Досхан Жолжақсынов: “Роберт де Ниро да болмай-ақ, Досхан Жолжақсынов болып қалсам…”

2021 жылдың 5 наурыз күні, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Досхан Қалиұлы Жолжақсыновпен сұхбат өткіздім. Атақты өнерпаздың биылғы 70-жылдығына орай әлгі әңгімемізді жариялап тұрмын. Оның бейнежазбасы мен стенограммасы төменде келтірілген.

Досхан аға, енді, сіз қазақ киносында біздің Армен Джигарханян, Роберт де Ниро сияқты актерсіз. Сіз ылғиосындай батырлар, күшті адамдардың рөлдерін сомдадыңыз. Осындай рөлдерді сомдағанда, кімнен үлгі алдыңыз? Қандай деңгейге ұмтылдыңыз?

Рақмет, бауырым! Біріншіден, сол Роберт де Ниро да болмай-ақ, Досхан Жолжақсынов болып қалсам. Соның өзі де, маған да, көрерменге де жететін дүние болар деп ойлаймын. Бүгін, енді, жасымыз жетпіске келіп қалды. Бүгін, адами тұрғыдан, пендеуи тұрғыдан қарайтын болсақ, бір есеп беретіндей өзіммен-өзім осы уақытқа дейін не бітірдік? Жалпы, өмірде де, өнерде де менің бойым сергек адаммын. Мен бір сәтті ұмытпаймын. Біріншіден, пенде екендігімді. Екіншіден, бір ажалдың барлығын. Үшіншіден, бір алланың алдында жүргеніміз. Төртіншіден, ұрпағым өсіп келе жатыр. Бүгінде, менің немерелерім бар. Бесіншіден, бүгін қанша деңгейде қалыптасқаным білмейімін, бірақ мені іздейтін көрерменім бар. Осыған барлығы бұрындар да, бүгін де үлкен жауапкершілік артқан. Әрине, әлқисса! Атаның қаны, ананың сүті… Бұл Шығыс Қазақстанда ат төбеліндей Балықшы деген құмды ауылда Зайсанның жаңа сыйла дүниеге келдік. Сондағы, есі білгелі, менің өнегем, менің тәрбием, әрине, әкем мен анам!

Ал, сіз осындай ұлы адамдармен бірге қолтықтасып жұмыс істедіңіз. Анау, Абдолла Қарсақбаев, Нұрмұхан Жантөрин сияқты ағаларыңызбен. Олардан қандай сабақ алдыңыз?

Негізі, бұл енді жалпы актердің жолы – түсінген адамға. Бұл өзі бірнеше сатыға бөлінеді. Мысалғы, өнерді сүю мен өнерді жасау – жер мен көктей дүние! Сол ауылдан қара борбай бала боп келдік алпыс тоғызыншы жылы. Сонымен, Хадиша апамыз – Советтер Одағының халық әртісі, Сталин сыйлығының иегері – қазақ сахнасына алғаш еуропалық мәдениетті алып әкелген апаларымыздың бірі. Міне, осы кісінің бірінші қабылдауынан емес (бірінші қабылдауынан қалып қойдық). Қуанышқа орай, ол кісінің тобы толды, екінші қабылдауына күзде іліндік. Міне, осы кезде сол алғашқы сабақтан, әрине, мен үшін бұл бір дүниенің ең бір қызық кезеңіндей басталды. Сол ауызымызды ашып, көзімізді жұмуымыз… Ай, біткенше болды-ау, сол төртінші курсты аяқтағанға дейін. Бірақ, шынын айту керек, менің жалпы табиғатымның, былай, соншалықты бір сергек болғандығымнан ба, мен айтылған дүниенің барлығын тез қабылдап, соны сіңіріп, одан бір нәтиже шығарып үлгеріп отырмын өзім үшін. Мысалы, сол Хадиша апаммен жарықтықтар Әшірбек Сығай аға екеуінің берген тапсырмаларын – ол этюд бола ма, ол болмаса бір үзінді бола ма… Кейде, біз аң-жануарларды жасайтынбыз. Сонда, мен тез алып үлгердім, тез сіңіріп үлгердім.

Содан болар, мен екінші курста оқып жүргенімде, бүгінгі Ғабит Мүсірепов академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының қосалқы труппасына қабылдандым. Сүйтіп жүріп, біткеннен кейін маған жолдаманы театрдың директоры, қазақтың бір аса бір дарынды қыздарының бірі, ұлағатты қыздарының бірі… Директор апамыз болды. Сол кісінің айтуымен сол театрда қалдым. Содан бері, мен – енді, қаншама уақыт өтті! – мен бүгін де көше де бара жатып, көліктің ішінде ме, жаяу жүрсем де, жан-жағыма қарап, адамдарға мен, жалпы, ғашықпын! Адамзатқа, адам баласына. Мен солардың бойындағы, кейде, мына бір кезеңде бір-екі адам бір-біріне қарап, әсіресе үлкен кісілер күліп тұрса, менің де көкірегім айтып тұр: “Шіркін-ай, мына кісілердің көңілі дұрыс екен!” Жастар күліп жатса, бірін-бірі құшақтап жатса, осының өзі мені кәдімгідей қуантады! Өйткені, сол көңіл-күй маған тез өтеді. Сол сықылды өнер жолындадағы әр сол Хадиша апам мен Әшірбек ағадан алған алғашқы қадамдарым, театрға келіп қалыптасты. Қазақстанның халық әртісі Байділдә Қалтаев… Ой-бой! Бұл кандай актер, бұл қандай тұңғиық! Бұл жатқан мұхит! Мен бұл кісінің, әуелі, кейде қазақ театр сахнасынан іздеп, таба алмаймын мен бұл кісінің ірі тұлғалығын, бұл кісінің ойнағандағы сахнадағы көзқарасы, сөз саптауы. Мына ойнайтын кейіпкеріне деген бұл кісінің сатылап жақындауы. Одан ең, кәдімгі, ұрымтал соңғы дайындықтары, кәдімгі сол кейіпкерін ұстағанда, ажырассыз боп қалады! Кейіпкер – қайда, Байділдә Қалтаев – қайда? Екеуі бір боп кетеді. Міне, осындайды көрдім. Өйткені, Тахауи Ахтановтың “Әке мен бала” деген пьесасында ол кісі әкені ойнады, мен баланы ойнадым.

Одан кейін, театрдағы алғашқы менің бір студент кезімдегі қадамым “Қаладан келген қылжақбас” спектаклінде ол кісі шопан қартты ойнайды, ал мен – қаланың Сматбек деген баласын ойнаймын. Міне, осы спектакльдерде, ол спектакльдерді дайындау үстінде сонда оларды көрдім. Бұл кісілерге деген менің ынтам, бұл кісілерді көріп өзіме деген талабым көрген сайын өсіп отырды десем, өтірік емес. Мен оны жоспарлаған жоқ. Бірақ, бұл менің табиғатымда осының барлығы жинала берді. Сәлима Саттарова – Қазақстанның халық әртісі, Әмина Өмірзақова, Байділдә… Мұхтар Бақтыгереев, Мәкіл Құланбаев, Алтынбек Кенжеков, Қасым Жәкібаевтар… Әрқайсы бір-бір мектеп! Одан кейін, әрине, студент кезімізде Әкемтеатрдың спектакльдеріне жиі қатысушы едік, көпшілік сахнасында. Сол кездегі Ыдырыс ағалар Ноғайбаев, Әнуарбек Молдабеков… Осы кісілердің барлығы ғажап бір тұлғалар еді ғой! Ғажап тұлғалар еді… Сол кезде Асанәлі ағаларымыздың қол жетпес биікте жүрген кезеңдері. Міне, осы кісілердің әрқайсын көрген сайын сахнадан, соның барлығы менің бойыма бір жақсы үрдіс ретінде егіліп жатты. Соның нәтижесі болу керек. Жалпы, менің алғаш мына киноларға алына бастауы. Әрине, менің кинодағы алғашқы қадамымды ашқан қазақтың бір белгілі, бірақ аса бір өзіне керек бағасын дер кезінде ала алмай кеткен ағамыз – Шәріп Бейсенбаев ағамыз. Бір қарасаң, Максим Горький сияқты өзі. Сонда, мына ғажабын айтайын. Мен қысқа метражды киносына түстім “Бұлақ” деген. Содан кейін барып, “Гауһартас”-қа түстім. Міне, осы екі кинода да бұл кісінің бір ғажабы: ешкімге білдірмей, ешкімге айтпай Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған әндерді кіргізіп отырды! Әттең, мен сол кезде оны білмедім. Мен кейін оны естіп келе, таныдым Мағжан Жұмабаевтың әні екендігін. Міне, осының өзі ол кісі туралы, ол кісінің ата-анасы туралы үлкен ой салады. Міне, сол алғышқы менің кинодағы қадамым.

Ал, енді, негізі үлкен экранға маған басты рөл беріп, жолдама берген, әрине, қазақтың біртуар азаматы. Үлкен сол кезде ақсақал дейміз, ол кісілердің жасы о кезде әлі орта жас деуге болады, – Абдолла Қарсақбаев. Әрине, Абеңнің мінезінің өзі – күрделі адам, күрделі адам. Ұлтқа деген ол кісінің махаббаты… Жалпы, қазаққа деген бұл кісінің көзқарасы – бұл бөлек болатын. Бұл кісі де Мағжандарды жатқа айтатын! Бұл кісі сол кісілер туралы, Ахаңдар туралы, Махаңдар туралы көп айтатын. Өзі соншалықты бір бала сияқты адам еді. Бір эпизодті – көңілі толса – жүгіріп келіп, құшақтап: “Айналайын!” деп. Жоқ, болмаса тағы бір түсірейін десе, өзінді қайрап, кәдімгідей: “Кәне! Қайтадан!” Өзі, анау, бойындағы оты кәдімгідей садақтың адырнасындай боп адамды көргенде, дені сау актер де жанып кетеді ғой. Сол нар тәуекелге барасын! Сөйтіп, сол, мынау, “Даладағы қуғын” киносы түсірілді. Менің, енді, алғашқы қадамым, біріншіден, байқау кезінде Абең, Абдоллаға мені таңдап алды. Біраз актерлар түсті кәдімгідей байқауға. Соның ішінде, сол кезде жұлдызы жанып жүрген марқұм өте керемет азамат, керемет актер Жамбыл Құдайбергенов түсті. Міне, содан Абең мені таңдап алып: “Саған сенем, алып шығуың керек” деп Абекең маған. Енді, алдымен Абеңнің бұрын менің өзімнің жауапкершілігім бар ғой. Міне, осындай дүниелердің барлығы менің есеюіме азамат ретінде, өнерпаз ретінде қалыптасуыма ықпалын тигізді.

Келе-келе, мысалы, сол өзім армандап жүрген, аңсап жүрген ұлылар мен үшін бір пірлер сықылды өнердегі: ол Нұрмұхан аға Жантөрин мен Әнуарбек аға Молдабеков. Өзім алладан тілегендей ішімде жүрген, бір күні сәтін салды! Нұрмұхан ағаммен Ерік Бекмахановтың “Сапардың құдығы” (“Колодец Сапара”) деп айтылады. Міне, сол кинода Нұрмұхан ағаммен түстік. Сол кездегі үлкен кинофестиваль болды. Сол кинофестивальда – кинофестивальдың атын ұмытып қалдым – бас жүлдені біз алдық “Сапардың құдығы”-мен. Ал, содан кейін Әнуарбек ағаммен Серік ағамыз түсірген кино – “Өтелмеген парыз”.

Иә, иә.

“Искупи вину”, Серік Жармағамбетов ағамыз түсірген. Міне, сол кинода Әнуарбек ағамызбен кездесуіме тура келді. Осы кісілердің әрқайсы… Мен ол кісілермен кинода ойнап жүріп, мен сезініп үлгеремін бұл кісілердің температурасын. Бұл кісілерден, кәдімгі, мына қалай ойнау емес, дайындық қалай. Ішкі өзінді-өзін дайындау қандай – сол жағына үңілуге тырыстым. Нұрмұхан ағалар, жалпы, адам ретінде де, актер ретінде де жұмбақ адам мен үшін. Сонысымен, бұлар, бұлардың ұлыдығы да. Әнуарбек аға да сондай. Бұл кісілер былай өмірде кез келген адамның алдында ашыла қоймайтын. Өз ойларымен жүретін адамдар еді. Сахнада да, кинода да осындай болып өтті бұл кісілер. Бұл кісілер де сахналық бір рөлмен, кинодағы бір рөлмен тану мүмкін емес! Мүмкін емес! Өйткені, бұл кісілердің тұңғиығы терең, құлашы кең актерлар болды. Міне, осының барлығы менің актер болуыма, жалпы, өнердегі ұстаным деген түсінік бар. Біз “ұлы мәдениет” деген атауының адамдармыз. Біз, сондықтан, халықтың алдындамыз. Ал, халықтың алдында кейбіреуіміз оның жылы, аяулы сезіміне, алақанына ілігіп қалдық. Біз қалай жүруіміз керек? Әрине, сен өзіңді тәрбиелеуің керек. Мәдениет сенен аңқып тұруы керек. Ұлтжандылық сенде тұруы керек. Тілдің тазалығы сенде болуы керек. Ізет, игі, елеулі істердің барлығы қолыңнан келмес еді. Сенең бастап алуы керек. Міне, сен сол үшін өнерге келдің. Сен сол үшін, бәлкім, түн ұйқыңды төрт бөлдің. Міне, сондықтан жәй, әлгі, “мен актермін, мен әншімін, менің пәленбай атағым бар, түгенбай орден-медалім бар!” бұның барлығы түк емес, егер сенің адами болмысыңда, пендеуи болмысыңда ештеңе болмаса!

Бүгінгі күн мәдениет, әдебиет адамдарының жауапкершілігі алдымен осында. Бойындағы ізеттілік, қайырымдылық, үлкен адамгершілік… Жалпы, енді, бүгін осындай дүниелердің барлығы бір кішкене арзанқолданып… Біздің бір иммунитетіміз, ұлттық иммунитетіміз бір жоғалтып алған дүниелерге ұқсайды бүгінде. Өйткені, ненің әсері екенін білмеймін. Адам ата-анадан барлығы ғажап болып туады! Періштедей тап-таза. Бұның ортасы жаман ба? Жоқ, қоғамда дәл осы адамды баулитын тетіктер жетіспей жатыр ма? Баяғы Совет кезіндегі “ұлттық идеология” дедік қой.

Иә.

Баяғыда Совет үкіметіне қарасаң, шынында да олардың тетіктері барлығы қолында екен! Туасың, мектепке барасың – сен содан кейін октябренок боласың. “Сен октябреноксың!” дейді. Мына жерге…

Белгі.

Ульяновтың значогын тағып аласың. “Сен ертең – пионерсің!” дейді. Ал, пионер болып ана жерде “Әрқашан дайынмын!” дегеннен кейін сен мойыныңа бір қамыт кигендейсің. Ол қамытың – сенің галстугің. Ертеңгі күні, “сенің мойныңда мынау галстугің бар ғой” деп сені ұялтады ғой! Біздің баяғыда мектепте әр дүйсенбі сайын үлкен мынандай қағылез, бетпе-бет жиналыстар өтетін. Бүкіл мектеп тұрады. Оның алдында – ұстаздар. Алдымен – сабақтан қалғандар, келмей қалғандар себепсіз. Содан кейін, “екі” алғандар. Содан кейін, ең соңында барып жақсы баға, жақсы тәртіп көрсеткендердің шығаратын. Сонда, анау, өзім қалыптасып келе жатқан қоғамның алдында шығудан ұят! Одан асқан қорлық біз үшін жоқ болатын. Міне, бүгін қарасақ, соның барлығы Совет замандағы идеология. Пионерден кейін барып комсомол. Комсомолдан кейін – партия. Құдай жазбасын, тырп еткізбейді ғой! “Партбилетіңді қоясың, комсомолдан шығасың!” деу – бұл отыз жетінші жылғы атылуымен тең сықылды. Ал, бүгін, бүгін немен? Адам анандай дүниелердің бәрінен ажырап қалды. Ал, жаңа бағыт, руханият деген, осының бәрінің бір тереңдігі уақытымен болмады. Барлығы тек жиналыстың өтуімен ғана. Пәленбай бас қосу, түгенбай бас қосу деген сияқты дүниелер. “Ап!” дегенде біз осындай дүниелерді сәл қаперімізден шығарып алдық.

Білем.

Ал, енді, анау ең бір “әй!” дейтін ажа, “қой!” дейтін қожа жоқ кезеңде, кәдімгі тез көрмеген жастар үйреніп үлгерді. Көлеңкелі жақты, ұрлықты да, алдауды да, өтірік айтуды да. Ата-анасын кәрі-құртаңдар үйіне өткізуді де, әйел баласын зорлауды да. Не бір масқаралар шығып жатыр ғой! Осының барлығы сол бір кезең – босаңсып алған, жіберіп алған. Барлығы, мына, Батыстың суррогатымен, сағызымен, кока-коласымен келген дүниелер. Бүгін де осыдан ажырая алмай жатырмыз. Біз, енді, қазір Абайды айтып жатырмыз. Абай арқылы әсер еткіміз келіп жатыр. Бұның ауылы – әлі алыстау. Бұл – әлі алыстау. Бұған әлі пәленбай жылдар керек болар біз есімізді жиюымыз үшін. Мына, қазақтың ұлы бір сөйлеуі өткен. Менің өзімнің туған атам, Асқар Сүлейменов деген. Сол кісі айтады екен: “Абай ескіре ме?” деп. Мына тыңдағандардың барлығы: “Асқар аға, не деп тұрсыз? Абай қалай ескіреді?” десе. “Түсінбедіңдер” депті. “Абай ескіреді, қазаққа ес кіргенде” дейді.

Аһ!

Мына қалай айтылған! Міне, сол сөйлеулер айтпақшы: “Қазаққа қашан ес кіреді?” Біз сонда ұлт болып, қалыптасамыз деп ойлаймын. Біз сонда, “отбасын сүю” деген не екен, ол арқылы “Отан сүю” деген не екен, “менің Елім, менің Жерім” дегенді алпыс екі тамырынан өткізіп, сол үшін сен жаныңды құрбан етуге. Біз сонда ғана бара алатын шығармыз. Сонда ғана, Абай атам айтпақшы, нағыз адам қалыптасатын болар. Әзірге, біз осыны іздеу, қалыптастыру жолындамыз. Ал, енді, бұның үлкен бір себепшісі – тура жолды бағыттай білетін… Ол – ұлы өнер, ұлы әдебиет! Міне, сол өнер мен әдебиетте жүрген, шын мәнінде түн ұйқысы төрт бөлініп жүрген менің әріптестерім, іні-бауырларым, аға-жеңгелерім аман болса екен деймін. Өйткені, осы кісілер арқылы қоғам, адам, қазақ қалыптасады. Бұл – үлкен жауапкершілік! Осы жауапкершілік бұл, алдымен, бір алла. Содан кейін, өзіне деген ұлы сенім. Еңбегің арқылы, қажырлы еңбегің арқылы, өзінді-өзін қайрау арқылы, өзінді-өзін тәрбиелеу арқылы келетін дүниелер!

Дұрыс.

Ұлы Абай айтады: “Өмірдің бір қызығы махаббатпен! Көрге кірсең елеулі жақсы атақпен, Арттағыға ісің мен сөзің қалса – Өлсең де, өлмегенмен боласың тең!” Енді, осыған осы кемеңгер Абайға алып қосу мүмкін емес!

Share Button
Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
4 views

Leave a Reply