Кеңес Одағының атақты эстрадалық әншісі Мүслім Магомаев кейбір әндері үшін музыканы да жазған. Мүсекең сазгер ретінде ойлап тапқан және вокалист ретінде орындаған тамаша әндердің бірі сыршыл ақын Николай Добронравовтың өлеңі “Земля — родина любви”. Осы терең мағыналы туындының келесі сөздері жүрегімізді мейлінше тербетер: “Средь звёзд горсточка людей… Во всей Вселенной мы одни…” Иә, бұндай орасан зор жалғыздықтың зіл батпандай ауыртпалығы ойшыл тірі жанды қапаландыратыны сөзсіз.
Дегенмен, қаншама күрделі болса да, осындай өзекті пәлсапалық сұрақты одан әрі зерттегеніміз жөн. Шынында да, қандай қолдан жасалған зат әлде шығармаға ой жүгіртсеңіз, барлық жасампаздық, өнер мен ғылыми туындыларын біз ғана жараттық. Ертегідегі құдай немесе жұлдыздан ұшып келген өзге өркениеттің жаршысы емес, барлық кітап, үй, машиналарды кісілер ғана ойлап тапты. Даңқты археологтар Генрих Шлиман мен Әлкей Марғұлан көне заманның жәдігерлерін қазбалап, тек қана ата-бабаларымыз өндірген бұйымдарды анықтады. Танымал астрофизиктер Виктор Амбарцумян мен Карл Саган аспанға қаншама үңіліп тұрса да, басқа өркениеттің іздерін тауып алмады. Демек, мыңдаған жылдар бойы жер-шарымыз, өзге планеталар түрлі әдістер көмегімен зерттелсе де, шын мәніндегі бөтен біреулердің туындыларын күні бүгінгі дейін айқындалмады. Сайып келгенде, әзірше біз бен Жараталыс Ананың құбылыстарына ғана куә боп тұрмыз.
Расында, келешекте басқа өркениеттің іс-әрекеті мен бұйымдарына тап болуымыз мүмкін. Дегенмен, бұндай болжамдар кейде құр қиялдау, бос үміттенуге ұқсайды. Біз шектен тыс армандауға беріліп, мифологиялық кейіпкерлер немесе басқа планеталарды мекендейтін тірі жандарды ойлап табумен әлекпіз. Жергілікті патшалар мен көсемдерді аспан бұйрығымен белгіленген ерекше бірдемелер ретінде пайымдағанымыз да жоқ емес. Алайда, түптеп келгенде, біздің мәдениет, тарихымыздың жалғыз ғана анық көрінетін негізі — жаратылыс арқасындағы жүзеге асырылатын кісілердің шығармашылығы. Сөз жоқ, паң қатынның сұлулығы немесе техниканың орасан зор жетістіктері бізді ерекше шабыттандырып, бұндай біртуар құбылыстарды аспандағы Теңрімен теңестіруге себепкер болуы мүмкін. Бірақ, ақын мен суретшінің шектен тыс шыққан көркем теңеулері жаратылыстың шынайы келбетін сипаттай алмайды. Демек, мұқиятты зерттеушінің салқын қанды көзқарасы әзірше өзге өркениеттің айғақтарын анықтамады. Сондықтан, жер-шарының барлық тұрғындары жұлдыздар арасындағы жалғыз көштің қатысушылары ретінде жетімсіреп тіршілік етуде.
(0)Dislikes
(0)Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.
