Шалағай баспасөз хатшылары
Шалағай баспасөз хатшылары

Шалағай баспасөз хатшылары

Views: 18

Кейбір қазақсымақ жетекшілер мен байлардың жаман жері: қасақана түрде өз баспасөз хатшыларын ретінде қазақ тілін білмейтін кісілерді таңдайды. Ең бастысы, бұндай қызметкерлердің орысша әлде ағылшынша сайрайтыны болсын, ал қазақ қауымымен тікелей байланысының қажеттілігі шамалы. Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы қазақ тілін біле берсін, ал төменірек орналасқан басшылардың ресми өкілдері ҚР мемлекеттік тілінде сөйлеуге міндетті емес.

Банкир Нұржан Сұбханбердин, сол жақта, және диктор Светлана Коковинец, оң жақта.

Саясаткер Ахметжан Есімовтың көп жылдар бойы үзеңгілес баспасөз хатшысы Сергей Куяновты тілге тиек етейін. Физик Мұхтар Жәкішев басқарған “Қазатомөнеркәсіп“-тің ресми өкілі ретінде диктор Сергей Абрикович Насыров жұмыс істеді. Экономист Нұржан Сұбханбердин иелік еткен “Қазкоммерцбанк“-тің баспасөз хатшысы Лариса Коковинецті келтіруге болады.  Осы қоғамдық байланыстар мамандарының бәрі дерлік қазақ тілін білмейді. Демек, әлгі орыс тілді кейіпкерлер Қазақстанда қызмет атқарса да, біздердің мемлекеттік тілімізді көпе-көрінеу түрде менсінбей тұр. Олардың бастықтары да көп жағдайларда ана тілімізге шекесінен қарайды.

Мысалы, мен 2023 жылғы 29 қарашада әлгі Нұржан Сұбханбердинге қоңырау шалдым. Жырақта жүрген арғын руласыма оның туған күніне орай көңіл айтайын деп едім. Себебі, орысшыл-қытайшыл Қазақстанда негізінен қазақ кәсіпкерлері жазаланады. Есесіне, Александр Клебанов пен Владимир Ким сияқты келімсек алыпсатарлар елімізде тайраңдап жүреді. Нұрекең әңгімеміздің басында маған ағылшын тілінде жауап қайтарды. Мен осы кісімен қазақша амандасқаннан кейін, ол орыс тіліне көшті. Алайда, мен өз ой-пікірлерімді одан әрі қазақша өрбіткенде, айдаудағы банкир маған ашуланғандай әңгімемізді кенеттен доғарды.

Көрдіңіздер ме, Нұржан Сәлкенұлы қазақ халқына салқын қабақ танытуда. Тіпті, оның туған балаларына көбінесе бөтен жұрттың аттары қойылған: Жаннет, Нина, Шантель, Жаклин мен Оскар. Әрине, бұндай мәңгүрттеніп кеткен пысықайлар өзіне сай бибауырмал қызметкерлерді таңдай береді. Кезінде, негізінен көзбояушылық үшін Сұбханбердин мырза басқа қазақсымақ кәсіпкерлермен бірге “Тарлан” деген қомақты қаржы сыйлығын қазақ зиялы қауымының өкілдеріне тапсырған болатын. Бірақ, бибауырмалдау Нұржан қазақ мәдениетінің жанашыры емес. Себебі, ана тілін білмейтін осы банкир қоғамымыздың алдындағы ұпайларын түгендеу үшін ғана әлгі сыйлықты үлестірді. Ал, шын мәнінде, Сұбханбердин мырза Андрей Макаревич пен Алла Пугачёва секілді бөгде эстрадалық әншілердің жанкүйері.

Мұхтар Әблязов, Мұхтар Жәкішев пен Нұржан Сұбханбердин тәріздес орыс тілді пысықайлар ашық түрде ана тілімізге зиян келтірсе, шалағай қазақ тілді журналистер жасырын түрде мемлекеттік тіліміздің абыройына нұқсан тигізуде. Мәселен, футболдан “Евро-2024” біріншілігінің Англия мен Испания арасындағы ақтық ойынын “Қазақстан” ұлттық телеарнасында жүргізген комментаторлар “Цыплят по осени считают” орыс сөйлемшесін “Балапанды күзде санайды” сөзбе-сөз түрінде айдарды. Алайда, оның орнына қазақтың “Егін піспей қап сайлама” төл сөйлемшесін пайдалануға болар еді. Дәл сол телебағдарламада әлгі комментаторлар “жұлдыз ойыншы“, “әйгілі орындаушы” мағынасында headliner ағылшын зат есімін тамсана пайдаланды. Бөтен сөздерге құмар қазақсымақ журналистер ағылшын ұғымының орнына “басты кейіпкер“, “тұлға” сынды қазақи зат есімдерін келтірсе, әбден дұрыс болар еді.

Likes(0)Dislikes(0)
19 views

Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ

Subscribe to get the latest posts sent to your email.

Leave a Reply