмай тұрар ма,

Дәті оның шыдар ма,

Айырылған соң бөбегі.
Кейде толқып кетеді,
Күңіренгенде етегі,
Толғандай жас төгеді.
Буылып оның алқымы,
Әділ жаны алтыны.
Қабырғасын сөгеді.
Нешелер аштық болғанен

Аштық жары солғанмен.
Мұндай болар демеді.
Бір мезгіл де қараса,
Аң-таң болып тамаша
Қарайған нәрсе көреді.
Қос көрініп келе ме,
Қарайған әл де төбе ме?
Әлде жалғыз оба ма?
Әлде жолдың соңы ма,
Әлде құстың шоры ма?
Яә, болмаса мола ма?
Көшіп кеткен сабыла,
Жалғыз қалған адыра,
Не болмаса қора ма?
Әлде қандай биікпе,
Не өртенген күйікпе?
Әлде неме бола ма?
Адам ба екен, аң ба екен,
Аң боп тұрған шаң ба екен?
Әлде бір түп қоға ма?
Анандайдан көрінді,
Жаңыл көңіл білінді,
«Немене» деп қарады,
Не болса да көрейін,
Жетіп барып өлейін,
Деп көңіліне алады,
Тезірек басып барады,
Не қылғанмен қараны,
Көңілге медеу санайды,
Қарайғанға жетуге,
Болмаса біліп кетуге.
Аяғын жылдам басады.
Ентелей басып ілгері,
Алқына келіп жүреді.
Арман қарай асады.

Жас төгіліп қойынға,
Әлде не деп ойында,
Біресе көңіл тасады.
Бір мезгілде сыланып,
Өңі кетіп қуарып,
Біресе түсі қашады.
Біресе ойлап баласын
Көздің ақ пен қарасын.
Біресе Жаңыл сасады.

ХІІ

Міне, қызық, тамаша,
Жақын келіп қараса,
Көреді үлкен бүркітті.
Қонып отыр арбиып,
Саусағы оның тарбиып,
Бүркітті қолмен үркітті.
Ұшты бүркіт зуылдап,
Бел қанаты суылдап,
Аспанға өрлеп барады.
Қанатты жайды керіле,
Бүркіттің ұшқан жеріне
Жаңыл келіп қарады.
Бүркіт қыран ақиық,
Ақ иық ілген далиып,
Ойнақшыл киік дала аңын.
Киікті Жаңыл көргенде,
«Немене?» деп төнгенде,
Еске түсті манағы,
Не қыларын біле алмай,
Не жылап, не күле аламай,
Жаңыл аң-таң қалады.

Әл кірді бойға қуанды,
Сұм жүрегі жұбанды,
Табылған соң тамағы.
Көргеннен соң киікті,
Әзер есін жиыпты,
Ашылғандай қабағы.
Бір мезгілде ойланад,
Ой, түсіп толғанат,
Жедіме деп баланы.
Арқаның аңы ор киік,
Бөрте ешкідей зор киік,
Олжа болып табылды.
Тегін олжа даяр ас,
Біресе қайғы аралас,
Жаңыл ойға салынды.
Жеп қойды ма Әділді,
Жеген шығар жанымды,
Деп жүрегі қабынды.
Түрлі қиял дерт болып,
Дерт емес-ау өрт болып,
Сандалтты енді Жаңылды.
Жаңыл енді ойлады,
Ойлап қана қоймады,
Көңілі ойға жүгірді,
Бір мезгіл ойға салады,
Біресе жүрек жанады,
Біресе көңіл суынды.

Киіктің төніп үстіне,
Аналық мейір түскенде,
Жүрегі күйіп тілінді.
Әлде неме тигендей,
Зар-зардабы сүйгендей,
Сақылдап жағын суырды.
Көп тұрмайын деді де,
Баланы әлде жеді ме,
Алып ұшты жеді ме,

Бала етіне тоймаса,
Сағымбай жеп қоймаса,
Ендігі Жаңыл тілегі.
Қысып аштық тамағы,
Шырылдатып баланы,
Жеді ме кім біледі.
Әлде нені білем деп,
Әлде неге елеңдеп,
Құлағын жерге тігеді.
Не болса да байқайын,
Сағымбайға айтайын,
Деді де кейін жүреді.
Жерге тимей аяғы,
Жүріске салып баяғы,
Жаңыл кейін жүгірді,
Баяғы жүріс жүріс пе,
Баяғы тыныс тыныс па,
Етек-жеңін түрінді.

Екпінді жүріс желінен,
Екпіндеткен лебінен,
Бір тұрып бір жығылды.
Жүген жолын жаңылып,
Жүрегі күйіп қабынып,
Өкпе ауызға тығылды.
Жүгіре басып келеді,
Бір мезгілде көреді,
Сағымбайдың қарасын.
Көрінді қара жылт етіп,
Ойға түсті кілт етіп,
Не болды деп баласын.
Құлашты керіп ғарышап,
Бұлғады қолды дауыстап,
Жаңғыртты жапан даласын.
Отыр еді Сағымбай,
Басқа лажы табылмай,
Баланы салып алдына,
Естіген соң дауысты,
Зәре үстіне зәре ұшты,
Бірдеме болып қалды ма?
Сағымбай тағы ойлады,
Ойлағаны тойғаны,
Бірдеме тауып алды ма?
Асудан арман ел көріп,
Елді емес-ау, көл көріп,
Әлде соған барды ма?

Неге мұнша жүгіред,
Не елеңдеп еліред,
Әлде естен танды ма?

ХІІІ

Дауыстан дауыс асыра,
Келіп қалды қасына,
Отыра кетті жанына,
Бір тамаша көрдім мен,
Соны айтқалы келдім мен.
Әділ жанның бағына.
Арып-шаршап болдырып,
Аштықтан енді жеңдіріп,
Өз-өзіңнен налыма…
Екі иықтан деп алып,
Неге мұнша қуанып,
Нені көрдің Жаңылжан?
Аштық алған бойымды,
Жаңылдырған ойымды,
Менің жаным жарым-жан.
Неге ашылды қабағың,
Нені көрдің қарағым,
Алдымызда ел ме екен.
Мөлдіреген суы бар,
Жан сүйінтер буы бар.
Балығы мол көл ме екен.
Сылдыраған бұлағы,
Жайқалып тұрған құрағы,
Құлпырған бұл…. жер ме екен?

Сағымбай-ау, бір емес,
Бұл бір қызық жыр кеңес,
Жыр емей енді неме?
Шын еңбектің жанғаны,
Әділдің аман қалғаны,
Бақ мұндай боп келе ме?
Қанғандай боп бұлақтан,
Әліңді жи қуаттан,
Енді аштықты елеме.
Арман қарай өтейік,
Күшті жиіп жетейік,
Анау тұрған төбеге.
Әлді жиіп берілмей,
Төбеге шығып ерінбей,
Көтерейік иықты.
Төбе шықсаң көресің,
Жаралаған денесін,
Теңкиіп жатқан киікті.
Мана екеуміз сасқанда,
Шырқырап жүрген аспанда,
Бүркіт барып іліпті.
Даланың еркін еркесін,
Нақ тұсынан желкесін,
Қансыратып қиыпты.
Шыға келсем төбеге,
Қалған ба деп «немене»
Дедім дағы бардым ғой,

Не өледі сені деп,
Не Әділді жеді деп,
Мен дағы естен тандым ғой.
Өзімді-өзім тия алмай,
Әділді, сені қия алмай.
Зарды шырқап салдым ғой.
Салып жетіп барғанда,
Сарнап айқай салғанда,
Бүркіт ұшты аспанға,
Қалмайды екен…. ес,
Болмайды екен…. ес
Адам шындап сасқанда.
Іштен зарды қозғадым,
Құлыным деп боздадым,
Дірілдеп буын басқанда.

Барсам жатыр сол киік,
Етбетінен теңкиіп,
Соған енді барайық.
Арман қарай кетуге,
Тоқшылық елге жетуге,
Азық қылып алайық.

Әділ де аман, сен де аман,
Сорлы болған мен де аман,
Елді барып табайық.
Ас десе ес қала ма,
Бір қарады балаға,
Қуанып сүйді оң бетін,

Құлыншағым Әділ деп,
Арыстаным жаным деп,
Бір есе сүйді сол бетін.
Масаттанып гуілдей,
Гу-гу етіп уілдей,
Желде сүйді жер бетін.
Киік еті дегенде,
Қан жүгіріп денеге,
Өзгертті шырай келбетін.
Аман қалған бала олжа,
Тірі қалған жан олжа,
Табылған киік және олжа.
Олжаға батып қуанды,
Екі сорлы жұбанды,
Қуанғаны бәр олжа.
Енді олжаға кенелді,
Екеуіне не керек,
Мұнан басқа тағы олжа.
Сағымбай айтты Жаңылға,
Енді дереу шағында,
Жетейік барып киікке.

Ас деген соң әл кірді,
Шырай бітіп, жан кірді,
Шығайық енді биікке.
Енді ойланып қамығып,
Шаршамайық жабығып,
Салынбайық күйікке.

Буыны енді бекіді,
Толғандай кем-кетігі,
Екеуі де қуанды.

Ілбіп басып адымын,
Жаңыл сүйіп Әділін,
Бауырға басып жұбанды,
Балада көріп анасын,
Аймалап еміп мамасын,
Жас жүрегі жұбанды.
Кіиікке барып жетуге,
Жүрекке нәр етуге,
Сағымбай да тырбанды.
Қуаныш көңіл сенеді,
Екеуі жүріп келеді,
Құтылдық деп ажалдан.
Бетіне жар рең кірді,
Рең емес-ау өң кірді,
Қу жағына сазарған,
Ажалдан қалған сорлы ана,
Зар иелген шерлі ана,
Көтеріп келед баланы.
Талайды солай шұбыртты,
Аластырды қыдыртты,
Мешіннің ауыр лаңы.
Әуреледі дал қылды,
Мазақтады даң қылды,
Аштықтың жын араны.

Жаннан күдер үзді ғой,
Сағымбай, Жаңыл кезді ғой,
Кедір-бұдыр даланы.
Бір асуға барғанда,
Жақындап келіп қалғанда,
Көрсетті Жаңыл қараны.
Едәуірдей жер екен,
«Әне» деуі-ақ мұң екен,
Киікке келіп қалады.
Қаужаңдады қарманып,
Тамаша деп тамсанып,
Олай-бұлай қарады.
Жемей жатып киікті,
Шығарды іштен күйікті,
Уайымы енді тарады.
Жұлып алып қоң етін,
Бұлтылдаған жон етін,
Ауызға салып қалады.
Әбден тойып етіне,
Қан тарады бетіне,
Біразын жолға алады.
Әл келгенше аялдап,
Арада үш күн жаяулап,
Тоқшылық елге барады.
Табан ақы күшімен,
Еңбектеніп ісімен,
Күншілік тамақ табады.

Қомағай аштық жынынан,
Талай өткел жымынан,
Сөйтіп аман қалады.
Бір жыл тұрды сол елде,
Еті-наны мол елде,
Күн-түн кәсіп етеді.
Бір тойынып қалады,
Бір күн тапқан тамағы,
Екеуіне жетеді.
Мешін жылы кеткен соң,
Аштық күні өткен соң,
Елге қайтты екеуі.
Елге келіп кірісті,
Бұрқылдатып жұмысты,
Еңбегі болды өнімді.
Үкімет ашқа бұйырған,
Қарыз алып ұйымнан,
Сағымбай салды егінді.
Басқаға енді жалынбай,
Ер жүректі Сағынбай,
Тепсе үзеді темірді.
Жігерленіп ісіне,
Өзінің сеніп күшіне,
«Алдым ба?» деді кегімді.
Қазынаның қорымен,
Советтің шын жолымен
Оқуға кірді баласы.

Айта берсең толған іс,
Осының бәрі болған іс.
Сегіз ақ жыл арасы.
Табылды деген есебі,
Байдың мылжың өсегі,
Текке қалды табасы.
Сағымбай нені көрмеді,
Үдей салып еңбегі,
Он беске толды қарасы.
Әділді былтыр көргенде,
Оқудан қайтып келгенде,
Танымай қалды түрінен.
Ширатылып нақыл қып,
Айтқанында ақыл қып,
Бал тамады тілінен.
Қызғалдақтай гүлденіп,
Пүліштей боп түрленіп,
Жастар енді өседі.
Жастың бойы есейіп,
Жұртшылығы күшейіп,
Елдің мұңын шешеді.
Октәбір он жыл тойына,
Ойлағандай ойына,
Осы әңгіме түседі.
Өйткені биыл Әділдің,
Октәбірмен шамалас,
Он жасқа толған мүшелі.

Қолында еңбек ойнады,
Төгілді қолдан оймағы,
Жаңыл да болды түтінді.
Бүгін жыртып салса да,
Шөпті қамдап алса да,
Жұрттан бұрын күтінді.
Шаруасы теңеліп,
Көсегесі көгеріп,
Не пәледен құтылды.
Осылай деп әлгі қарт,
Көпті көрген кәрі қарт,
Әңгімесін бітірді.

Сыздықұлы Жақаннан
19.01.1933 ж.

Share
Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
16 views

Leave a Reply