1937 жылғы 21 наурызда, Қазақстанның Коммунистік (большевиктер) партиясының Орталық комитетінің, Қазақ ССР-нің Орталық атқару комитетінің және ҚК (б) П және Алма-Ата облыстық комитетінің “Социалістік Қазағыстан” газеті ұлы ақынымыз Ілияс Жансүгіровтің “Шаттық жыр” мадақтау өлеңін жариялады. Наурыз мерекесіне орай шығарылған бұл туындының тағдыры да оңай емес. Ең алдымен, кейінгі басылымдарда оның Владимир Ленин мен Иосиф Сталин деген саясаткерлерге арналған шамамен 48 жолдары жойылған. Тіпті, өлеңнің аты да бұрмаланған: “Шаттық жыр” орнына “Шаттық жыры” айтылады. Сонымен, қатар бастапқыда Ілекең белгілеген кейбір дыбыстау мен пунктуация ерекшеліктері өзгертілген болатын. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін данышпан қаламгеріміздің керемет шығармасының түпнұсқасын қайтадан жариялап отырмын.
Шаттық жыр ағыл, тегіл, жаз қаламым,
Шат өмір шалқуыңа аз ба жаным.
Байғұс-ау, баяғы күн есіңде ме,
Қорлық пен құлап қала жаздағаның.
Тұзың сор, еңбегің еш болған күнде
От көңілім осындай боп маздамадың.
Өлеңнің өнерінен өзен көрмей,
Шөліркеп, шұқанақты қазбаладың.
Білімнің бұлағы аққан заманымда
Жарайма жосылта жыр жазбағаным.
Қалқымның қуанышы қиқулады,
Ер көңлім, енді қашан қозғаламын.
Елімнің екі туған ерке шалы —
Жамбыл да күйінде отыр бозбаланың.
Жан жаппай жақсы еңбекте жарысқанда
Ұят-ау, осылардан озбағаным.
Алғанда қалқым тауып күткен бақтың,
Қалайша қарыштамай күйбең қақтым?
Ақынның айқайы аспанды алмайтын ба,
Дыбысы жарғанда жер біздің жақтың.
Байтақ ел, ел, байсалды өлке — Қазағыстан.
Біріміз — он бірінің ұлы одақтың.
Дәуірлеп, дәурен өрлеп тұрған елміз,
Азат боп түрмесінен қанды азаптың.
Таңынан тариқының толғаны осы
Ерікті ел қазақтың, ер қазақтың;
Елімнің шаттығынан шалқып жырым,
Мен де айдап өлеңімді өрге тарттым.
Отаны азаттықтың, адамзаттың.
Бай жерім, бақытты елім — ұлы Одағым —
Табысқан туысқандай алуан қалық
Астында бақыт тудың — балға, орақтың.
Ырысты, еркін, азат, елім қандай,
Кең байтақ, кең дәулетті жерім қандай;
Өлкемнің оңы мақта, солы қырман,
Бітетін біздің жерге егін қандай;
Өрбіткен алуан түрлі асыл тұқым.
Төгілген ойда, тауда төлім қандай;
Бал еткен малдың сүтін, аңның етін,
Гүл, жұпар, күшті дәрі — шөбім қандай;
Ала тау, Алтай, Арқа, Қара таудан
Қазынам, қалқым алған кеңім қандай,
Былқыған балығы мен, байлығы мен,
Атырау, Арал, Балқаш көлім қандай;
Үсті ырыс, асты қазына Қазағыстан,
Уа шіркін өлкемдегі өмір қандай!
Біз бір бай ұлы Одақтың өлкесіміз
Бақытты елі осындай, жері сондай!
Уа қалқым, он жылыңда “Далаңды” айттым,
Ой, қырың, орман, тауың, салаңды айттым.
Ертіс, сыр, есіл, жайық ел қонысым,
Ала тау, Алтай, Балқаш, Аралды айттым.
Ақтабан, шұбырынды, шулаған жұрт,
Қаратау, қансыратқан заманды айттым.
Би, болыс, ояз, ұлық билегенде,
Қара күн, қараңғылық, қамауды айттым
Ақ жорық, “Алаш” жалау көтергенде
Қалқыма қанша тиген залалды айттым.
Жауды айдап, жақсы өлкемді жасамаққа
Леніннен қазақ мандат алғанды айттым.
Шат көңіл, тариқ атты шежіре шал
Құшақтап, құттықтаған балаңды айттым.
Өлкем шат, өмірім қызық екендігін
Сол кезде-ақ айналаға абайлаттым.
Өткен күн күң мен құлдың базарыңдай,
Қан кешкен қалық барма қазағыңдай.
Қар заман, қараңғылық, ойран заман,
Түнерген Түркстанның мазарындай.
Қарғаймыз қан, патшаның қара күнін,
Қалықтың ауыр дерті, ажалыңдай,
Ерді құл, әйелді күң, елді қорқып,
Артқан күн ажырығын жазалыдай.
Тартып ең талай қорлық қайран жұртым,
Заманда абақтының азабындай.
Қалдырған қараңғының қамауында
Қалқыма болды ма ауыр жаза мұңдай?
Бұл күнде елім азат, жерім абат,
Заманды көрді қашан қазақ мұндай?
Айтама дені дұрыс адам ұлы
Жетті деп бұл дәуренге қазақ оңай.
Кең далам, кемеліне келген далам,
Гүлденген шат, шадыман ел мен далам.
Жадырап жаз өмірдің күні астында,
Жамырап, жайраңдасып өрген далам.
Артыңда қалды-ау талай қара күндер,
Аң болып, а,–құдайлап жүрген заман.
Бақытына бал аштырып, баксы ойнатып,
Таңдағы тәңірімнен деп сенген заман.
Бак іздеп, желмая мен жер шалдыртып,
Асанның қайғысы мен желген заман.
Ұшырап ұлы апатқа ойы, қыры,
Өртеніп, жанып, күл боп, сөнген далам.
Жасарған жақсы өмірдің жазы жайнап,
Көп заман күткен күнін көрген далам.
Шаттығын сол далаңның жел қайық қып,
Шалқа жыр, шалқы көңіл, тебрен қалам.
Шаттық жыр, сүйікті сөз бізден кімге:
Жеткізген ел жұртымды мұндай күйге,
Жарыққа қараңғыдан төте бастап,
Шығарған қалқымызды нұрлы өмірге;
Одағын Өктәбрдің орнықты ұстап,
Қуысқан жауымызды жұрт пен бірге;
Еңбекті ер, ерікті елдің отаны қып,
Өлкемді жасаттырған осы түрде;
Одақтың өнерлі бай өлкесін етіп,
Елді нұр, бөлегенге жерді гүлге;
Барсамда қай еліме, қай жеріме,
Түспейтін аты аузынан осы күнде;
Басшым деп, қамқорым деп, өз әкем деп,
Сақтаған елім, жұртым жүрегінде;
Тәтті жыр, сүйікті сөз, шын көңілдің
Бәрі де қалқым сүйген Сталінге!
Жұртымның жүрегіндей, данышпаным,
Айбарлы жұрт жауына арыстаным.
Бақтына адам заттың арнап туған,
Біз үшін бар өмірің бағыштадың,
Қапқаздың құздарынан қияға өрлеп,
Қара күн, қан майданда қайыспадың.
Қалықтың бақытына бастапты дәл
Қиырда Тау қыран мен табысқаның.
Көтеріп Ленін туын күллі әлемге,
Жауды оған жармастырмай, таза ұстадың.
Қаңғырған, қанды банды, қара құрттан,
Қалықты сақтандырып дабыстадың
Артыңнан еріп қуды жауды жұртым,
Аластап алақтаған сауысқанын.
Мың алғыс, міллион алғыс, жаса көсем,
Қамқоры, қалқымыздың бағы Сталін!
Шаттығым, мақтанышым, бақытты елім,
Атанған Қазағыстан байтақ жерім;
Тобыңнан тойға ұласқан көрсін жан-жақ,
Отанның шын ұлдарын, ел ерлерін;
Еркін ел, ерікті енбек ерлері деп
Отырсын омырауларда орден — Ленін.
Ырысы еңбегімнің, елім көркі,
Көмейі күйі шаттық өлеңдердің,
Осылар жана заңын жариалап,
Көрсетсін әлемге елім кенелгенін;
Шығыста шын үлгісі біздің аймақ
Ерік алып, ел болайық дегендердің.
Қалқымның қуанышы қалтыратсын
Қас дұшпан, қалған жаудың өлерменін,
Мойныма бұршақ салып еткен күнде
Осындай ел болуын тілегемін.
Бақытыңа бастап тура кемеңгерің,
Бұл күнде кемеріне келген елім.
Қоршалған айналаңды қорғау үшін
Қорсанған көк құрышты жерім, көгім,
Жасанып жауға қарсы жатқан елміз,
Ат байлап, қару сайлап, ойнап ерім.
Қамалымыз, Қазағыстан қызыл қорған,
Күзеткен ұлы Отанның шығыс шегін.
Шығыстың шоқысында тұр полемет,
Қақпай тұр жауға кірпік берендерім.
Албытып, аламын деп соқтыққан жау
Кете алмас жараланбай біз ден тегін,
Қаны мен жаулап алған қазақ қалқы
Берер ме жалғыз жапырақ жауға жерін!
Ту қолда, қалқым көші ұлы жолда,
Басшы алда, бізде қуат, бізде сенім!
Күніміз әлемді алсын жарқылдаған
Үніміз жерді жарсын саңқылдаған.
Шуымыз шаттығы мен шалқып көкке,
Туымыз тұрсын биік алтындаған.
Бақытты жаңа заман, жаңа заңым,
Қалқымның қандайлығын айқындаған.
Күшті отан, өнерлі өлке біз боламыз.
Қуанып досы, жауы қалтыраған.
Қалмасын қалқымызда жалқау, надан,
Еңбегін ел ырысына сарп ұрмаған,
Шырқасын шаттық үні әншілердін,
Ақыннан сөз қалмасын айтылмаған.
Төгілсін тәтті жырлар, күшті күйлер.
Асыл сөз, аңқып лебіз, шалқыған ән
Отанның ұлдарынан шыға берсін,
Үні деп бақытты елдің жан тыңдаған.
(0)Dislikes
(0)Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.
