ИТАЛИЯНЫҢ  САҢЛАҚТАРЫМЕН  ДИДАРЛАСУ
ИТАЛИЯНЫҢ САҢЛАҚТАРЫМЕН ДИДАРЛАСУ

ИТАЛИЯНЫҢ САҢЛАҚТАРЫМЕН ДИДАРЛАСУ

Views: 47

Биылғы көктемде Алматы қаласының әуесқой бокс федерациясының президенті Кеңес Хамитұлы РАҚЫШЕВТЫҢ қолдауы арқылы Италияда осы елдің тілін мен мәдениетін зерттегенбіз.

Сонымен қатар, оқудан бос уақытында  Аппенин түбегіндегі атақты спортшылармен қауышуға сәті түскен-ді. Атап айтқанда, Италияның орта тұсында, әдемі төбелердің бөктерінде орналасқан Ассизи қалашығында Роберто КАММАРЕЛЛЕМЕН сәуір айында сұхбаттастық. Оның туған жылы 1980, Милан, Италия. Аса ауыр салмақ дәрежесінде бокстан Пекин Олимпиялық Ойындардың (2008) жеңімпазы, екі мәрте Әлем чемпионы: Чикаго (2007) және Милан (2009). Италияның мемлекеттік полицияда қызмет етуде. Италия әуесқой бокстан ұлттық құрамасының бас бапкері Франческо ДАМИАНИ де бізбен кездесті. Дамиани мырза аса ауыр салмақ бойынша 1982 жылдың Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Осы жарыста, аты аңызға айналған Теофило СТИВЕНСОНДЫ айқын басымдылықпен жеңді. Сонымен қатар, Дамиани бапкер 1984 жылдың Лос-Анджелес Олимпиялық Ойындарының күміс жүлдегері.

Бұл қалашықта итальяндық әуесқой бокстың ұлттық орталығы орын тепкен. Таза ауа, мөлдір су дайындықтан өтетін боксшыларға қосымша күш-жігерін бермек. Төбелердің шыңдарына жетелейтін тас жолдармен жүгіретін спортшылар ерекше төзімділікке иелік етуде. Ассизи – католиктер үшін киелі мекен, Италияның Түркістаны деуге болмақ. Бірақ менің пайымдауымша, басқа итальяндық аймақтармен салыстырғанда нәсілшілдік пен ұлтшылдық жиірек сезіледі.

2009 жылының күзінде, Роберто Каммарелле Санкт-Петербургте өткен оқу-жаттығу барысында ресейлік алып боксшы Николай ВАЛУЕВПЕН спаррингте күш сынасты. Робертоның айтуынша, Валуевтың қимылдары шабандау мен жұдырықтасу техникасының деңгейі төмендеу, бірақ салмағы 140 килограммнан асқан,  бойы 213 сантиметр Николайдың қара күші тіпті Каммарелле сияқты асқан шеберлер үшін өте қауіпті.

Роберто көп жылдар бойы шаршы алаңда қан мен тер төксе де, қазақ боксшыларымен ресми жекпе-жектерде қолғап түйістірген жоқ. Мысалы, атақты итальяндық боксшының жұлдызы жарқырап бастағанда, соққылары жойқын Мұхтархан ДІЛДӘБЕКОВТІҢ дәуірлеген кезі аяқталған еді. Каммарелленың көзқарасы бойынша, жалпы алғанда қазақ боксшылары физикалық жағынан мығым, техникалық дайындығы жоғары деңгейде. Алайда,  қазекеңдерге фантазиясы жетіспейді, олардың айла-әдістері бір қалыпты. Ұқсас жағдайлар да баршылық, деді Роберто. Мәселен, қазіргі таңда Италияда аса ауыр салмақтағы керемет боксшылар жетіспейді. Қазақстан да мынадай тапшылыққа душар.

Роберто Каммарелле өз өмірінің маңызды жәйттерін паш етті: «Италияның бизнес пен өнеркәсіп астанасы Миланда туып-өссем де, соңғы үш жылдар бойы жұбайы мен баламен бірге Ассизиде тұрамын. Жұмысым да, негізгі спортбазам да осында. Ыңғайлы. Николай Валуевпен спаррингтерден соң көзім жетті – кәсіби боксшы болу қолымнан келеді».

Күн көру үшін, Каммарелле Италияның мемлекеттік полициясында қызмет етуге мәжбүр. Іргелі ел болса да, итальяндық үкімет тіпті даңқты боксшыларға қаржылық қамқорлығын көрсетпейді, марапаттау қағаздарын мен атақтарын ғана беруде. Тұрақты түрде дарынды атлеттерді қолдайтын Тимур ҚҰЛЫБАЕВТАЙ белді демеушілер жоқ, пәтерлер мен машиналарды сыйлайтын жергілікті әкімдері де көрінбейді. Оған қоса Италияда біздегідей емес, мектеп пен тұрғын үйлердің ауласында орналасқан турниктер мен басқа тегін спорт құралдар сирек кездеседі. Итальяндықтар өте көп темек тартады, бұл да денсаулыққа кері әсер етуде. Демек, жалпы алғанда біз дене шынықтыруы бойынша олардан оздық.

Солдан оңға қарай: Роберто Каммарелле мен Данияр Наурыз.
Roberto Cammarelle and Daniyar Nauryz.

 

Солдан оңға қарай: Франческо Дамиани мен Данияр Наурыз.
Francesco Damiani and Daniyar Nauryz.

Ал Патрицио ОЛИВАМЕН кездесу Италияның оңтүстігінде, Рим мен Неаполь арасында теңіз жағалауында орналасқан Формия қалашығында мамыр айында өткен-ді. Осы елді мекенде кейбіреу олимпиялық спорт түрлеріне арналған маңызды спорт кешені қызмет етеді. Тіпті, шетелден келетін атлеттер де аз емес. Әрине, пальма сияқты таңсық ағаштардың қоршауында денені шынықтыруының өзі бір ғанибет. Ірі шаһарлардай емес, Азия мен Африкадан келген еңбек мигрантары жоқтың қасы. Сондықтан, нағыз итальяндық қоғамын байқауға әлдеқайда қолайлы.

Солдан оңға қарай: Данияр Наурыз бен Патрицио Олива.
Patrizio Oliva and Daniyar Nauryz.

Оның туған жылы 1959, Неаполь, Италия. 63.5 килограмм салмақ дәрежесінде бокстан Мәскеу Олимпиялық Ойындардың (1980) жеңімпазы, осы Ойындардың ең үздік боксшысы ретінде Вэл БАРКЕР кубогінің иегері, финалда Серік ҚОНАҚБАЕВТАН басым түсті. 1980-92 жылдарда кәсіпқой боксқа қатысқанда Италия чемпионы (1981), Еуропа  чемпионы (1983) және Әлем чемпионы (WBA, 1986) атанған-ды. 59 кәсіби жекпе-жектерде 57 рет жеңді. Бапкер ретінде, аса ауыр салмақ дәрежесінде (91 килограммнан жоғары) Сидней Олимпиялық Ойындардың (2000) қола жүлдегері Паоло ВИДОЦ пен ауыр салмақ дәрежесінде (91 килограммға дейін) Еуропа чемпионы (Минск, 1998) Джаккобе ФРАГОМЕНИ секілді әуесқой қолғап шеберлерін дайындады. 1999 мен 2000 жылдарда, Еуропалық әуесқой бокстың ассоциациясы оны кәрі құрлығындағы ең үздік әуеской бапкер ретінде таныды. Керемет әнші, «Көбелек аймағы» («Butterfly Zone») телефильмінде көне Рим сенатордың рөлін сомдады. Аты-жөні де мағыналы – Патрицио («ақ сүйек») Олива («зәйтүн»).

Сөз жоқ, спорт сүйер қауымыздың Патрицио Олива жөніндегі ең қызықтыратын жәйті – Мәскеу Олимпиялық Ойындардың төрінде өткен Серік Қонақбаев пен итальяндық боксшы арасындағы тартысты шешуші жекпе-жегі. Олива мырзаның айтуынша, өз Отанында бокстасқан Серікті тек қана айқын басымдылықпен жеңсем, алтын медальге қол жеткізе аламын деп дегбірсіздендім. Финалдық кездесу шамамен тепе-тең өткен-ді, бірақ жеңісіме менің құштарлығым төрешілерге оң ықпал жасаған шығар. Бүгінгі кезде досым Серікпен оқта-текте ғана дүбірлі додаларда кездесіп тұрмыз. Шіркін, спорттан да тыс жоспарларды Серікпен бірігіп атқарар едік!

Жұдырықтасу өнерін бес саусағындай білетін Патрицио Олива сан-алуан пікірлерін ортаға салды: «Сидней Олимпиялық Ойындарында Паоло Видоц үшін алтын медальді жоспарладық. Ширек финалда болашақтағы кәсіби бокстың жұлдызы нигериялық Сэмюэль ПИТЕРДІ қиналмай жеңді. Бірақ, жартылай финалда сүрінген-ді. Менің ұстамдылық пен тактикалық ойын жөнінде ақыл-кеңестерім елемей, бойшаң мен тегеурінді британдық Одли ХАРРИСОНМЕН ашық айқасқа кірісті. Бәлкім, дембелше Паоло осындай қызыл шеке төбелесті ерлік деп санаған. Ақырында, тұманды Альбионнан келген қара нәсілді қарсылас Видоцты оңбай сабаған-ды.

Джаккобе Фрагомени талапты шәкіртімді кәсіби бокстан бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы атағына дейін жетелеп алдым. Алайда, оның менеджермен тіл табыспай, Джаккобемен қош айтыстым. Мүмкін, осы талас-тартыс нәтижесінде бұрынғы шәкіртім жақында құрметті атағынан айырылды. Италиядағы кәсіби бокстың жағдайы алаңдатады. Толық қанды шараларға септік тигізе алатын қаржы-қаражаттың тапшылығы сезіледі. АҚШ пен Германия секілді кәсіби бокс бойынша әлем орталықтары түгіл, Польша екеш Польша да бізден алда тұр.

Белгілі отандасым Роберто Каммарелле де жас кезінде менен тәлім алған-ды. Қазіргі уақытта, аса ауыр салмақ дәрежесінде бәсекелестік бәсеңдеді. Қаһарлы кубалық боксшы Алексис РУБАЛКАБА рингтегі өнер көрсетуін аяқтады. Атақты ресейлік былғары қолғап шебері Александр ПОВЕТКИН кәсіби бокска ауысты. Сондықтан, Робертоның тынысы кеңейіп, ол әлем көшбасшысына айналды. Әуесқой бокста қалғаны – дұрыс шешімі. Әйтпесе, кәсіби бокстың Владимир КЛИЧКО сияқты сайыпқырандары Каммарелледен тас-талқанын шығарады.

Маған кәсіби бокстан Флойд МЕЙВЕЗЕРДІҢ техникалық шеберлегі ұнайды, Мэнни ПАКЬЯОНЫҢ физикалық күшіне таңданамын. Әуесқой бокстан Доменико ВАЛЕНТИНО ұнайды. Осы боксшылар менің салмақ дәрежесінде сайыстарға қатысуда.

Мен аралас жекпе-жектерге мүлдем қарсымын. Спортка қайшы бұл әрекеттер гладиаторлық қантөгісін елестетеді. Жалпы алғанда, боксшының жылдам әрі жойқын соққыларға палуан төтеп бере алмас. Мафияға қарсы науқаны діттеген нәтижесін әпермеді. Италияда ұйымдасқан қылмыстың жұрнақтары жетіп жатыр. 1979 жылдың, Кёльндегі өткен Еуропа біріншілігінде Серік Қонақбаев төрешілер шешімімен мені жеңіп, алтын медальді иеленді. Бірақ, залдағы негізінен бейтарап көрермендері мынадай шешімге наразылығын білдіріп, жарты сағаттай шулады және де шаршы алаңға қарай қоқысты лақтырды».

Солдан оңға қарай: Зубин Мета мен Данияр Наурыз.
Zubin Mehta and Daniyar Nauryz.

Ал, соңғы кездесуіміз үшін мамыр айының соңында Флоренцияға ат басын бұрдық. Классикалық музыканың хас шебері, күллі әлемге әйгілі дирижер Зубин МЕТА бізбен әңгімелесті. Оның туған жылы 1936, Бомбей, Үндістан. Ұлты парсы, діни зороастризм (Жаратушыға, отқа табыну). Ливерпульдегі Жас дирижерлердің байқауында бірінші сыйлықтың иегері (1958). Монреаль (1961-67) мен Лос-Анджелес (1962-78)  симфониялық оркестрлердің бас дирижері, Нью-Йорк филармониялық оркестрдің бас дирижері (1978-88). Әлемдегі ең даңқты дирижерлердің бірі. Атақты тенорлар Паваротти, Доминго мен Каррерастің концерттерінде дирижер болды.  Миландағы «Ла Скала» мен Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сияқты беделді театрларда қойылымдарының бас дирижерлігін етті. Қазіргі таңда, Флоренция опера театрын басқаруда. Отансүйгіш: Үндістан азаматтығын сақтады және осы мемлекетте музыкалық мектептер ашты.

Неткен ғажайып қала – Флоренция! Сурет салу мен мүсін жасау өнерінің керемет ескерткіштеріне толы әлем ордасы. Оның тұрғындарының арасында, бүкіл адамзатқа асыл мұраны қалдырған Данте Алигьери мен Леонардо да Винчи секілді данышпандар баршылық. Рим мен Венециямен қатар Италияның ең маңызды туризм орталықтарының бірі. Осындай ерекше елді мекенде маэстро Метамен сұхбаттастық. Әу баста, классикалық музыканың ақсақалынан опера мен балет сияқты күрделі жанрлардың қазіргі жағдайлары туралы сұрадық. Бүгінгі заманнан түңіліп қалған кейбіреу сыншылардай емес, жігерлі Зубин Мета қазіргі таңда Албан БЕРГ жазған «Воццек» пен РАЙМАН жазған «Лир патшасы» операларын тілге тиек етті. Оның пікірінше, шығыс музыканың қарқыны жаман емес. Мысалы, Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада Қытай және Үндістан композиторларының беделі жоғары. Ал, музыка саласында білім беру жүйесі негізінен дағдарысқа душар болса да, Вена, Берлин мен Нью-Йорк тәріздес қалаларда білікті мамандар болашағы бар түлектерді оқытуда, тұжырымдады Зубин Мета.

Likes(0)Dislikes(0)
47 views

Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ

Subscribe to get the latest posts sent to your email.

Leave a Reply