“Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана” еліміздің жазбаша байлықтарын сақтауға үлес қосқан мекеме. Көптеген сирек кездесетін кітаптар, газет пен журналдарды сканерленген түрде кез келген ғаламтор пайдаланушысы оқи алмақ. Алайда, осы интернет жиынтығының тиімді жағдайларымен қатар, сүреңсіз мәселелері де баршылық. Сондықтан, kazneb.kz-ның бірнеше кемшіліктерін атап өтуге тиіспіз.
Мысалы, жыр алыбы Жамбыл атамыздың кейбір басылымдарын осы электронды кітапхана қысқартылған, цензураланған түрде жариялады. Оның “Путешествие на Кавказ“, 1938, жинағында ұлы көсем Иосиф Виссарионович Сталинді мадақтайтын әдебиеттанушы Мұхамеджан Қаратаевтың алғы сөзі жойылған, “Встреча с товарищем Ежовым” біртуар өлеңі жыртылған, еліміздің бұрынғы жетекшісі Левон Исаевич Мирзоянды мақтайтын жолдар өшірілген… Абырой болғанда, “Путешествие на Кавказ” жинағында қазақстандық мәңгүрт қалбит-мәмбеттері жойған сөздер мен өлеңдерді мен қалпына келтіріп, электронды түрде қайтадан шығардым. Осы жинақтың толық нұсқасын бұл сілтемеден жүктеп аласыздар.
Ұлы ақынымыздың тағы бір кітабы kazneb.kz-нің кесіріне душар болып, цензураланған түрде қайтадан жарық көрді. Жамбулдың ақындығына 75 жыл толуы тойына арналған “Жамбулдың өлең-жырлары” жыйнағы, 1938, көркем құндылығы зор “Ардақты ер Мирзоян” өлеңісіз электронды түрде шығарылған. Мен осы өлеңді Петербургтегі Ресей ұлттық кітапханасынан әрең дегенде тауып алып, бүтін емес kazneb.kz-нің нұсқасына қосып жібердім. Сайып келгенде, “Жамбулдың өлең-жырлары” кітабының толық нұсқасын осы сілтемеден жүктеп аласыздар. Әрине, цензураланған басылымдармен қатар электронды кітапхананың басқа олқылықтары да баршылық.
Мәселен, оның кітаптары мен журналдарының басым көпшілігін кәдімгі пайдаланушы жүктеп алмайды. Тіпті, авторлық құқық қорғамайтын 80-90 жыл бұрын жарияланған басылымдардың көбісін оңай түрде жүктеп алуға болмайды. Әлбетте, Данияр Наурыз тәріздес жырынды ғаламтор пайдаланушылары қорғалған кітаптарды да жүктеп алады. Алайда, оқырмандардың дені қиналып, электронды кітапхананың қызығын тиісті дәрежеде көрмейді. “Ғаламтор мұрағаты” мен “Ресей мемлекеттік кітапханасы” секілді шетелдік электронды кітапханалар да авторлық құқығын қорғап, кейбір басылымдардың жүктеп алуына шектеу қояды. Дегенмен, аталған өзге жұрттың мекемелерінде көптеген басылымдарды оңай әрі тегін түрде жүктеп алуға болады.
Сонымен қатар, “Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана“-ның идеологиялық кемшіліктері де жоқ емес. Ең бастысы, оның атауы солтүстік көршіміздің “Национальная электронная библиотека РФ”-ның көшірмесі болып табылады. Сөз жоқ, Ресейдің бөлігі деп саналатын Башкирия мен Татарияның жетекшілеріндей қазақстандық басшылар да маңызды шешімдерін солтүстік көршімізге жалтақтап қарап, маймылша көшіріп алады. Сонымен, 2003 жылы пайда болған rusneb.ru атауына еліктеп, 2007 жылы kazneb.kz дүниеге келді.
Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.