Қазақта не көп, мент пен тыңшылардың мекемелері көп. Еліміздің ең сүбелі жерлері, мемлекеттік бюджетіміздің ең қомақты үлестері режимнің әлгі күзетшілердің сыбағасына тиеді. Бірақ, көптеген жағдайларда соншама елеулі қаржы-қаражат бұқара халқымызға беймәлім мақсаттарға жұмсалады. Енді, бұрынғы және қазіргі Қазақстанның кейбір жасырын ақпаратын әшкерелеуді өз борышым санадым.
Алматы қаласындағы Сәтбаев пен Сейфуллин көшелерінің қиылысында жұмбақты ғимарат орналасқан. Оның сыртында осы ғимараттың мәртебесін айқындайтын ешқандай маңдайша, жазулар жоқ. Тек қана, оның ауласына кірсеңіздер, әлгі ғимараттың ішкі кіре-берісінің үстінде “Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің нөмірі 61329 (жабық) әскери бөлімшесі” маңдайшасы қойылған. Бірақ, дәлірек айтқанда, осы үйде қызмет ететін кісілер немен шұғылданады? Бұл ғимарат пен оның ауласы — ҚР ҰҚК гараждарының бірі. Тыңшылардың көліктері жан-жақты түрде күтіледі: техникалық қызмет көрсету, көлік жуу, мемлекеттік нөмірлер ауыстыру… Әлгі гаражда орналасқан көліктер неше түрлі мақсаттарды орындалуға арналған. Мысалы, пәлен әкім, кәсіпкер немесе жорналистті аңдитын көліктер үшін осы гараж әжептеуір қолайлы жерде орналасқан: Алматының орталығы, жолдардың торабы…
Енді, өткен тарихымыздың кейбір құпиялы тұстарын еске алайық. 2012 жылы жарық көрген, Сәбет Жақыпбеков пен Евгений Минеев жазған “Правительственная связь Казахстана” кітабының 84 пен 86 беттерінде Қазақ ССР аумағында орналасқан “Мушкет” пен “Спартак” нышандарын қамтитын “Татры” байланыс жүйесінің жер үстіндегі нүктелер тілге тиек етілген. Жарайды, “Татры” байланыс жүйесі аса қысқа толқындарда тәулік бойы істейтін жылжымалы (ұшақтар мен теміржол арбалары) және тұрақты (жер үстіндегі нүктелер) бөліктерден құрастырылған құпиялы үкіметтік байланыстың түрі болғанын — баяғыдан бері белгілі дүние ғой. Алайда, “Мушкет” пен “Спартак” нышандары туралы ашық ақпаратты тауып алу қиындау еді.
Абырой болғанда, Украинаның тұрғыны әрі КСРО КГБ-нің ардагері Владимир Петровтың арқасында “Мушкет” пен “Спартак” нышандарының лақап атының артында қандай құпиялы мекемелер тығылғанын біліп алдым. Олар Семей аймағы мен Солтүстік Қазақстанда орналасқан атом қару-жарағын тасымалдайтын құрлықаралық баллистикалық зымырандар базаларының лақап аттары болған еді. Айтпақшы, Петров мырзаның өзі Семей атом сынақ алаңында контрбарлау әрекеттерімен шұғылданды, Кеңес Одағы атом қару-жарағы көкелерінің бірі академик Юлий Борисович Харитонмен кездесті. Демек, украиналық әріптесімнің елімізбен тікелей қатынасы болған еді.


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.