Білімге құштарлығым ерте оянды. Алты-жеті жасымнан бері, кітапхана мен кітап дүкендерін аралай бастадым. Өскен сайын, тұтынушы ретінде ғана емес, өзге кісілер үшін пайдалы білімнің жаратушысына айналдым. Әйтеуір, мақала мен сұхбаттарым былай тұрсын, мәдени ошақтарға сыйға берілген құнды кітаптарым да баршылық.
Мысалы, бірнеше қазақ, орыс пен украин кітапханаларына талай кітап және журналдарды сыйладым. Демек, қолымнан келгенше отандық пен шетел білім саласына көмек көрсетудемін. Алайда, қытайшыл Тоқаев-Примақовтың “Жаңа Қазақстан” ызғарлы лебінің кесірі соншама ауыр, тіпті үйреніскен кітапханалардың аралауын қайтадан үйренуге мәжбүрмін. 2024 жылғы 6 ақпан күні, Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасына келсем, білім ордасының ғимаратына баяғыдай емін-еркін өте алмадым. Кіре-берістің алдында жайғасқан, қанден иттен айнымайтын қос мент Әлімғазы Бекболат пен Нұрсадық Бақкелдінің тексерісінен кейін ғана әрең дегенде ғимараттың ішіне кіріп алдым. Сайып келгенде, осы орайда білім алу үшін де полицайдың рұқсатын сұрау керек.
Өз басым, ірі шетелдік білім ордаларын аралағанда, көптеген жағдайларда әлгі мәдениет ошақтарына ешбір кедергісіз кіріп алдым. Мәселен, Еревандағы Арменияның Ұлттық кітапханасы мен Мюнхендегі Баварияның Мемлекеттік кітапханасының ішіне мен тіпті оқырман билетісіз өтіп, олардың қызметкерлерімен әңгімелестім. Киевтегі Украин Ұлттық кітапханасы да мент-полицайдың тексерісі жоқ мәдени мекеме болып табылады. Аталған ұйымдар ҚР Ұлттық кітапханасынан әлдеқайда артық мекемелер. Украин мен неміс кітапханалары әлемдегі ең ірі жиырма кітапханалардың қатарына кіреді. Әлгі Ереван кітапханасында армян тіліндегі жарық көрген тұңғыш баспа кітабы “Урбатагирк” (“Жұма кітабы“, Венеция, 1512 жылы) секілді рухани байлықтар сақталуда.
Жай ғана кітап қоймалары ғана емес, Ереван, Киев пен Мюнхен метроларында ұялы байланыс және интернет шектеусіз істесе, Алматы метросында ұялы байланыс пен интернеттің пайдаланылуы шектелген. Жә, үлкен мемлекеттер былай тұрсын, Минскидегі Беларусь ұлттық кітапханасы және Пхеньяндағы Солтүстік Кореяның Халықтың Оқу сарайы қазақ кітапханаларынан — көш ілгері. Ғажайып, көлемді ғимараттарда орналасқан белорус пен кәріс кітап қоймалары әлгі алматылық ескі-құсқы, кішілеу кітапханадан әлдеқайда үлкен. Мысалы, кәріс кітапханасы отыз миллион кітапты сақтай алады, оның сөрелерің ұзындығы — 260 шақырым! Салыстырмалы түрде, алматылық кітап қоймасында жеті миллион ғана кітап бар.
ҚР Ұлттық кітапханасында буфет те жоқ. Бұрын болған тамақ ішетін бөлмеде дипломат Мұрат Әуезовтің кабинеті орналасқан. Санитария мен әдептілік ережелерін бұзып, оқырмандар кітапхананың дәліздерінде тамақ ішуге мәжбүр. Ең алдымен, жазба материалдардына өрт пен су сынды тілсіз жау қауіп төндіреді. Содан кейін, цензуралық шектеулер бірнеше баспа материалдарын жоқ қылуда. Ал, білім алу үшін келген оқырмандарды үркітетін шала-сауатты масыл менттер қазақи мәдени мекемені қытайшыл-жоңғаршыл бірдемеге айналдырды. Тіпті, қатал Гитлер мен Сталин дәуірінде кітапханаларда полицайлар тайраңдап жүрмейтін.


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.