«Әр солдат генерал болуды армандайды» дегендей, өскелең ұрпақтың жауынгер бөлігіне соншама жоғары әскери шенге жетелейтін жолдарды сілтесек артық болмас. Алайда, осы жазбамда көрсетілген тыңшы мансаптары ұлтжанды әрекеттерге мүлдем жатпайтын дүниелер. Ұлы даланың хас батыры, Мәңгілік елдің дарабозы Рахат Мұхтарұлы Әлиевтің арқасында жарияланған құпиялы құжаттардың бір бумасына сіздердің назарларыңызды аударғым келеді.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры, “РФ Президентінің жанындағы Мемлекеттік байланыс федералдық агенттігінің құрметті қызметкері” Сәбет Мәлкаждарұлы Жақыпбеков (1936- ) жиырма үш жыл бойы қазақ үкіметтік байланысын басқарды. Ағайынды Серік пен Ерік Бүркітбаевтардың “Нұрсат” телекоммуникация компаниясының өсіп-өрлеуіне қамқоршылық жасады арғынның баласы Сәкең.
Кәрім Мәсімов деген сарт саудагеріне де жол ашқандардың бірі – дәл осы Сәбет Мәлкаждарұлы. “Қазақ” деп ресми түрде тіркелген кәдімгі он жеті жасар балақайды КСРО КГБ-ның ең абыройлы жоғары оқу орындарының біріне жіберетін оң мінездемені құптады Сәкең мен республикалық КГБ-нің жетекшілері! Демек, орысшыл ұрпаққа жол ашқан жолдас Жақыпбеков ресейліктердің құрметті атағын жайдан-жай алған жоқ. Алматыдағы ҚР ҰҚК Академиясының жанында салынған жеке үйінде жайбарақат өмір сүретін Сәкеңнің ғұмырлық бағыт-бағдары осындай…
Сәкең ағаның ізбасары тәріздес, ҚР ҰҚК генерал-лейтенанты Амантай Жанкеұлы Күреңбеков (1956- ) кезінде еліміздің ішкі істер министрлігінің вице-министрі болған, Мемлекеттік күзет қызметін басқарды. 2013 жылдың күзінде жарық көрген “Елдің жүрегі, тілдің тірегі – ПАРАСАТТЫ ПОЛИЦЕЙ” мақаласында Амекеңнің ұлтжанды сөздері келтірілген: “Ең бастысы Ахмет Байтұрсыновтың «Тілін жоғалтқан ұлт өзін де жоғалтады» деген сөзін біз ешқашанда естен шығармауымыз керек. Ана тілдің абыройын асыру әрқайсымыздың парызымыз”. Генерал-патриот Ғани Қасымовпен теңдесіп тұрған не деген ұлтжанды жандарал десеңші! Бірақ, жолдас Күреңбековтың да шіріген жерлері толып тұр.
1989 жылдың қыркүйегінде, тіл ғалымы Шора Сарыбаевтың баласы, Қайрат (1966- ), қазақ “ұлтшылдығы”-мен күресу мақсатында КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының Ленинград қаласындағы бөлімшесіне екі жылдық тағылымдамаға аттанды. “Алтай” лақап атымен бүркеніп қызмет еткен Қайрекеңнің өмірбаяны өте қызық. Қазақ “ұлтшылдығы”-мен күресетін жолдас Сарыбаев ұйғыр (сарт) экстремизм-сепаратизмімен арпалыспады. Есесіне, 1988 жылы Шораның баласы еңбек жолын Қазақ ССР Ғылым академиясы Ұйғыртану институтының аға лаборанты ретінде бастады. Жылдар өткен сайын, Қайрекеңнің мансабы да дүрілдеп өсті: Қазақстанның Түркия мен Алманиядағы елшісі, ҚР Сыртқы Істер министрлігі басшысының орынбасары…
Ұзын сөздің қысқасы, сексенінші жылдардың соңында КСРО КГБ-нің “Алтай” атты уақытша агентімен байланысы тұрақты гебист Амантай Күреңбеков арқылы жүзеге асырылды. Байқап тұрсыздар, КГБ-нің қос қызметкерлерінің қазақ “ұлтшылдығы”-мен арпалысы “егемен” Қазақстанның тұсында да өз жалғасын табуда. Алайда, қазіргі таңда қайрекең-амекеңдер “ұлтшылдықты” емес, “лаңкестікті” сылтауратып, Ресей, Қытай мен Батыстың мүдделерін қуып, киргиз-кайсактармен күресуде.

