Атақты ақынымыздың сталиндік халық комиссары (нарком) Ежов туралы дастанының орыс аудармасы ғаламторда жарық көрсе, осы туындының қазақ түпнұсқасы әлі күнге дейін латиницаның кітаби күйінде қалуда. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Жәкеңнің тамаша поэмасын кириллицаға аударып, интернетте жариялап тұрмын. Ал, “Ежов жолдас пен жолығыс” шабытты өлеңі орыс тілінде де әлі күнге дейін ғаламторда жарық көрмеді. Жыр алыбымыздың қос туындылары 1938 жылы басылған “Жамбулдың өлең-жырлары” кітабынан алынған.
НАРКОМ ЕЖОВ
Қалам, далам, гүлденген егіс жайым, Ағызып береке орнап жердің майын,
Асқар ой, асқан дана Сталіндей,
Жарығы мәңгі күннің түскен сайын.
Туғызған осы күннің тариқы бар,
Тариқтың ерлері бар атағы асқар,
Айдау, азап, тар қапас-түрме көрген
Өткізген тайғақ кешу, кезеңдер тар.
Біреуі осы ұлымның Ежов батыр,
Туған жас, борандарда зор сұрапыл,
Советтің алғыр қыран ақ семсері,
Леніннің өз аузынан алған ақыл.
Қайыспай қара күнде қайрат еткен, Күреспен тура күнге көзі жеткен.
Сталін өсиетін берік ұстап,
Қалық үшін киген киім кебенектен.
Жарқ етіп Өктябрдің таңы атқанда,
Қатысып күн менен түн тіл қатқанда.
Тұрғанда өмір, өлім кілті қолда,
Жапқан ол жаудың қысқы сарайында.
Тап пен тап айқасқанда қан майданда,
Тағдырды шешуші күшке айналғанда,
Жан-жақтан жаулар қамап талауға елді
Жаланып жалмауыздар андағанда.
Комиссар алмас семсер қолына алған,
Қарсы алып жаудың қолын соғыс салған.
Еңбекші армиясын бастап барып,
Елімнің жау-дұспанын жеңіп алған.
Алғыр ой, ақылы теңіз, сөзі қылыш,
Досқа дос, жауға қатал қатқан құрыш,
Серігі Серго, Клим, Киров ердің,
Қолынан келмейтұғын жоқ еш бір іс.
Жатқанда, қазақ елі жауын қуып;
Ел болып терезе тең, бойы жуық,
Қазақтың малшылары басын қосып,
Қызыл ту қолға алғанда күні туып.
Ленін мен Сталіннің нұсқау мен,
Бастауға алғашқы жыл бізге келген,
Ен дәурен, еркін заман, бақыт үшін,
Күреске қолымызға тізгін берген.
Гүл жайнап, сән түзеген қала, дала,
Алтын зер шапан киген сай мен сала.
Сүйеді сізді бәрі Ежов жолдас,
Елінде Қазақыстан қарт пен бала.
Жел тұрса көк көк-орай жайқалады,
Асқардан тасқын құлап ән салады.
Жайлаған жасыл бақша саясын ел,
Ежовтай ерлері мен мақтанады!
Кең жайлау, ен дәуренде шаттық кернеп,
Әнші-ақын жыр жырлайды күйге сермеп,
Атыңды ардақтайды, ән қосады,
— Жан жолдас Сталінге Ежов ер, — деп.
СССР жаралған бір үлкен дене,
Туған ол Өктябрде дүниеге.
Құралған он бір тұтас мүшесі бар,
Бірінен-бірі айрылып кетсін неге!
Анасы-зор төңкеріс тапқан оның,
Танытқан тәрбиелеп оң мен солын.
Алыптай дүниеден артық өскен,
Тап басып ұлы Ленін салған жолын.
Мыйымыз зор Сталін бастайтұғын,
Клим, Ежов — қолым, жауды жасқайтұғын,
Отанын — ен дәулеттің ұлы ордасын,
Күзетіп, кірпік қақпай сақтайтұғын.
Оранып қызыл туды гүлдей жайнап,
Еркіндеп, елім өсті үлкен аймақ.
Шірік жоқ, дене балғын, күш-қуаты,—
Ішінде қызған базар еңбек қайнап.
Жау сайқал жоқ нәрсеге қорғалайды,
Құрттайын шпиондар жорғалайды,
Оқ, дәрі, наган, бомбы әкеледі,
Көз тайса қан ағылып сорғалайды.
Сығалап тасасы мен дала жердің,
Әкелед у мен ауру елге қырғын.
Бірақ, елім күзетте күні-түні,
Қырағы қыран көзі Ежов ердің.
Троцки-Буқарын, алаш-орда,
Фашистер басын қосқан қара жолда, —
Сатылып бай табына сұм жыландар,
Елімді құлатпақ боп қазған орға.
Сумаңдап түнде жортып бізді аңдып,
Сайқалсып, қалықты алдап, жүз бұраңдап,
Білдірмей, жегі құрттай іштен сорып,
Кетпек ед сұм сұрқыя елді ылаңдап.
Қашан да қалық өлмейді, сұрқыя өлмек,
Ойлаған зәндемі иттер сынса шөлмек,
Зарлаған зар заманды қайта орнатып,
Қалықтың көз сорасын төкпек селдеп.
Жоқ, сұмның қолын шырмап алдық байлап,
У тілін семсер кесті қойған қайрап!
Қырағы алғыр қыран Ежов батыр,
Талқандап індерінен шығарды айдап.
Ордены ұлы Ленін саған берген, —
Белгісі ардақтаудың қалқың сенген.
Құрыштай Сталіншіл алғыр қыран,
Үлгі алар сан жас түлек сендей ерден.
Жауға атар совет елі болат оғы,
Күйдіріп дұспан бетін өртер шоғы.
Комиссар тегеуріні темір болат,
Жауды ұнтар Ежов қолы-қалықтың қолы.
Куәсі тамаша өмір мұндай заман,
Қарыя жүз жасаған Жамбұл бабаң.
Қалқы мен Қазақыстан дауыс қосып,
Жіберер мың-мың алғыс Ежов саған!
1937
ЕЖОВ ЖОЛДАС ПЕН ЖОЛЫҒЫС
Елімнен шарықтаған тауда қыран,
Сағынып сүйікті Ежов келдім саған,
Сен едің кең даладан түсіме енген
Міне, енді жүзің көріп қолыңды алам.
Сүйікті ертегідей жыр батыры
Жымыйып көзінде ойнап тұрды ақылы,
Қырағы, Сталіндік ер наркомды
Нұрланған кәрі көзім көрді ақыры.
Сталін-жарық дүние данышпаны,
Ертеден түнді түре-ақ, дауыстады;
Көрсе де тар кезеңді тас-талқан қып,
Қалыққа нұрын шашып қарыштады.
Түскенде далаға алтын таң шапағы,
Қырда су, құмда бақша ән шырқады;
Күмістей мақта көктеп, жер гүлденіп,
Туған ел саясында жан шырқады.
Жер гүлді нұрлы Сталін заманында,
Кілемнен көркі сұлу даланың да,
Сақтаймыз сұлу жердің сәнді көркін
Бесікте езу тартқан баланың да.
Ән шырқап түрлі құстар біздің елден,
Төрт түлік кең даланы керней өрген.
Сақтаймыз Сталіндік бағымызды,
Еш дұшпан жүрместей ғып біздің жерден.
Айбатты, құрыштана өскеніміз,
Қырағы кірпік қақпас әскеріміз;
Сақтаймыз Сталіндік күшті, істі,
Дұшпанға өрші түсед өштігіміз.
Өлең мен тәжім етем сүйікті Ежов!
Қыран көз, құрыш күшті, біздер өжет;
Қазақтың қалқы менен ән-күйінің
Шын досы екеніңді жаным сезед.
Оқтаулы жауға қарсы мылтығымыз
Дұшпанға көзделініп тұрған кезеп,
Қалқымыз Сталіннен тәлім алған
Қалмаймыз жауға атуға оқты тежеп.
Мәскеу. 8/I—38

