Омбы мен Самарада қыдырғанда…
Омбы мен Самарада қыдырғанда…

Омбы мен Самарада қыдырғанда…

Views: 10

2025 жылғы шілде айында, Омбы мен Самара аймақтарын аралап шығуға реті түсті. Сонымен, Ресейге уақытша берілген осы қазақи өңірлер туралы бір ауыз сөз айтуға рұқсат етіңіздер. Мүмкін, жағрапиясүйер жұртшылықтың көңілінен шығатын бірсыпыра деректер осы жазбадан табылар.

А.С. Пушкин атындағы Омбы аймақтық кітапханасындағы ықшам кітаптарының мұражайында Шоқан Уәлиханов, адмирал Александр Колчак, генерал Дмитрий Карбышев пен ақын Сергей Есенин сынды орыс қайраткерлеріне арналған ықшам кітаптарының көрінісі.

Берлин мен Милан сияқты мүйізі қарағайдай қалаларға барғанда француз императоры Наполеон Бонапарттың суреті, мүсіні мен естеліктеріне талай рет тап болдым. Өз кезегінде, Омбы қаласы үшін ұлы зерттеуші Шоқан Уәлихановтың орны ерекше. Тіпті, А.С. Пушкин атындағы Омбы аймақтық кітапханасындағы ықшам кітаптарының мұражайында Ресей империясының Кіндік Азия мен Қазақстандағы тыңшысы Шоқан Шыңғысұлымен қатар адмирал Александр Колчак, генерал Дмитрий Карбышев пен ақын Сергей Есенин сынды орыс қайраткерлеріне арналған ықшам кітаптары мақтанышпен көрсетілген. Орыс шпион қандасымыз бұл елді мекеннің басқа мекенжайларында да құрметпен еске алынады.

Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасы Бас қонсулдығының ғимараты.

Шоқан Уәлиханов көшесінің бойында Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасы Бас қонсулдығының ғимараты орналасқан. Оның алдында тыңшы ғалымның ескерткіші де қойылған. Алайда, мен келген уақытта осы ескерткіш жөндеу үшін әкетілген еді. Бір қызығы, бұл сібірлік елді мекен Украинадан алшақ болса да, сол мемлекеттегі соғыстың ызғарлы лебі Омбы өңірінде де сезіледі. Атап айтқанда, жергілікті теміржол бекетінің төңірегіндегі қонақ үйінде орналастым. Сымсыз ғаламтор мен ұялы байланысым қонақ үйдің ішінде дұрыс істемеді. Себебі, теміржол бекетімен бірге әскери өндіріс ошақтары да бұл ауданда баршылық. Демек, украин дрон шабуылдарына тойтарыс беру үшін сымсыз байланыстың қолданысына шектеу қойылған.

Омбы кадет корпусының ескі ғимараты.

Орыстың біртуар шпионы оқыған Омбы кадет корпусының ескі ғимаратына да бардым. Қазір, осы аты-шулы соғыс жоғары білім беру орны құлазып тұр. Абырой болғанда, көне кезеңнің танымал ескерткішін сақтап алып, оның орнына бизнес орталығы немесе тұрғын үйінің құрылысына жол берілмеді. Шоқан Шыңғысұлымен бірге осы ғимаратта оның досы атақты шығыстанушы Григорий Потанин де оқыған. Кейінгі кезеңде, көрнекті коммунист Валериан Куйбышев та Омбы кадет корпусын бітірді. Жергілікті тарихшы, өлкетанушы Игорь Леонидович Коноваловтың құнды деректері менің зерттеу ізденістеріме септік тигізді.

Бурабай мен Астанаға турист жолдамаларын сататын омбылық фирма.

Сонымен қатар, Омбы қаласында елімізбен қарым-қатынастарды орнататын неше түрлі ұйымдар баршылық. Жалпы алғанда, осы елді мекен және аймақтағы қазақтардың саны зор. Қайда барсаң да, қандастарыңа тап боласың. Алайда, жергілікті қазақ мәдени орталықтары тиісті деңгейде халқымыздың рухани, ғылыми жетістіктерін кеңінен таратпайды. Қазақ жұртшылығының омбылық ұйымдары көбінесе бесбармақ күні, қуырдақ мерекесі секілді болмашы шараларды өткізуде. Еліміздің билігі мен жергілікті қандастарымыздың қоғамдық жұмыстағы берекесіздігіне тағы бір рет куә болдық.

Тольятти қаласындағы Еділ өзенінің жағалауы.

Ендігі кезек, Самара аймағы сияқты өзге қазақи өңірге берейік. Көне түркі алпауыт Еділ өзені бойындағы орналасқан Тольятти қаласында қарт суретші Елубай Еділов тіршілік етеді. Қандасымыз 1980-шы жылдардың орта тұсында осы елді мекенге көшкен соң, қазақ жұртшылығының жергілікті қауымдастығының бетке ұстар өкілдерінің бірі еді. Өкінішке орай, денсаулығы сыр берген соң жасы ұлғайған өнерпазымыз қоғамдық жұмысты еріксіз доғарды. Оның ізін басқан бейшара қазақ “белсенділері” жемісті оқу-ағарту қимылдарының орнына негізінен той-думан сынды жеңілтек шараларды ұйымдастыруда.

Артиллерия белгілері Тольятти қаласының саяжайында.

Тольятти қаласындағы саяжайлардың өзінде кейбір соғысқұмар орыс ұлтшылдары ресейлік қылмыскер артиллерияның таңба, ұрандарын мақтанышпен орнатады. Демек, тіпті демалыс орындарының өзінде қанқұмар насихаттың кесірлі ықпалы білініп тұр. Орыс балаларының арасында да соғысты мадақтайтын үрдіс — баршамызға баяғыдан бері белгілі жағдай. Ал, Тольятти саяжайындағы жиіркенішті көрініс осы ақиқатты қайтадан нақты түрде анықтап берді.

Жигулевск қаласының сыртындағы жол бойындағы шикізат үйіндісі.

Украина соғысының салдарынан пайда болған дағдарысқа қарамастан, күні бүгінгі дейін Самара, Тольятти мен Жигулевск сияқты қалалардың өндіріс өмірі дамып тұр. Алайда, қылмыс деңгейі жоғары болған соң осы өңірдің жалпы дамуы көңілдегідей емес. Оған қоса, қазақ мәдениетінің Самара аймағына қосылған үлесі онша ескерілмейді. Атап айтқанда, ұлы әншіміз Роза Бағланова “Ах, Самара-городок!” әнін шырқап, бұл елді мекеннің атын барлық жер-шар бойынша шығарса да, бұлбұл әртістіміздің құрметіне осы қалада ешқандай көше, алаңның аты өзгертілмеді, даңқты әншінің ескерткіші орнатылмады.

Самара қаласындағы орталық әмбебап дүкені.

Бірақ, гүлденген Мәскеу мен Питер секілді Ресейдің бас қалаларындай емес, Самара аймағындағы мәдени, сауда-саттық пен демалыс орындары көбінесе Ресей империясы мен Кеңес Одағында салынған ескірген ғимараттарды паналайды. Украина соғысының салдарынан бұл өңірдегі сымсыз ғаламтор мен ұялы байланысқа түрлі шектеулер қойылады. Сөз жоқ, бұндай кедергілер жергілікті тұрғындардың жүйкесін тоздырып, материалдық шығын туындайды. Бірте-бірте бұндай қолайсыздықтар Ресейдің ақырғы ыдырауына соқтырмақ. Расында, осы аймақтың көпұлтты жұртшылығы да озбыр Мәскеудің қысымынан құтылғысы келеді.

Likes(0)Dislikes(0)
10 views

Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ

Subscribe to get the latest posts sent to your email.

Leave a Reply