Қазақ теледидарының Ресей қожалары

Сөз жүзінде, телевизия жетекшілеріміздің дені – қазақтар. Оларды тікелей бақылайтын республикалық бастықтардың да басым көпшілігі – өз қаракөздеріміз. Бірақ, журналист Қайнар Олжай немесе ұйымдастырушы Мұхтар Құл-Мұхамед тегеурінді болса да, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының нақты билігінің тізгіні олардың қолында емес. Иә, қазақ тілшілері мен атқамінерлерінің құзыреті телевизиямыздың күрделі жағдайларын толығымен қамти алмайды. Теледидарымыздағы жарнама мен техникалық қызмет көбінесе Ресейліктердің тікелей бақылауында болып табылады. Мысалы, он екі жылдан астам Евгения Деонисьева еліміздің ең мықты КТК телеарнасының жарнама бөлімінің бастығы ретінде істейді. Бюджеті мол, таралымы кең «Еуразия» бірінші арнасының коммерциялық директоры – Алена Кочнева.

safo 2

Валерий Сафонов, «TV Media Advertising Agency»

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, аталған пысықай әйелдер Валерий Сафонов деген жарнама алпауытының тобығынан да келмейді. «TV Media Advertising Agency» деген фирмасын көптеген жылдар бойы басқаратын тарихшы В. Сафонов сусамырмен науқастанған әлжуаздау пенде болса да, еліміздің теледидар жарнамасы нарығын уысынан босатпайды. Онымен бірге Тунисте демалған ескі досы Сергей Рычков «TV Media Outdoor Advertising» деген агенттігін басқарып, республикамыздың сыртқы жарнама нарығының көшбасшысы. Айтпақшы, С. Рычков кезінде Мәскеудегі қорғаныс өндірісінде жұмыс істеген инженер. Сондықтан, ол Ресейліктер үшін сенімді әріптестердің бірі болып табылады. Ал, В. Сафонов басқаратын «TV Media Advertising Agency» деген фирмасы «Еуразия» бірінші арнасы, КТК, «Қазақстан», «Хабар», «Хит ТВ» және «Мир» телеарналары жарнама мүмкіншіліктерінің жалғыз ғана сатушысы. Кезінде, Аида Хәсенова деген іскер қарындасымыз «Қазақстан» телеарнасы жарнамасын сатуымен шұғылданған еді. Бірақ, «кемеші келсе, қайықшы судан таяды» демекші, ақырында қомағай В. Сафонов нәзік жанды А. Хәсенованың үлесін иемденді. В. Сафонов томаға-тұйық, бұқпантай кісілердің бірі. Теледидар саласына ықпалы орасан зор болса да, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарынан көрінбейді де, естілмейді де. Оның фотосуретін де табуы оңай шаруа емес.

Тіпті, Астанада жаңадан салынған «ҚазМедиа орталығы» деген теледидар ордасы Ресейліктердің қадағалауы арқылы бой көтерді. Олардың I.S.P.A.-ENGINEERING компаниясы біздің медиа орталығының техникалық жоспары мен жабдықтауын қамтамасыз етті. Демек, отандық теледидардың ең маңызды нышанының бүкіл құпиялары мәскеуліктердің қолына түсті. Олардың жергілікті сыбайласы – «Хабар» агенттігінің бұрынғы техникалық директоры Владислав Богусевич. Осы кісі «ҚазМедиа орталығының» құрылысына белсене қатысып, оның жетекшілерінің бірі болып үлгерген. Ал, оңтүстік астанамыздағы әйгілі «Көктөбе» телемұнарасының бастығы да ресейшіл қызметкер Сергей Заднепровский. Төл теледидарымызға бөтен адамдардың кері әсерін мынадай тарихи дерекпен сипаттауға тура келеді. 2000 жылғы Сидней олимпиадасының финалына төрт бірдей боксшыларымыз шықты. Әрине, жұдырықтасуды тамашалайтын миллиондаған қандастарымыз үшін бұл рухтандыратын оқиға емей немене?

rych

Сергей Рычков, «TV Media Outdoor Advertising»

Алайда, «Хабар» агенттігінің тікелей эфирінде өтуі тиіс осы жарыстың бірінші бөлімі көрсетілмеді. Болат Жұмаділов пен Бекзат Саттархановтың жекпе-жектерін асыға күткен жанкүйерлеріміз оларды дер кезінде көрмеді. Бәлкім, қазақтардың қуанышына қызғанған келімсектер қасақана түрде трансляцияны өшіріп тастады. Әйтеуір, дәл осы финалдар басқа елдерде ешбір қиыншылықсыз көрсетілді. Осы трансляцияны қамтамасыз етуге міндетті қызметкерлердің арасында әлгі В. Богусевичпен қатар «Хабардың» бағдарлама директоры Лариса Мацкевич пен қауіпсіздік мәселелері бойынша Дариға Назарбаеваның көмекшісі Сергей Иванов болған еді. Айтпақшы, С. Иванов кезінде әуесқой футболшы ретінде спортпен шұғылданды. Соған қарамастан, қазақ футболының жетістіктеріне іштарлығын білдірді. Мәселен, біздің футболшылар УЕФА-ға қосылғанда, С. Иванов маған былай деді: «Несіне қуанасың? Еуропада қазақ футболшылары оңбай ұтылмақшы».

Әлбетте, Ресейге қабырғасы қайысқан Қазақстанның ебрей-славян тұрғындарының жағдайы түсінікті. Дегенмен, орыс тілді қандастарымыз да көптеген жағдайларда Кремльдің ыңғайына жығылады. Мысалы, «КТК» Акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі Самал Шәкірова Д. Назарбаеваның бұрынғы күзетшісі Сергей Маликовтың жұбайы. Шоқыншақтардың мансабына да барлық жағдай жасалынады: «Таң» телеарнасының бұрынғы жетекшісі Данияр Рымжанов пен «Еуразия» бірінші арнасының бұрынғы жетекшісі Талғат Дайырбековты тілге тиек ету керек.

Share
Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
46 views

Leave a Reply