Тоқмадидің мұраты
Тоқмадидің мұраты

Тоқмадидің мұраты

Views: 82

Әйгілі кәсіпкер, спортшы әрі қылмыскер Мұратхан Шакерханұлы Тоқмадидің (1966- ) ісі бойынша кейбір маңызды деректер әлі күнге дейін бұқара қауым үшін белгісіз боп қалады. Қамаудағы кейіпкердің 2018 жылдың 8 наурызында Тараз қаласында орын алған сайқымазақ қашу әрекеті осы жазбамның дүниеге келуіне түрткі болған. Биліктің пайдасына қойылған бұл спектакльдің негізгі мақсаты — халқымыздың назарын өтірік оқиғалармен шатастырып, нағыз әлеуметтік мәселелердің қиыншылығын жасыруы. Енді, 16 наурызда Жамбыл аймағының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық тезінің (ескіше айтқанда,соты“) үкімі бойынша Мұратхан мырза бас бостандығынан он жарым жылға айырылмақшы.

Мұратхан Тоқмади мен Мүсілімбай Дайырбеков марапат алған соң.

Мақаламыздың бас кейіпкерінің сол жағында тіс дәрігері мен бокс жетекшісі Мүсілімбай Дайырбеков (1938- ) тұр. Жылтырауық марапаттар және спорт әрекеттерімен қатар оларды тағы қандай жағдай жақындастырады? Екеуі де, бұрынғы достарының сатқындығына душар болды. 1984 жылы, Қазақ ССР КГБ-нің сол кездегі төрағасы, генерал-майор Зақаш Камалиденов (1936-2017) Мүсекеңді құрбандыққа шалып, табысты тіс дәрігерін темір тордың ар жағына бақандай алты жылға жібергізді. Келесі жылы, бұндай тінту “ерлігі” үшін жандарал Камалиденовтың омырауына Ленин ордені тағылды. Мансап қуған Зәкең досын да аямады. Кезінде, зергерлік өнерімен шұғылданған Мүсілім Дайырбекұлы тіс дәрігері болған соң да алтын бұйымдарын жұмыс бабында пайдаланды. Сайып келгенде, құнды заттарды жымқырдың, шетел барлаушыларымен ауыз жаластың айыбымен өз өмірінің ең өнімді кезеңінен айырылды Мүсекең.

Асыра сілтеушілікке берілген Зәкең сол кезде Өзбек ССР-інде өрбіген “мақта ісі“-не ден қойды. Мәскеудің өкілдері — парақор тергеушілер Тельман Гдлян (1940- ) мен Николай Иванов (1952- ) — талай өзбек акаларын қан қақсатты. Әрине, оңтүстік көршіміздің парақорлық деңгейі төмен болған жоқ. Бірақ, ең алдымен жемқорлықтың көкесі Кремльді тазалау керек еді. Алайда, саяси науқаншылдыққа берілген ресейліктер кішігірімдеу өзбек ұрыларынан ашуын алды. Сонымен, елгезек Зәкең “мақта ісі” тәріздес “тіс ісі“-н ұйымдастырған. Бұндай асыра сілтеушілікке орыстың көсемдері екеш көсемдері де таңдана қарады. Сол кездегі КСРО КГБ төрағасының бірінші орынбасары, армия генералы Филипп Бобков (1925-2019) “КГБ и власть“, 1995, атты естеліктерінде ағынан жарылды: “Главный его недостаток был в том, что, добиваясь поддержки в ЦК КПСС, Закаш допускал грубые ошибки. Он хотел показать себя русским больше, чем сами русские“. Орыстан артық орыс болғысы келген Зәкең өз досын да пида етті. Айтпақшы, Камалиденовтың шешесі де, әйелі де татар халқының өкілдері болып табылады. Қаны бір, діні бір татарлар (булгарлар) мен орыстарды біртұтас халық деп есептеуге тура келеді. Содан болса керек, Зәкеңнің бүйрегі орекеңдерге бұрған.

Қазіргі заманға қайта оралсақ, Мұратханның да ісі Мүсілімбайдың тауқыметін елестетеді. ҚР ҰҚК-нің төрағасы Кәрім Мәсімов (1965- ) Тоқмади мырзаның досы, триатлон спорт түрі бойынша оның әріптесі болды. Бірақ, қазақстандық тыңшыларды басқаратын сарт алыпсатары да опасыздық жасамай, тыңбас. Тағы да, мәскеулік ағаларының сара жолымен жүре отырады астаналық-сатаналық гебисттер. Әлгі ресейлік тергеушілер Кремльдегі шіріген байлардың мазасын алмай, кішігірімдеу дағыстандық немесе Сахалин пысықайларын қамап ұстауда. Ал, РФ бұрынғы қорғаныс министрі, жиһаз саудагері Сердюков сынды аса ірі ұрылар Мәскеудің кез келген тергеу мен қазы-билерінің тезінен аман-сау өтеді. Орекеңдердің аса сенімді серігі Қазақстанда да “әділет” жүйесі дәл осындай аянышты күйінде күйбең тіршілік етуде. Таяуда, ҚР ұлттық экономикасының бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаев (1980- ) он жылға бас бостандығынан айырылды. Былай алып қарағанда, Тоқмади мырзаның үкімімен салыстырғанда Бишімбаев мырза жарты жыл ғана кем отырмақшы. Бірақ, Қуандықтың мерзімі 2017 жылдың 10 қаңтарынан бастап есептеледі, ал Мұратханның мерзімі тек қана 2018 жылдың 16 наурызынан бастап есептеледі. Бишімбаев мырза кәдімгі қапаста отырмақшы, ал Тоқмади мырза аса қатаң тәртіпті қапаста отырмақшы. Демек, рэкетир-спортшыға қарағанда бұрынғы министрдің мерзімінен бұрын рақымшылық бойынша шығуына мүмкіншіліктері әлдеқайда басым.

Әрине, боксшы-триатлонистпен салыстырғанда бұрынғы министрдің саяси салмағы едәуір артық. Еліміздегі “заң” саласында ақ сүйек пен қара сүйек ұғымдары қалыптасқан. Банкир Ержан Тәтішевті (1967-2004) байқамай өлтірген Мұратханды қашқын банкир Мұхтар Әблязовпен (1963- ) байланыстырып тырысады гебисттер. “Муратхан Токмади. Звали его Мурка” атты “деректі” фильміне сәйкес, Әблязов мырза БТА банкінің алдында төрт миллион долларға тең Мұратханның қарызын кешірді. Сонымен, фильм авторларының ойынша, Тәтішевтің  беймезгіл ажалы осындай қомақты сомаға теңестірілген. Мысалы, 1980 жылы Аустралияның белгілі жан алғышы Кристофер Дейл Флэннери сол елдегі ауқатты заңгер Роджер Уилсонды өлтіру үшін 35 000 доллар жалақысын алды. Әрине, инфляцияны есепке алғанда Тәтішев секілді ірі қаржыгердің құны неғұрлым қымбат екендігі айдан анық. Соның өзінде, сараң Әблязов бұндай қылмыс үшін миллиондаған доллар төлейтіні — миға қонбайтын нәрсе. Оған қоса, банкирді жасырын әдіспен уландырмай немесе жасанды жол апатын ұйымдастырылмай, Ерекең көпе-көрнеу түрде туысы мен оққағарларының көзінше атып тасталған. Әлдеқайда қолайлы амалдарды пысқырмай, ең күрделі әдісті таңдады ма залымдар?

Тағы да айта кетерлік жәйт. Аягөздің тумасы Тоқмади мырза сол өңірдің боксшыларына пәтерлер мен жеңіл автокөліктерді сыйлады, жерлес бапкері Асқарбек Ғазизовты (1956-2023) қолынан келгенше көтермеледі, спортзалдарын арнайы жабдықтармен қамтамасыз етті. Ал, Мұратханның басына күн туғанда шойын жұдырықты содырлардың қолдауы сезілмеді.

Likes(0)Dislikes(0)
82 views

Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ

Subscribe to get the latest posts sent to your email.

Leave a Reply