Электроқуат өндіретін кәсіпорындардың қыруар табыс табатынын баршамызға аян. Кеңес Одағы тұсында күйбең тіршілік кешкен энергетиктер, қазіргі таңда алпауыттардың қатарынан орын алуда. Бірақ, сол заманның қуатты ағайындары орташа жалақылар алса да, орасан зор еңбек атқарған-ды. Ал, бүгінгі уақытта олардың ізбасарлары май шелпекті жесе де, тұтынушыларына сапалы қызмет көрсетуіне енжарлықпен қарауда. Жабайы капитализмнің басты заңы — қайткен күнде де пайда табу. Қолы сұғанақ энергетиктер жоғары дәрежедегі құрал-жабдықтарының орнына сын көтермейтін арзан техниканы сатып алады да, сапалы мен сапасыз өнімдерінің арасында қаржылай айырмашылықты қымқырып кетеді. Әрине, бастықтар мен тексеруші мекемелердің сыбағасын беруін мүлдем ұмытуға болмайды! Экономикамыздың мызғымас тіректерінің бірі — сыбайлас жемқорлығы. Сондықтан, әр қитұрқы адамның тасасында үлкен кісілердің нобайы көрінуде.
«Алатау жарық компаниясы» акционерлік қоғамы да оңай олжа табуға дағдыланған мекемелердің бірі. Алматы әсем қаламызда ел аман, жұрт тыныш болған кезінде де ебедейсіз жергілікті энергетиктер өз тұтынушыларын талай рет электроқуатсыз қалдыруда. Ешбір тілсіз жау немесе қандықол террорист энергетиктердің жұмысына зиян келтірмейді. Жай ғана парақорлық пен селқостықтың салдарынан жүздеген мың қалалық тұрғындар жиі шамсыз тіршілік етуде. Материалдық шығын былай тұрсын, қаншама моральдік зиянға себепкер болып үлгерген икемсіз энергетиктер! Ғажайып спорт бәсекесінің тікелей эфирін үзіп жібереді әрі обыр, әрі озбыр «Алатау жарық компаниясы» мекемесі. Кабель интернеттегі еркін саяхаттансаңыздар да, оны да өшіріп тастайды тойымсыз «АЖК». Еркінсіп кеткен энергетиктерден тиісті айыппұлдарды да өндіру қиын нәрсе. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 10 қазанындағы № 1355 қаулысы «Электр қондырғыларын орнату қағидалары» 25 тармаққа сәйкес, ІІІ санаттағы электр қабылдағыштар үшін электрмен жабдықтау жүйесінің зақымдалған элементін жөндеуге немесе ауыстыруға арналған электрмен жабдықтаудағы үзіліс уақыты 1 тәуліктен аспаса, электрмен жабдықтау бір қорек көзінен жүзеге асырылады. Демек, энергетиктер сіздерді күн сайын шамсыз қалдыруға құқылы. Әйтеуір, электроқуатсыз уақыт бір тәуліктен аспаса, оларды жауапкершілікке тартуы мүмкін емес.


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.