2017 жылдың 16-24 маусымының аралығында, Украинадағы Харьков қаласында кезекті Еуропа бокс біріншілігі өтті. 39 елдерден жарысқа түскен 232 спортшылар тартысты жекпе-жектерін өткізді. Осы жұдырықтасу бәсекесінің ерекшілігі: украиналық бұрынғы бас шаһарда орын алған құрлық чемпионатында биыл неміс Гамбург қаласында жоспарланған әлем біріншілігіне жолдамалар сарапқа салынған. Демек, еуропалық мәртебелі жүлделермен қатар дүниежүзілік чемпионатқа қатысуға рұқсат беретін жолдамалар да кәрі құрлықтың алдыңғы қатардағы боксшыларды едәуір қызықтырған көрінеді.
Байрақты доданың барысында, бірнеше күтпеген жағдайлар орын алған-ды. Мысалы, Әзірбайжан үшін өнер көрсететін екі мәрте әлем жеңімпазы, дағыстандық боксшы Магомедрасул Меджидов ширек финалдың белесінен аспай, бейтаныстау француз былғары қолғап шеберінен ұтылды. Жақында ғана, Магомедрасулдың шойын жұдырықтары кез келген қарсыласы үшін үрей туғызған. Кезінде, Еуропа біріншілігі түгіл Олимпиада мен әлем бәсекелерінде топ жарған Италия құрама командасы екі қола медальді қанағат тұтты.
Чемпионат ұйымдастырушыларының сараңдығы да көзге ұрынып тұр. Қазақ, өзбек, араб жомарт спорт басшыларынан артта қалған украиндықтар шақырылған журналистерге тіпті тегін минералды суды беруге жарамады. Ал, украин жұдырықтасу федерациясының жетекшілері де өте бай адамдар екендігі тайға таңба басқандай анық мәселе. Төрешілер көбінесе әділетті ұйғарымдар шығарды. Айтпақшы, олардың арасында қазақ рефериі Нұрбек Батыров та қазылық жұмысты абыройлы түрде атқарды. Оңтүстік Қазақстан аймағы Қасқасу ауылының тумасына біз “Нұреке!” деп көрермен орынынан сәлем бердік. Маңызды міндеттемелердің ауыртпалығынан шақадай басы шарадай болған шымкенттік жігіт сәл ғана қолын сілтеп, біздермен амандасты.


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.