Бокс күнделігінің үзінділері

2023 жылғы 12-17 қарашаның аралығында, Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Әлем бокс кеңесінің (The World Boxing Council, WBC) 61-ші құрылтайы өтті. Осы беделді жиын жер шарының түкпір-түкпірінен келген кәсіби бокс қайраткерлерінің басын қосқан. Сайып келгенде, бұндай атақты спорт қызметкерлерінің арасында мен де журналист ретінде көріндім.

Боксшы Марат Мәзімбаевтың қолтаңбасы.

Оңтүстік көршімізге барғанда, жол-жөнекей Тараз қаласына ат басын бұрдым. Қонақжайлы, елгезек былғары қолғап шебері Марат Кененбайұлы Мәзімбаевпен кездесіп, естелік үшін оның қолтаңбасын алдым. Макеңмен бірге баяғы заманның боксшыларды сөз етіп, біраз сырластық. Ендігі кезек Ташкент қаласындағы орын алған жүздесулерге берейік.

Әлем чемпионы Руфат Асадұлы Рискиевпен бірге.

Әуесқой бокстан 1974 жылғы 75 килограммға дейін салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы, 1976 жылғы Жазғы олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері Руфат Асадұлы Рискиевтің үйіне барып, спорт ардагерімен дидарластым. Оның айтуынша, шылым шегу салдарынан қос аяғынан айырылды. Әлде, философиялық сарынға берілген Рекең денсаулығының мүшкіл халін кезінде қарсыластарына дарыған жойқын соққыларының кешеуілдеп келген қарымтасы деп есептейді.

Әлем бокс кеңесінің жиналысында.

“Хилтон” қонақ үйінде ұйымдастырылған осы құрылтайдың шеңберінде бірнеше белгілі боксшыларға жолықтым. Қартаймайтын қара маржан Эвандер Холифилдпен қайтадан қауыштым. Одан бұрын, біз 2018 жылы украин елордасы мен 2019 жылы Екатеринбург қаласында кездестік. Кекілді ағайындардың біртуар перзенті Александр Усикпен тағы да әңгімелесуге реті келді. Сашамен алғашқы рет 2010 жылы Ақмола қаласында сөйлестік. Жылы шырайлы австралиялық былғары қолғап шебері Костя Цзю да менімен қайтадан амандасты. Константинмен бірінші рет 2009 жылы Алматыда өткен Серік Қонақбаевтың мерейтойында кездестім. Өзбек алпауыты Баходыр Жалоловқа тұңғыш рет жолықтым.

Олигарх Гафур Рахимовпен бірге.

Сонымен қатар, белгілі өзбек кәсіпкері әрі бокс демеушісі Гафур Ахмедұлы Рахимовпен сөйлесуге сәті түсті. Айтпақшы, бокстан КСРО-ның екі мәрте чемпионы, Ізгі ниет ойындарының күміс жүлдегері досым Кәрімжан Балтабайұлы Әбдірахманов олигарх Гафур аканың өзбек пен қазақ боксына сіңген еңбегін ерекше бағалайды. Қазақ спортының жанашыры Бекет Сапабекұлы Махмұтовтың досы Гафур ака тоқсаныншы жылдардың орта тұсында құлдырап кеткен өзбек боксына демеушілік жасап, Мұхамедқадыр Абдоллаев, Руслан Шағаев пен Рүстем Саидов секілді былғары қолғап шеберлеріне жол ашқан. Оған қоса, интернационалист Рахимов қазақ олимпиада жеңімпаздары Бақтияр Артаев пен Серік Сапиевтің әлемнің үздік боксшысына арналған “Вэл Баркер” жүлдесінің иеленуіне үлес қосқан.

Ағылшын досым Дэвид Уокер.

Әлем бокс кеңесінің Ұлыбританиядағы өкілі Дэвид Уокер (David Walker) де маған барынша қолдау көрсетіп, оң қабақ танытқан кісі екен. Оның досы әрі жерлесі Скотт Уэлч (Scott Welch) те мейірімді, сыпайы адам болып табылады. Тұманды Альбионның қос тумаларымен алғаш рет 2018 жылы Киевте өткен WBC құрылтайында кездестім.

Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
8 views

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.

%d bloggers like this: