Қызыл тудың дау-дамайы

Екінші Әлем соғысының негізгі бөлігі саналатын Ұлы Отан соғысы басталуының 83-ші жылдығына орай, осы әскери қақтығыстың кейбір елеулі оқиғаларын қайтадан ой елегінен өткізуге тура келеді. Негізінен, оның тарихи ақиқаттары анықталса да, әлгі соғысты тұжырымдайтын пікір-талас әзірше бітер емес. Мысалы, 1945 жылғы 30 көкекте қандасымыз лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен татар бауырымыз қатардағы жауынгер Григорий Болатовтың  гитлершілердің Берлиндегі ұясы — Рейхстаг ғимаратына Жеңістің қызыл туын тұңғыш боп орнатқанына ешбір күмән жоқ. Алайда, көбінесе шовинисттік пиғылдарға берілген КСРО славян-қапқаздық жетекшілерінің ұйғарымы бойынша осы ерлік үшін Кеңес Одағының батыр атағы орыс сержанты Михаил Егоров пен гүржі кіші сержанты Мелитон Кантарияға берілген. Бір қызығы, Сталиннің көзі тірісінде Қошқарбаев пен Болатовтың ерлігі танымал өнер туындысы арқылы тұспалдап мойындалған.

Ірі гүржі кинорежиссёрі Михаил Чиаурелінің “Берлиннің күйреуі”, 1949, тарихи көркем фильмінде Рейхстаг үстінен қызыл тудың орнатылуының үзіндісіне елеулі мән берілген. Кіндік Азия мен Қазақстанның өкілі іспеттес кинематографиялық жауынгер Жүсіп Жүсіпов (актёр А. Оразалиев) қаза тапқан ұлты украин жауынгері Константин Зайченконың (актёр Юрий Тимошенко) аманаты ретінде қызыл туды қабылдады. Рейхстагтың маңайында хал үстінде жатқан Костя әлгі жалындай лаулаған байрақты Жүсіпке беріп, оны гитлершілер ордасының үстінен орнатуға тапсырады.

Өкінішке орай, Жүсіп батыр Рейхстагтың төбесіне жетсе де жаудың оғынан мерт болады. Сонымен, нацистердің ордасы күмбезіне өзге қызыл әскерилер, атап айтқанда киноға да енген Егоров пен Кантария, Жеңіс жалауын орнатты. Ал, қайғырып қалған орыс жауынгері Алексей Иванов (актёр Борис Андреев) Жүсіптің денесін көтеріп, Рейхстаг төбесінің биігінен неміс астанасын өлген сарбазға ұсынғандай: “Жүсіп, Берлин — біздікі!” шабыттана дей салды. Сайып келгенде, Қошқарбаев пен Болатовтың асқан ерлігі дер кезінде тікелей мойындалмаса да, өнердің сиқырлы жолымен өзінше құрметтелген.

Бірақ, Сталин дәуірінен кейін түсірілген КСРО-ның соғысқа арналған кең ауқымды көркем фильмерінде азиат сарбаздарының жетістіктері көрсетілмеді. Әдетте, Ұлы Жеңістің батырлары ретінде славян, ебрей мен қапқаздық жауынгерлері паш етілетін. Анда-санда ғана, Игорь Гостев сияқты саңылауы бар кинематографистер орталық киностудиялар түсірген соғыс көркем фильмдерінде азиат әскерілерінің ерліктерін көрсетті. Әйтпесе, шовинизмнің кесіріне ұланған ресейлік режиссёрлер бұратана халықтардың батырларына шекесінен қарайды.

Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
4 views

Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ

Subscribe to get the latest posts sent to your email.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.