8 views

Трамптың қасқа жолымен?

Қазақстандық үкіметті орысшыл дейміз, қытайшыл дейміз. Бірақ, оның көпвекторлы сыртқы саясаты әлем сахнасындағы басқа ірі ойыншылардың іс-әрекеттеріне де жалтақтап қарауға түрткі етеді. “Қара ордалықтар”  еуропалық, американдық аға әріптестерінің әмірін жоққа шығармас. Жақында сайланған АҚШ президенті Дональд Трамп сырттан келетін мигрантарға салқын қабақ танытады. Мәселен, жаңа Вашингтон басшылары американдық-мексикандық шекарасында ғаламат қабырғаны салғызбақшы.  Бір жыл бұрын, президент сайлау науқанының қарсаңында Трамп мырза осы қабырғаның бағасын шамамен 8 миллиард долларға теңестірді.

Әрине, осындай удай қымбат құрылыстың да себебі баршылық: Канада мен Мексикамен бірге НАФТА деген экономикалық одағына кірген соң, АҚШ өз оңтүстік әріптесімен жасаланатын сауда айналымында жыл сайын 60 миллиард долларға жуық баланс дефицитіне душар болуда. Яғни, Мексикадан Америкаға әкелінген тауарлар мен қызметтердің құны АҚШ-тан Мексикаға апарылатын өнімдердің құнынан соншама артық түседі. Бұндай теңсіздіктің негізгі себептерінің бірі – Америкаға қарағанда мексикандық еңбегінің арзандығы мен оңтүстіктен солтүстікке қарай лек-легімен өтетін заңсыз мигранттар.  Алайда, шектеу шаралары арқылы шиеленіскен әлеуметтік-экономикалық мәселенің шешімін табуы екіталай. Ең алдымен, жаңа Ақ үй әкімшілігі аталған қыруар қаржы-қаражатты полицай әрекеттеріне емес, жаңа жұмыс орындарын құруына жұмсаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Сөз жоқ, жаңадан сайланған американдық жетекшінің шетел мигранттарына бұндай қатаң көзқарасы ресейлік ұлттшыл әрі нәсілшіл басшыларға өте ұнайды. Бұратана жұрттың өкілдерін себепсіз тоқтататын ресейлік полицайлердің дөрекі іс-қимылдары осы мемлекеттің арам пиғылдарын аңғартады. Әрине, қанша тырысса да, Трамп мырза дәл осындай жолсыздыққа жете алмас. Есесіне, оның мигранттарға қарсы қатаң шараларын Ресейдің қолшоқпарына айналған қазақстандық атқамінерлер өзгеше түрде көшіріп отыр. Қанша айтқанмен, американдық президент көбінесе бөтен жұрттың өкілдеріне тосқауыл қоюда. Құлдық психологиядан арылмаған биліктің тұтқасын ұстаған қалбит-мәмбеттеріміз негізінен бөтен жұрттан гөрі  өз отандастарын қинауда. Ішкі мигранттарымыздың легін ауыздықтауы үшін, отандастарымыздың елімізді еркін аралауына тыйым салу жолында “уақытша тіркеу” деген әділетсіз тәртіп енгізілген.

Естеріңізде шығар, 2015 жылдың 13 қаңтарында Алматы қаласының әкімшілігіне “террорист” баса-көктеп кіріп, театрландырған қойылымның басты кейіпкері ретінде дүйім жұртымыздың алдында жарқ етті. Даңғаза рөлін атқарып, әлгі “лаңкес” теледидар жаңалықтары мен газеттердің бірінші бетінен таса болып, із-түзсіз жоғалып кетті. Алматыдағы жалған лаңкестік әрекеттің орындалуынан алты күн бұрын Париждегі “Шарли Эбдо” әзіл-сықақ журналының бас редакциясына сұмдық шабуыл жасалған. Оның салдарынан, он екі адам көз жұмды. Әрине, шын мәніндегі қантөгістің ұйымдастыруы Алматы қаласының билігінің қолынан келмес. Сонда да, қазақстандық атқамінерлер шетелдік аға әріптестерімен үндестігін білдіруге тиіс еді. Нәтижесінде, шамасынан келгенше үлкендерге еліктейтін “Қара ордалықтар” сорақы театрландырған қойылымымен шектелді.

Share
Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email

Leave a Reply