Тілеуі қуатты нұрлы журналис еді

2021 жылдың 19 ақпанында, Алматы қаласында танымал тележүргізуші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлымен (1952-2021) қоштасу рәсімі өтті. Қаралы жиынға қатысушылардың арасында бірнеше белгілі адамдар болды: Қазақстан Республикасының халық әртісі Досхан Жолжақсынов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары жерлесім Ержан Бабақұмаров (екеуміз де Талдықорған маңайындағы Қарабұлақ елді мекенінде дүниеге келдік), танымал журналис Серік Жанболат және тағы басқалар. Ерте кеткен ағамыздың қасіретті ажалы ғажайып әзірбайжан әншісі Мүслім Магомаевтың (1942-2008) мезгілсіз қазасын елестетуде, өйткені екеуі де  өз қандастарының мақтанышына айналған көрнекті ер-азаматтар болып табылады.

Нұртілеу Иманғалиұлының асы.

Марқұм журналис – сегіз қырлы, бір сырлы кәсіби адам еді. Жігіттің сұлтаны Нұрекең жас кезінде бокспен шұғылданды. Мүмкін, оның “Бай, қуатты болайық!” нық айтылған нақыл сөзінің пайда болуына қайсарлы жекпе-жектер де түрткі етті. Талай рет ресми телебағдарламалардың жүргізушісі болса да, дардай мемлекеттік телерадио кешенін басқарса да Нұртілеу Иманғалиұлы саяси тұлға болған жоқ. Әрине, еліміздің жалпы жағдайы жөніндегі оның жеке көзқарастары көбінесе ұлтжанды еді. Алайда, ол пәлен саяси партияның ысылған насихаттаушысына айналған жоқ. Бәлкім, Нұрекең іштей саяси күштердің ықпалынан мейлінше тәуелсіз, шын мәніндегі қоғамдық теледидарды армандаған шығар. Кім білсін… Әйтеуір, марқұм адам төл тележурналистерінің мәртебесін көтеруге өзінше талпынды.

Арамыздан кеткен отандық журналистика шеберінің қасиеттерін оның шетелдік әріптестерімен салыстыруға тура келеді. Мысалы, АҚШ-тың атақты тележурналистерінің бірі, 1949 жылы туған Билл О’Рейли (Bill O’Reilly) Нұрекеңдей батыл сөйлейтін нақты ер-азамат! Бірақ, әлгі американдық тележұлдыз өз елінің саясатына белсене араласады және де оның әдеби деңгейі сөзуар Нұртілеу Иманғалиұлынан сәл төмендеу көрінеді. Өз кезегінде, Нұрекең жәй диктордың мәртебесін місе тұтпай, ана тіліміздің жілік майын шаққан дарын иесі еді. Демек, мұхиттың арғы жағындағы ақша мен саясат тұрғысынан алып қарағанда құдіретті тележурналисінен Нұрекең әдеби қабілеті арқылы басым түсті.

Өз кезегімде, марқұм ағамыз туралы біраз жеке естеліктерімді айтайын. 2000-шы жылғы Сидней жазғы Олимпия ойындарындағы былғары қолғап шеберлеріміздің жекпе-жектерін “Хабар” агенттігінің қызметкерлерімен бірге тамашаладым. Сол кезде, Нұрекең мені еркелетіп, “Балам!” дейтін. Ал, 2006 жылы Нұртілеу Иманғалиұлы “Қазақстан” телерадиокорпорациясының тізгінін қолына алғанда, мен оның кабинетіне келіп, ағамызды жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтадым. Сайып келгенде, бұл кісінің жарқын бейнесін көгілдір экраннан ғана емес, бетпе-бет те тамашаладым.

Share Button
Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
10 views

Leave a Reply