Ұзын құлақтың жаңғырығы

Былтырғы зерттеуімнің жалғасы ретінде осы жазбамды оқырмандардың назарына ұсынып тұрмын. Биылғы сәуір мен мамыр айларында Қазақстанның батыс өңірін біраз араладым. Еліміздің осы бөлігіндегі көлік пен коммуникациялардың жағдайы көңілдегідей емес. Мысалы, Батыс Қазақстан аймағындағы Ресеймен шекаралас жерлерде қазақ ұялы байланысынан гөрі орыс телекоммуникациялары басымдылыққа ие. Демек, солтүстік озбыр көршіміз байланыс саласының құралдары арқылы әлгі территориямызды басып алды. Шалғай аудандарда ұялы байланыс пен сымсыз интернетіміз тіпті көптеген жағдайларда істемейді. Ал, Атырау мен Құрманғазы (Ганюшкино) арасындағы жол — сын көтермейтін бірдеме болып табылады. Мүмкін, осы бағыт еліміздегі ең нашар тас жолы. Бейне-бір соғыстың салдарынан істен шыққан құбыжық шоссе! Ал, 2022 жылдың 6-11 қаңтары аралығында бүкіл Қазақстан бойынша телефон байланысы мен интернеттің өшірілуі — сары орыс пен қара қытайдың қуыршағы Тоқаевтың телекоммуникациялық қылмысы. Бұндай озбыр қадам 2019 жылғы Ирак, 2020 жылғы Беларусь пен 2021 жылғы Угандадағы диктаторлық байланыс өшірілуін елестетеді. Ал, одан да ертерек заманға көз жүгіртсек, академик Сахаровтың естелігі бойынша 1976 жылы сәуір айында Сібірде өткен қырым-татар белсендісі Мустафа Джемилевтің қылмыстық процесі барысында “Омбы қалааралық телефон байланысы, атап айтқанда Мәскеу шаһарымен де, өшірілген болатын” (қараңыздар: Борис Альтшулер. Сахаров и власть. “По ту сторону окна”. Уроки на настоящее и будущее. — М.: Издательство “Омега-Л”, стр. 256). Демек, тоқаевшылардың бүгінгі жауыздығы КСРО КГБ-нің баяғы зымиян әдістеріне негізделген құбылыс.

Медеу аудандық прокуратурасы анықтама қағазының көшірмесі.

Азаматтық қоғамның хал-ахуалына да ден қояйық. Данияр Наурыздың өткір жазбаларына наразылық танытқан ҚР ҰҚК Арнайы ақпараттық қызметінің (Специальная информационная служба КНБ РК) ізбасарлары осы журналистті электрондық тіркелімнен (прописка) шығарып тастады. Демек, Д. Наурыз ресми түрде үйсіз қалды. Бұл заңсыздықты ұйымдастырған қылмыскерлерді анықтау үшін журналист 2020 жылдың 23 қарашасында Медеу аудандық прокуратурасына арыз береді. Бір жарым жыл өтсе де, әлгі мекемеден ешқандай жауап түскен жоқ. Сайып келгенде, сіздерге қатысты электрондық құжаттарды біреулер жойып жіберсе, кінәлі адамдарды әшкерелеу өте-мөте қиын болмақ. Яғни, тіркелімді дәлелдейтін қағаз құжаттардың болмауы — қылмыскерлер үшін ыңғайлы жағдай екендігі айдан анық нәрсе. Енді, тек қана үкіметтің қарамағындағы тіркелімді қуаттайтын электрондық құжаттар заңды күшіне иелік етуде.

Жандарал-майыр Мәжренов құпиялы баяндамасының үзіндісі.

Сонымен қатар, телефон әңгімелерін тыңдайтын, электрондық пен қағаз хаттарын оқитын ҚР ҰҚК қызметінің жылдық бюджетін есептеу керек. Әрине, бұл ақпарат ресми түрде жарияланбайды. Сондықтан, осы бюджетті біз көлденең деректер негізінде анықтаймыз. Мысалы, жандарал-майыр Мәжреновтың құпиялы баяндамасына сәйкес, ҚР ҰҚК ААҚ-нің 2003 жылғы бюджеті 3.4 миллиард теңгені құрады. Сол уақыттың валюта айырбастау бағамына орай, бұл сома шамамен 22.5 миллион доллар құрады. Ал, 2002 жылғы еліміздің телекоммуникация нарығының айналымы  570 миллион доллар құрады. Демек, ҚР ҰҚК ААҚ-нің бюджеті шамамен Қазақстан телекоммуникация нарығы айналымының 4 процентіне тең болды. Ал, 2021 жылғы еліміздің телекоммуникация нарығының айналымы шамамен 2.35 миллиард доллар құрады. Демек, ҚР ҰҚК ААҚ ізбасарларының былтырғы бюджеті шамамен 94 миллион доллар құрады.

Айтпақшы, 2016 жылы дейін елімізде төрт байланыс операторлары жұмыс істеді. Қазіргі таңда, олардың саны екі есе азайды: “Қазақтелеком” және “Кар-Тел” компаниялары ғана қалды. Демек, байланыс операторларының саны азайған соң, заңсыз түрдегі телефон әңгімелерін тыңдау және электрондық хаттарды оқып қарау тәртібі әлдеқайда оңай болады. Себебі, төрт компания басшыларының орнына екі компаниялардың ғана жетекшілерімен жемқор қатынастарды орнату керек.

Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
8 views

Leave a Reply