Бейімбет Майлын. “Ленін шәкірті”
Бейімбет Майлын. “Ленін шәкірті”

Бейімбет Майлын. “Ленін шәкірті”

Views: 7

1936 жылғы 24 қаңтарда, Қазағыстан өлкелік партиа кәмитетінің, Қазағыстан орталық атқару кәмитетінің, Кәсіпшілік одақтарының өлкелік кеңесінің жана Алматы облыстық партиа кәмитетінің “Сациалды Қазағыстан” тілі танымал жазушымыз Бейімбет Майлиннің “Ленин шәкірті” жазбасын жариялады.

Терезеден бақшиған күн сәулесі Сағымбайдың бетіне дәл түсіп, ажарын күлім қақтырғандай еді. Күлімдетіп отырған күннің нұры ғана емес, тасқындаған ойдың бетке шыққан ұшқыны. Сталін жолдастың стақаныпшылар жиылысында сөйлеген сөзін оқып отыр. Бір емес, әлде неше оқып шықты. Оқып шығады да, күлімсіреп басын көтереді:

— Менше?.. Мен бола алармын ба? — дейді ойланып.

Райком бұны осы қалқозға бастық қып жібергенде, жұмыс қарқыны тым бәсең еді: қалқоз шаруасының әлсіздеу кезі еді. Екі жылдың ішінде осы қалқоз ауданда бірінші болып отырған жоқ па? Егін шығымы орасан артты. Мал басы қаулап өсті. Әлденген қалқозшы еңбектің не түрлі жаңа әдістерін ойлап тауып, шоқтығы көтеріле түсіп отыр…

— Мұның аты не? — деді Сағымбай күлімсіреп. — Мұның аты — стақаныпшы болғандығымыз!

Сағымбай” — “Стақанып” деген екі сөз ойында жарыс салғандай қатарласты да, тасқындаған ой бір есе қалықтап аспанға шыққандай боп, бір есе — өмірдің өткен кезеңдеріне үңіле түскендей болады. Өткенді ойлады десе, Сағымбайдың қабағы сәл жабыла түскендей болады.


… “Жынды” деген атты арқалағандай Сағымбайда өрескел мінез жоқ еді. Өз өміріндегі жалғыз өрескел ісі — Бекбосын деген байдың таяғына көнбей, малайлықтан безу болды. Үркімбай деген шалдың қолына “кішік күйеу” боп кіріп, соның қызына үйленді. Онда жүріп те кәсіп істеп жарытпады. Істей қалса, жұмысының түрі де көпшіліктен бөлек еді: жалғыз атқа жегетін ағаш соқа ойлап шығарған осы Сағымбай болды; жалғыз белді, алапсыз арба істеп жеккен де осы Сағымбай болды… Сағымбайдың дене құрылысы да көпшіліктің тәлкегіне жол ашқандай еді: сырғауылдай ұзын бойы, арбиған саусақ, қолағаш мұрын, өміріне сергуіңді білмейтін тұнжыраған қабақ — басқадан мұны бөлектей түскендей еді. Үркімбайдың қызы бұған әйел боп тигенде тым жас еді; есі кірген сайын, Сағымбайға тағылған ұнамсыз аттан шошынатын болып, бойын аулақ салатынды шығарды. 17-жылдың жазында сол кісі ауылды жиып, “Сағымбайдан кетемін!” — деп ылаңды салды… Ауыл билігіне ие боп отырған Кәкен мырза, әйелге — “кетпе!” деп ақыл айтпақ болғанда, Сағымбайдың өзі араға түсіп: “ренжітпеймін, барсын” — деген сөзді айтты. Ауыл өсекшілері сүйреңдеді: — “үйтпесе, Сағымбай жынды бола ма?…” — деп.

Сағымбай әйелінен айрылғанда — бір ұл, бір қызы қолында қалды. Қызы — Жұпар сонда аттай 10 жаста еді. Үй түйтігін осы қыз меңгерді. Сағымбай шын “ағайынды” көрші пәсөлкеден тапты: ұзын Сергей деген кедей орыс пен шек-қарны араласып тумалас адамдай болып кетті. Содан былай тәлкекшілдер бұл екеуін — “Қос собал” деп атайтынды шығарды.

18-19-жылдардағы партизан қозғалысының қалың ортасында ұзын Сергей жүрді. Партизан қозғалысын баспақ болып ақтың әскерлері лек-легі мен қаптады. Пәсөлке қалқы талан-таражға ұшырады. Талайы ұрған қамшының астында жан тапсырды… Көрші отырған Күсеміс ауылының маңдайынан шерте білмеді; үйткені — Кәкен мұрза ауылын иіріп ұстап, ақтың әскеріне астыртын көмектесу мен болды. Кәкеннің тілін алмай пәсөлкеге жиы қатынаудан тоқталмаған — жалғыз Сағымбай еді, жиырма бес қамшы мұның арқасына да тиді… 21-жылдың күзінде Сағымбай орыс пәсөлкесіне көшіп барып, ұзын Сергей мен көрші болды. Қызы да, ұлы да орыс школінде оқыды. Ұзын Сергейдің үгіттеуі мен, Сағымбай сол жылы партиа қатарына кірді.

… Қыс еді. Сібірдің буығының бет қаратпай тұрған кезі. Үсіген, жаурағанына қарамай Сағымбай ауылына келді. Өткен түні телеграмнан суық қабар алынды: — “Ленін өлді“… — деген. Осы екі ауыз сөз әлем жүзін қайғыға бөліп, қараға көмді. Кісі өліміне Сағымбай қайғырады деп кім ойлаған! Талай байдың “боздақтары” өліп, байдың көңілі үшін барлық ел шулап жылап жатқанда да, Сағымбай қайғырмайтын ғой… Бұл жолы қабырғасы мықты қайысқандай боп қайғырды. Қайғыруы дәлелді еді: әкесі марқұм Сағымбайды дүниеге келтіріп, “жынды” деген атқа ие қылса, Ленін партиасының басшылығы мен пролетариат табы Өктәбір төңкерісін жасап, Сағымбайды адам қатарына қосты… Сағымбай осыны түсіндірмекші еді көпшілікке.

Орталықтан өкіл келіп Ленін туралы баяндама істегенде, Сағымбай соның ішінде болды. Сағымбай сөйлемекші боп орнынан тұрғанда, Кәкен мырза безілдеп:

— Сағымбай, сен қоя тұр, мына уәкіл сөйлесін — деді.

— Неге қоя тұрам? — деп Сағымбай оған шап берді. — сықақ керек қой саған: “осы жындыдан не жөнді сөз шығушы еді…” — деп отырсын ғой?.. көрсетермін жындыны! Мен Ленін партиасының адамымын. Мен — Леніннің шәкіртімін! Леніннің өлімі маған батады; мен сиақты кедейге батады…

Осы секілді кесек сөздер Сағымбайдың аузынан түйдектеліп шығып жатты. Сөз бен қабаттаса көзінен жас та ыршыды. Талайларды күрсіндірді. Талай көз жас пен шыланды.

 — Қатасы жоқ сөзінің… Сағымбайдікі дұрыс — дегенді екінің бірі ақ айтып салды.

Осыдан былай Сағымбайдың өз аты ұмытылған секілденіп, “Ленін шәкірті” — деген сөз көпшіліктің аузына сіңе берді.


… Ой құшағында отырған Сағымбайды — сызылтып салған бір сұлу ән әлде қайдан естіліп, еліктіріп әкетіп бара жатқандай болды. Сағымбайдың ажары тағы күлім қақты. Сағымбайдың қызы Жұпар — Мәскеуде енженерлік оқуында. Жазғы дем алысқа келгенде — осы әнді Жұпар салып еді. Баласы Тұяқпа — Алматыда оқиды — өзі қалқоз бастығы. Аудан, обылыс, өлке гәзеттері даңқты адамдарды сөз қылғанда, алды мен Сағымбайды атайды.

— Үйткені, мен Ленін шәкіртімін… Стақаныпшымын — деді Сағымбай көтеріле түсіп.

Терезеден телміре қарап, даладағы өмірді тамашалаған Сағымбайдың бетіне ынтық болған секілденіп — күн бақшиып қадалды да тұрды.

— Шіркін, сәулетті өмір, саған да келіп жеттік!… Құтқармадық ақыры… — деді Сағымбай ән мен қабаттаса сөйлеп.

Likes(0)Dislikes(0)
6 views

Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ

Subscribe to get the latest posts sent to your email.

Leave a Reply