Алматы қаласындағы ең маңызды спорт кешені цирк пен “Променад” сауда орталығының арасында орын тепті. Баяғы заманда, осы жер телімінде құжынаған базар тіршілік еткен. Ал, елуінші жылдардың соңында бұл алыпсатарлардың ордасын басып алып, “Орталық стадион” бой көтерген. Әрине, тарихы бай дене шынықтыру мен сауық-думан мекемесі көптеген қазақ спорты дүлдүлерінің жетістіктеріне куә болды. Желаяқ Ғұсман Қосанов пен жұдырығы шойындай Әбдісалан Нұрмахановтың қайталанбас спорт ерліктері осы стадионның маңайында өткен болатын.
Бірақ, алматылық стадионның көнетоз қабырғасын көбінесе бөтен спортшыларды дәріптейтін ескерткіш тақталары өрнектеуде. Әне, футболшы Аркадий Хохманның өмір жолын мадақтайтын белгі бадырайып тұр. Міне, турист пен альпинист Виктор Зиминді еске алатын тақта әдемілеп жасалған. Жеңіл атлетика бойынша Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Ғұсман Қосанов және Азия мен Африканың жұдырықтасу бойынша жеңімпазы Әбдісалан Нұрмаханов әлгі беймәлімдеу, жетістіктері қораштау кейіпкерлерден көш ілгері тұрса да, бұндай құрметке бөленбеді.
Әлі күнге дейін, оңтүстіктегі бас қаламызда қазақтар өз-өзін жетімсіреп сезеді. Орыс пен қызыл империясының салқын ызғары әзірше сейілер емес. Тәуелсіз еліміз үшін әбден қисынсыз жағдайдың тағы бір дәлелі — “Орталық стадион“-ды жаулап алған бөтен ескерткіш тақталары.
Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.