“Қалықтардың көсемі Сталін жолдасқа”
“Қалықтардың көсемі Сталін жолдасқа”

“Қалықтардың көсемі Сталін жолдасқа”

Views: 15

1936 жылғы бірінші мамырда, “Социалды Қазағыстан” газетінде белгілі ақынымыз Сәкен Сейфуллиннің “Қалықтардың көсемі Сталін жолдасқа” мадақтау өлеңі жарық көрді. Танымал жазушымыздың осы шабытты туындысы күні бүгінгі дейін ғаламтор мен оның көптомдық шығармалары жинағында да қайтадан жарияланған жоқ.

Сәкен Сейфуллиннің өлеңі "Қалықтардың көсемі Сталин жолдасқа", 1936.

Сенің атың дұшпанға найзағай оқ.
Төңкерісшіл өрт үшін тасталған шоқ.
Жер дүниеде ұлы үміт, құрмет пенен,
Атамайтын атыңды еш бір тіл жоқ.

Сенің атың аузында баланың да,
Үлкен, кіші, қарт ата, ананың да,
Сенің атың қуат, күш, тынысында,
Жаңа өмірлі біздің кең даланың да.

Әр ұлттың сен досы да, тілегі де,
Көш басшысы, қорғаны, тірегі де,
Сені айтады әр бір ұлт шаттық пенен,
Сен деп соғады әр ұлттың жүрегі де.

Сансыз ұлтты дүние жер шар тарап, —
Герман, Раман, Рым, Монғол, Үндүс, Арап,
Кіремілді бар жаһан құбыла қылды,
Ленін туын көтерген саған қарап.

Ішінде өңкей биік, қасиетті аттың,
Сен айрықша аузында адам заттың,
Қай жерде еңбекшіл жұрт сені атаса,
Атайды мағынасы мен мақаббаттың.

Тариқта өтті талай зор биік заттар,
Олардан да жоғары қасиетті аттар.
Маркс, Энгельс, Ленін мен төртеуіңнің,
Аттарыңды адамзат мәңгі жаттар.

Сен шығардың биікке біздің елді,
Ел бақытты сендей зор асқар белді.
Сан болшебік ұшырдың тәрбиелеп,
Асусыздан асырдың талай ерді.

Міні, тариқ, бүгінгі әлемге аян:
Памир, Таншан, Ала тау, Алтай, Саян,
Шыңдарына бір шығып жан шықпаған.
Бірінші сөз, сені атап еттік баян.

Жер көк куә, күн куә, бүкіл әлем,
Ғаршыдан да біз саған еттік сәлем.
Мұз мұқиттың қиырсыз мұзында да
Бірінші сөз сен ғана болдың кәлем.

Дүз жетпіс бір мүллиен ел, керім кеңсің!
Бақытына сол елдің күн мен теңсің.
Қалық сені өлшеусіз сүйгендіктен,
Ең алғашқы қасиетті сөзі сенсің.

Сені айырықша сүйеді біздің қазақ,
Қайтсін үйтпей ұлт бұрын болған мазақ.
Теңдік, бақыт әпердің Ленін мен сен,
Болған жоқ па “ол күнге” жылдар аз-ақ!

Сені әуелде-ақ Ленінге іні деген,
Екеуіңді теңдіктің күні деген.
Екеуіңнің атыңды қазақ сонда-ақ,
Өктәбірдің айбатты үні деген.

Қазақшылап атыңды Болат дескен,
Болат тасты, жер түбін, тауды тескен,
Санасында қазақтың алмас болат,
Тасты, нарды, темірді шөпше тескен.

Қиырсызды көреген ұшқыш, қыран!
Өктәбірде Ленін мен салдың ұран.
Жер мен көкті үндерің солқылдатты,
Егіз батыр, қос көсем, биік тұран!

Найзағайдай үндерің дүниеге атқан,
Қанаушы әлем-таж, тақты қалтыратқан.
Жанды от беріп көтерген біздің елді,
Жер қармалап тұншығып сарнап жатқан.

Сендер сүйтіп берген соң күш пен қайрат,
Ел қуаты тасыған қаһар қайнап,
Найзағайша күркіреп көкке үндерің,
Көтерген соң аспанға қызыл байрақ.

Көп тұншығып бұрын біз улағамыз,
Үндерің мен руқтанып тулағамыз,
Тұншықтырып ғасырлар буындырған
Қанаушы тап бұғауын турағамыз.

Сүйтіп, қайрат күш беріп, ұран тастап
Патша, байды қиратып: “алға бас!” тап,
Қалың ұлтты құтқарып езілуден,
Бақытты еттің екеуің елді бастап.

Бұрын өлең өкситін жылағандай,
Сар далада жел сарнап ұлығандай,
Бірде еңіреп, күңіреніп, бірде ыңыранып,
Қалың қазақ көз жасын бұлағандай.

Бұрын өлең еріксіз тыншығатын,
Кейде ғана ашынған үн шығатын.
Қара албасты қара түн басқан елдің
Бар арманы күн еді күн шығатын!

Бұрын өлең сарнайтын жылағандай,
Не шағынып, не демеу сұрағандай,
Қасірет күй мен қиырсыз Қазақыстан,
Жататын ед сар дала сұлағандай.

Кәзір, міні, сар дала саңқылдайды,
Кәзір, міні, шатты өлең аңқылдайды,
Кәзір, міні, сұңқардай көкке өрлеп үн,
Күн астында құйқылжып жарқылдайды.

Ленін мен сен қудыңдар қара түнді,
Саңқылдайтын қылдыңдар біздің үнді,
Сар даланы екеуің шаттандырдың,
Өздерің күн, туғызып қызыл түнді!

Жаһан бізді тыңдасын, көрсін кәні!
Сен орнатқан тұрмыстың көркем сәнін!
Бұрын ұзақ тұншыққан менің ұлтым,
Кәзір, міні, саңқылдайды әлемге әні!

Бұрын шерлі тұңшыққан қазақ жері,
Бұрын елдің қайнаған іште шері,
Бұрын тілсіз ел ұлы, мен, міні, енді,
Сен өзгерткен “адамның инженері!

Қиырсызды көреген ұшқыш, қыран!
Серт күреске салғансың ұлттарға ұран,
Мен, даладан ең бұрын үндеріңе,
Қосылған лек ішінде болдым ұлан.

Айқыш-ұйқыш кеудемді оқ пен шандып,
Үндеріңе руқтанып өрт боп жандық,
Ленін менен бастадың, бұйырдың сен,
Шабуылдап біз тыңбай жауға аттандық.

Ұлы күнде жас салдат соңыңа ергем,
Қызыл гбардия болып адым кергем.
Қайнаған кек, жас қайрат, жан, жүректі,
Сен екеуің бастаған іске бергем!

Шын соқтықса, әлі де бұзық қан жау, —
Біздің ұлы отанға қызыққан жау, —
Өз жерімізді іш кімге искетпеспіз
Бір сүйем” де аса алмас сызықтан жау.

Әлемнің де, біздің де көз — бір сенде.
Саған қарар шатты өмір сүйген бенде.
Құрыш қалам, сен берген, алмас семсер,
Нұсқауың мен үніңе дайын менде.

Сен полкобод, мен болған қызыл салдат.
Сақтаулы әлі сонда алған, семсер, мандат.
Соқтықса жау қай күні, бұйырсаң сен,
Сол ақ семсер жауды отар тас-талқандап.

Сен өсірген ұлан көп әр ауылда,
Бір кісідей аттанар бар ауыл да.
Алтын Алтай, Шек Саян босағасын,
Күзетеді, бәрі де қарауылда.

Күн шығысын отанның күзетеміз,
Кең далада шатты өмір түзетеміз.
Жау соқтықса, “қапта” деп бұйырсаң сен,
Атты лек боп алдыңнан біз өтеміз.

Сені айтқанда бәріміз шаттанамыз,
Сен бұйырсаң көк құрыш қаттанамыз,
Жау тұмсығы соқтықса босағаға,
Басын топша жұлуға аттанамыз.

Likes(0)Dislikes(0)
13 views

Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ

Subscribe to get the latest posts sent to your email.

Leave a Reply