Сонымен, былғары қолғап шеберлеріміздің бірі әрі бірігейі Кәрімжан Балтабайұлы Әбдірахманов та 60-жылдық белестен асты. Бірақ, сөз жүзінде бокс ардагерлерінің қатарына қосылса да, іс жүзінде Кәрекең жігерлі әрі шабытты спорт қайраткерлерінің арасында табылады. Оның шаршы алаңдағы жетістіктері бүкіл еліміздің физикалық мәдениет пен спорт саласы үшін маңызды үлес. Ол аса жеңіл салмақ дәрежесі бойынша Кеңес Одағының екі мәрте жеңімпазы (1984, 1990). Сонымен қатар, Жамбыл өңірінің тумасы Еуропа чемпионаты мен Әлем кубогі үшін бәсекенің қола жүлдегері (1985) және де Ізгі ниет ойындарының күміс жүлдегері (1986).
Куба революциясының қаһарлы көсемі Фидель Кастроның өзі Кәрекеңмен жылы амандасып, әзілдесіп сөйледі. Ал, халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлының өзі жасөспірім Кәрімжанға өз батасын берді.
Аса жеңіл салмақ дәрежесінің қиын жері — артық килограмдарды түсіру үшін, спортшылар тамақ пен судың тұтынуын қатаң шектейді. Әлбетте, бұндай әлсіреп тұрған жағдайда жоғарғы нәтижеге қол жеткізу оңайға соқпайды. Оған қоса, ауыр салмақ дәрежесіндей аса жеңіл салмақ дәрежесінде нокдаун, нокаут тәріздес айқын басымдылықтың дәлелдері жиі кездеспейді. Сондықтан, «шыбын» салмағында өнер көрсететін боксшылар төрешілердің әділетсіздігіне жиірек душар болуда.
Ең алдымен, қазақи дәстүр бойынша Кәрімжан Балтабайұлы аға ұрпағына тағзым етеді. Аяулы әке-шешесін еске алып, ол бапкерлерін Әмірхан Смақұлы Төленов пен Юрий Цхайды тілге тиек етті. Оның танымал досы мен әріптесі Серік Қонақбаевтың да жөні бөлек. Ал, олимпиада жеңімпазымыз Ермахан Ыбырайымовтың тұңғыш жаттықтырушысы Хасен Дүйсепов пен ару әлем чемпионымыз Назым Қызайбайдың бапкері Жұмабек Өмірзақов секілді тәжірибелі мамандармен бірге жұмыс істеген, олардан үлгі алған Кәрекеңнің өзі бірте-бірте білікті жаттықтырушыға айналды. Оның түлектерінің бірі — ауыр салмақтағы былғары қолғап шебері Қанат Ескелов.
2024 жылғы 4 ақпанда, Ұзынағаш ауылында өз мәресіне жеткен Кәрекеңнің құрметіне өткізілген жасөспірімдер арасындағы бокстан республикалық ашық жарыстың нәтижелерін тұжырымдағанда, Кәрімжан Балтабайұлы Әбдірахманов ең алдымен осы доданың бас демеушісі Қайрат Қуанышбайұлы Мәжібаевты атап өтті. Әрине, қазіргі әлем дағдарысының қиын-қыстау кезеңінде Қайрат Қуанышбайұлы сияқты қолы ашық кәсіпкерлер сирек кездеседі. Ал, қазақтың әйгілі кәсіби боксшысы Батыр Жүкембаев та мерейтой иесінің түлегі ретінде осы жарыстың құрметті қонақтарының қатарында орналасты.
Батыр ініміздің айтуынша, қоғамымыз үшін Кәрекеңнің ең басты тиген пайдасы — бұндай жасөспірімдердің жарыстарын өткізіп, өскелең ұрпаққа ұлағатты тәрбие беруде. Қазіргі таңда, Әбдірахманов бапкер Батыр былғары қолғап шеберін дайындамаса да, Кәрекеңнің оған баяғыда берген спорт сабақтарының игі әсері күні бүгінге дейін сезілуде.
Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.