Еліміздің экономикасын қанайтын келімсек шонжарлар арасында оқта-текте қандастарымыздың төбесі де көрініп тұр. Жергілікті буржуазиясының қатарында ең елеулі тұлғалардың бірі – Болат Назарбаев пен Болат Өтемұратов. Біреуі – мызғымас падишахтың сантехник інісі, екіншісі – шошқа шұжығын тураған гастрономның бұрынғы директоры. Олардың байлығына есеп-қисабы жоқ. Алайда, ішкі дүниесі баяғы тоғышар қалпында.
2009 жылдың жазында, Алматыдағы 292-83-16 телефонына қоңырау шалдым. Естуімше, бұл Байтұрсынұлы көшесі, 104/А (Абай даңғылынан сәл жоғары) үйінде жұмыс істейтін Назарбаев Болаттың тікелей нөмірі болуына тиіс еді. Сымның арғы жағында падишахтың сантехник інісінің дауысынан айнымайтын лирикалық теноры естілді: «Бұл кім?» Мен жауап ретінде еш мүдірмей былай дедім: «Атым Данияр, жазушымын. Сізбен кездескім келеді». Қазақстандағы түрлі-түсті металлургияның тізгінін ұстаған сантехник таң қалғандығын жасырмады: «Данияр? Қандай Данияр?!» Болаттың түсініспеушілігіне ден қоймай, қайтадан өзім туралы қысқаша ақпаратымды бердім. Сантехник сабасына біршама түскен соң уәдесін берді: «Дүйсенбі күні келіңіз, сізді қабылдаймын». Келісілген күні Болаттың кеңсесіне барсам, жендет тәріздес күзетшілерінің артында тығылған Назарбаев кездесуден бас тартты.

Жырынды Болат Өтемұратовпен дидарласуы 2010 жылдың күзінде өткен жылпос Владимир Нидың жаназасынан соң орын алған. Сервелат пен ветчинаны асқан шеберлігімен тураған гастрономның бұрынғы директоры жайраң қағып, Алматы қаласы Фурманов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы Қабылдау үйінің банкет залынан шығуына бет алды. Жәмітұлымен дастарқандас болғандықтан, оған сәлем беруді жөн санадым. «Не керек еді?» – айтты тәкаппар гастрономшы амандасқаннан кейін. Өз кезегімде, ниетімді білдірдім: «Сіздің қабылдауыңызға жазылайын деп едім». Дүкенші Болаттың үні лезде өшті. Әңгімемізді жалғастыруға қанша талпынсам да, дүкенші-моншашы Болат жым-жырт күйінде лимузиндерге қарай талтақтап басты. Өтемұратов мырзаны темір тұлпарларының жанында әзер деген қуып жетіп алдым. Шегінуге жер болмаған соң, моншашы Болат жауап қайтаруға мәжбүр болды: «Алматыдағы менің қабылдау бөлімінің 244-54-44 телефонына хабарласыңыз. Сіздің мәселеңіздің шешімін ойластыра аламыз». Ақыр соңында, Өтемұраттың да уәделері қысыр кеңесіне ұласқан-ды.
Базар-мазар-вокзалдардың маршалы Болат Назарбай мен массаж-ресторан-сауналардың академигі Болат Өтемұратовтың ұсақ әрекеттері дүйім жұртымызға мәлім. Жоғары технологиялар мен күрделі өндірістің дамуын орнына, баяны жоқ Болаттар баяғы бақал сауда мен қарабайыр кәсіптерге қомақты инвестициялар құюда. Ақшаларының саны өссе де, сапасы жақсармады.

