Батыр боксшымыз Серік Керімбекұлы Қонақбаевтың егізі Ерікті (1959-1986) қазіргі спорт сүйер қауымының дені білмейтін шығар. Әрине, Ерекеңнің атақ-даңқы жер жарған туған бауырының көлеңкесінде жүргені ғажап емес. Алайда, қыршынынан қиылған жігіттің еске алуға тұрарлық жағдайларын есепке алған соң, танымал спортшының егізі туралы жазуды жөн санадық. Өйткені, белгілі адамдардың өмірбаянын тереңірек білу үшін олардың туыстары мен дос-жарандары жөніндегі ақпарат артық болмас деп ойлаймын.
Жалпы алғанда, Ерік пен Серік бір-біріне онша ұқсамайтын. Атақты боксшыға қарағанда, Ерекең сәл аласалау, бірақ тығырышықтай мығымдау келетін. Серік бет-әлпетімен көбінесе өзбек, тәжікке тартса, Ерік керісінше жапон, кәрістен айнымайтын. Серік негізінен 63 килограммға дейін салмақ дәрежесінде Кеңес Одағы мен халықаралық турнирлерде топ жарса, Ерік 67 килограммға дейін салмақ дәрежесінде көбінесе аймақтық пен қазақстандық жарыстарда атой салатын.
Бүкіл әлемді аралаған белгілі спортшы әрі қоғам қайраткері Серікке қарағанда, жігерлі шешесі Балтуған қолында тұрған Ерік көбінесе Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында өмір сүрді. Ерекеңнің қыз баласы туа сала науқастанып кеткен жарымжан боп шықты. Әрине, бұндай қайғылы жағдай даңқты боксшының ақ көңіл егізіне ауыр тиді. Тағдырдың ызғарлы лебіне төтеп бере алмаған тараздық жігіт ішімділікке де салынған.
Еріктің құлдырап кеткен ахуалы Серіктің жанына батты. Әйгілі атлет мүмкіндігінше өз егізін қолдауға тырысты. Мысалы, “Мадам Вонг құпиялары”, 1986, шытырман оқиғалы көркем фильмінде Кеңес Одағының теңізшісі Болат Асқаровтың бас рөлін сомдаған Серік Қонақбаевпен қатар шетел қылмыскерінің ұсақ рөлін Ерік Қонақбаев ойнады. Бәлкім, осы фильмге қатысқан Станислав Говорухин, Армен Джигарханян, Александр Абдулов пен Ирина Мирошниченко сынды киножұлдыздарымен араласып кетсе Еріктің өмірге көзқарасы оңға қарай өзгерер еді үміттенген Серік. Теңіздің ғажайып табиғат аясында бауырым Ерік демалып, шабыт алсын армандаған шығар беделді боксшы.
Алайда, онысы болмады. Көп ұзамай, Ерік Керімбекұлы өз-өзіне қол жұмсады. Сәтсіздікке ұшыраған әуесқой спортшының қыршынынан қиылған ғұмыры осылай аяқталды. Жалпы алғанда, 1980-ші жылдарының орта тұсы Серік Қонақбаев үшін қиындау еді. Саяси себептерге орай атлетіміз 1984 жылғы Лос Анджелес жазғы олимпиялық ойындарына қатыса алмады. Бірақ, атақты боксшымызға сол кезеңнің ең ауыр соққысын туған бауыры Еріктің мезгілсіз ажалы келтірді.
Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.