Найзағайдай жалт еткен ғұмыр

Бүгін, 2023 жылғы 18 маусымда оңтүстік астанамызда қазақтың атақты боксшысы Талғат Степанұлы Бердібековтің қырық күндік асы берілді. Қаралы жиынға қатысқандардың арасында Ермахан Ибрайымов, Серік Өмірбеков пен Асылбек Қилымов секілді даңқты бокс ардагерлері байқалды. Былғары қолғаптың шебері 1967 жылғы 3 мамырда туған, ал 2023 жылғы 15 мамырда аяулы Тәкең дүниеден өтті. Әсем Алматы қаламыздың арғын тумасы жайында біраз әңгімені шертуге рұқсат етіңіздер.

Боксшы Талғат Бердібековтің авторға берген қолтаңбасы.

Өз басым, 2000-шы жылдардың басында Алматыдағы Орталық стадион мен Тәкеңнің «Ер-ТАЛ» Олимпиадалық резервтің бокс мектебі«-нде марқұм бапкердің қадағалауында жұдырықтасудың қатал сабақтарын алған едім. Айтпақшы, қайран Талғат Степанұлы маған 2023 жылғы 21 сәуірде өз автографын табыстады. Осы жалғанда оның өмір сүруіне небәрі жиырма төрт күн ғана қалған еді. Әрине, сол маужыраған көктемгі күні қонақжайлы Бердібеков жолдастың бокс мектебінде отырып, онымен бірге шай-кофе ішіп Тәкеңнің арамызда жүргеніне соншама қысқа мерзімі өлшенгені үш ұйықтасам, түсіме кірмес еді. Былтырғы желтоқсанда қайтыс болған жеңіл салмақ дәрежесіндегі бокстан 1991 жылғы КСРО жеңімпазы Болат Теміровті еске алды арғын ағам. Тәкең орыс тілді қандасымыз болса да, еліміздің тарихын зерттеуге құштарлығын танытты. Әлгі соңғы кездесуіміздің барысында да, марқұм боксшы  халқымыздың түп-тамыры, отанымыздың болашақтағы тағдыры жөніндегі салиқалы ой-пікірлерін ортаға салды.

Талғат Бердібековтың асында.

Талғат Степанұлы 71 килограммға дейін салмақ дәрежесі бойынша Кеңес одағы  1988, 1989 жылдардың біріншілігінің екі мәрте қола жүлдегері. Сонымен қатар, ол 1992 жылы Данияда өткен Әскерилер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы. Бапкер ретінде де республикалық пен халықаралық жарыстардың бірнеше чемпиондарын даярлады. Олардың арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Берік Қалиев пен марқұм жезқазғандық боксшы Алмас Асанов болған еді. Көп жылдар бойы, Бердібеков жолдас Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының бокстан аға бапкері қызметін атқарып, Алматы қаласы бокс командасының аға бапкері жұмысын жасады. Айтпақшы, әлемдегі ең бай адамдардың бірі —  Кеңес Рақышев та студент кезінде Тәкеңнің «Ер-ТАЛ» Олимпиадалық резервтің бокс мектебі«-нде жұдырықтасты. Ал, басқа қала мен ауылдардан келген кейбір тұрмыс жағдайы төмен былғары қолғап шеберлері әлгі бокс мектебінде баспана тауып алып, Талғат Степанұлының есебінен тамақтандырылды.

Тағы да Талғат Бердібековтың қолтаңбасы.

Жалпы алғанда, Бердібеков ағайындары — дене шынықтыру саласындағы өшпес ізін қалдырған отбасы болып табылады. Жақында қайтыс болған ағасы Бақыт — еркін күреспен шұғылданған палуан. Тәкеңнің ерте кеткен егіз сыңары Бауыржан — еліміздің бокстан төрт мәрте жеңімпазы (1985-1989 жылдары), КСРО Қарулы күштері біріншілігінің чемпионы (1990 жылы, Нальчик қаласы). Бауыржанның баласы Шыңғыс та 69 килограммға дейін салмақ дәрежесінде еліміздің шарша алаңында атой салды. Міне, Шыңғыс сияқты Бердібековтердің жас ұрпағының өкілдері отбасылық іс-жоспарларын одан әрі асқақтатып жалғастырса, құба-құп болар еді.

Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
17 views

Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ

Subscribe to get the latest posts sent to your email.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.