1936 жылғы 1 қаңтарда, “Сациалды Қазағыстан” газетінде ұлы ақынымыз Ілияс Жансүгіровтің “Өткен жылдың хаты” фельетоны жарық көрді. Бұл жарияланым қаламгерімізді халықаралық жағдай, тап күресін қадағалайтын публицист ретінде де паш етеді.
Сүйікті балам 1936-жыл!
Мен болсам кейін қалып барам, сен болсаң ілгері кетіп барасың. Бұл өмір заңы, балам. Сен менің мұрагерімсің. Мен де сендей өз әкемнің мұрасқоры болып дүниеге келіп едім. Дүниеде он екі ай өмір сүріп, енді кейін қайтуға тура келді.
Балам, есімнің дұрыс, денімнің сау кезінде өзіңе өсиет ретінде осы қатымды қалдырам.
Дүние дегеннің өзі домалақ жер болса, — мен онда екі түрлі өмір көрдім. Бұл екеуі біріне бірі қарсы. Ортасында бітімсіз тартыс барады. Осы екі өмірдің бір жағында күйінсем, бір жағында сүйіндім.
Мені күйіндірген капитализым жағы. Онда неше түрлі сұмдықтар көрдім. Онда көпшіліктің күйі нашар ақ. Адам баласының өмірі азап сиақты. Жиангер деген айдақарлар жалпақ дүниені жұтуға жалаң-жалаң етеді. Буржой дейтін борсықтары жұмысшы мен крестиан жұртының соймай етін жеп, теспей қанын сорады. Олар адам баласының өмірін көркейтетін емес.
Бұған қалай күйінбессің, балам!
Мені сүйіндірген сациализім жағы. Онда неше түрлі қызықтар көрдім. Мұнда көпшіліктің көңілі шат, тұрмысы жақсы. Бұл жақта адам баласының өмірі рақат ақ. Өзге жақтағыдай бір біріне жыландай ысқырысқан жиангершілік жоқ. Ұлы өлкеде жүздеген ұлттар өз еркі мен одақтасулы. Буржой, бай-құлақ деген сұмырайлар табының тас-талқаны шыққан. Бұл жақта біреуді біреу жем қылып, құлдану бір жолата құрыған. Ел еркін, қызықты еңбек, жұрт жаппай жұмыста. Осының бәрі — өмірім қызық деп қуанып істейді.
Бұған қалай сүйінбессің, балам!
Әсіресе капитализім жағындағы мені қорқытқан бір жаман нәрсе — еңбекті уға айналдырды. Жұмысшы, крестиан жұрты жақ жұтына күйрей ұшыраған. Қала-қалада аш, жұмыссыз адам баласы аурудай ыңранады. Бір тілім нанға зар. Ол ашыққандар байды да, құдайды да қарғауда. Тіпті маған да жылы ұшыраған жоқ. “Өмір құрысын!” — дейді. Солардың шуынан құлағым мезі болды, балам.
Сациализім жағында мұның бірін де көрмейсің. Еңбекшіл ердің қуанышына, елдің бақытына істеледі. Менің осы одақтағы он екі айлық өмірім өзгеше қызық пен өтті, балам. Сәбет одағында барлық адам баласының бақытына арналған ұлы құрылыс биыл өте қарқындады. Бұл жақта адам тоқ, уайымы жоқ. Жұмыс көп. Жұмыс таппай жүрген бір кісі жоқ. Осы өлкенің қуанышынан мен де қуанышты, балам!
Әсіресе, менің көзім жеткен бір нәрсе: капитал билеген жерде еңбектің берекесі болмайды екен. Олар қанша күшенсе де еңбек өнімін арттыруға жағдайы тіпті ақ жоқ. Мұны мен Сәбет одағындағы стақаныпшылардың жұмысынан байқадым. Ұлы одақтың стақаныпшылары өнімді еңбектің үлгісін жер жүзіне айқындады. Стақаныпшылардың асқар еңбектерін қай заманда көріп, қашан естіп едік? Мен бұған өте қуаныштымын. Стақаныпшылар сиақты жаңа заманның жақсы ұлдарының менің тұсымда туғанына қуанышым қойныма симайды. Мен бұл ұлдарым мен артыма да, алды ма да мақтанамын. Бұл балаларым сенің тұсыңда тіпті көбейеді. Шырағым, сен осыларды жақсылап өсіргейсің!
Балам, менің тұсымда өте ұят бір іс болды. Өмір бойы сүйегіме таңба болатын бір жиркеніш жаманшылық істелді. Қайтейін, мұны істеген де сол баяғы алжыған ашулы капитал. Батыста Априканың қара бұйра қозысы, Абессениаға Еуропаның ақ қасқыры — Италиа жауып, жаралап жатыр. Мұны айырып алуға қолымнан келмей кетіп барам. Ол ғана емес ау, Шығыста Жапон жалмауыздары момын Манғұлды жұтуға арыс-арыс етеді. Мұның да ниеті жақсы емес. Адам баласын қырып-жойып, қан сасытып, қара күн орнатпақшы. Германианың пашістері де алдына келгенді аяйтын көрінбейді. Кімнің болса да етін жұлып жегісі бар. Балам, осылардың қылығынан төбе құйқам шымырлайды. Сен осыларға сақ болғайсын!
Шырағым, әсіресе бір қаупым қатты. Бұл сұмдық қауып. Ол не десең — капитал елдерінде адам өсімі әлде қашан тоқтады. Тоқтағаны тұра тұрсын — адам саны құлдырап кеміп барады. Өспек түгіл, өлім көбейіп барады. Тіршілік тетігі бүлініп, дағдарыстың жақ жұтына ұшыраған жақта аштық, өлім үрейі қыдырып жүр. Еуропаның 27 мемлекетінде адам саны кеміп кететінін біліп жүрегім тас төбеме шықты. Адам санының кемуі соның ішінде Италиа да, әсіресе пашістер билегеннен бері өршіп кетіпті. Тегі Муссолини пұшық бұл қуарақтағанын қоймаса, атақты рум жұртын құртып шығатын шығар деймін.
Бірақ, соны мен бірге, келешекке үлкен үміт пен қараймын. Үйткені, Сәбет одағындағы ел күннен күнге қаулап өсіп барады. Бұл жақта адамның өлімі өте аз, туысы тіпті көп. Сталін көсемнің айтуынша, сәбет еліне жылында бір Пінләндиа қосылады. Әрине, осы “Пінләндианың” көбін туатын сәбет келіншектері. Менің де байқағаным бар: қалқоз қатындарының көбі ақ шартиып отыр. Өзгені қойып, Қазағыстан қатындарын алғанда да топырлатып төлдеп жатыр. Сиырсыз қалқозшы болмасын деген ұранның орындалғанындай ақ, баласыз үй болмайтын түрі бар. Кім біледі, есебін алған еш кім жоқ. Қазағыстан қатындары Пінләндиаға жеткізбеген мен, Абыралы ауданын әлде қашан тауып қойған шығар.
Шырағым, менің Сәбет одағындағы қуанышым аса үлкен. Мұнда, адам баласының азаттық жолына арналған ұлы жұмыстардың үлкен-үлкен қортындысын берген жылы — мен. Өнерлі кәсіпте не істедім, шойын жолды қалай жүргіздім, ауыл шаруасы қалай қорытылды — оның бәрін әлем біледі, балам. Оны мен айтпай ақ өзің көзің мен көресің. Жалғыз ақ менің қандай жемісті жыл болғанымды білгін келсе, — Мәскеуде болып жатқан тойдай топтарды байқа. Ондағы бәлшебек көсемдерінің сөйлеген сөздерін жақсылап оқы, кружөктеріңде талқыла. Сонан жақсы түсінесің. Әсіресе, сол қуанышты мәжілістерде еңбек ерлерінің алып жатқан награтын, тағып жатқан ордындарын сана. Одақтағы ең жақсы адамдар — стақаныпшылар, екпінді қалқозшылар, ер бәлшебектердің бір сыпырасын мен үкімет награтына ұсындым. Бұған мен тіпті қуаныштымын, шырағым.
Сол көп қуанышымның бірі — Қазағыстан. Бұл өлке бұдан бір-екі жыл бұрын жүдеу, шабан, мүгедектеу өлке еді. Биыл Қазағыстан алдыңғы қатарға шықты. Оған дәлел — Қазағыстан қалқозшыларының алған награты. Оған дәлел іздесең Қазағыстан бәлшебектерінің сүйікті басшысы Мырзаян жолдас пен Қазақ үкіметінің басшысы Исайып жолдастардың омрауына қара. Онда ардақты Ленін ордынын көресің. Бұл білдің елдің ордыны!
Сүйікті балам, тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні бар ғой. Ол түйіні:
Сәбет одағында өткізген қуанышты өмірім — ол орнап жатқан сациализім. Ол бәлшебектердің жұмысы. Бәлшебектердің ұлы көсемі Ленін-Сталіндердің жұмысы. Осылардың өз одағында орнатып отырған жаңа дүниесі — кәзір жер жүзін ілгері жетектеп отыр. Анау бүліншілікке ұшырап отырған капитализім жағындағы елдер — осы Сталіндердің қуанышты өлкесіне үлкен тілектес. Қолын созып, бұларға қуанады. Ол жақта да осындай азаттыққа ұмтылу өте күшті. Ол менің келешекте үмітімді күшейтті. Ол азаттықтың ордасы осы одақтың сациализімі деп білесін!
Сондықтан, балам, жер шарына қызықты өмір жасаудың үлгісін көрсетіп отырған ұлы көсем Сталінге көп, көп рақмет айтам. Менің сүйікті ұлдарым — стақаныпшыларға менен көп-көп сәлем дегейсің!
Қош, балам! Он екі айлық өмірің менен де жемісті болсын!
“Сен алдындағы жеткіншегің 37-жылға сациализім үшін менен де көп мирас қалдыр, қарағым!“
Әкең. 1935-жыл.
(0)Dislikes
(0)Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.
