Жалпы алғанда, қазақстандық дипломаттардың дәрежесі онша емес. Әлем бойынша, олардың беделі мен күш-қауқары шамалы. Өйткені, қазақ елінің өзі шын мәніндегі, нағыз мемлекеттердің қатарына жатпайды. Біресе Пекин, біресе Мәскеуге жалтақтап қарайтын үкіметіміз қайдағы батыл қайраткерлердің жиыны болар? Сондықтан, шетелдегі ресми қазақстандық өкілдерді де батыр қайраткерлер ретінде сипаттауға болмас. Ал, Мәскеудегі ҚР өкілеттілігінде қызмет ететін дипломаттардың дені бөтен елдің алдындағы аса бір жағымпаздықпен көзге түседі.
Ресейдегі қазақстандық елшілік маңдайшадағы өзінің атауын айқайлатып орыс тілінде жазды. Қазақстан Республикасы мемлекеттік тілін аяқ асты етіп әлде халықаралық ағылшын тілін менсінбей, орысшыл дипломаттарымыз ресейлік мемлекеттік тілге тағзым етті. Тіпті, Мәскеудегі бишара Оңтүстік Осетия мен Абхазия “мемлекеттер“-дің өкілдіктері соншама орыс тілін асқақтамай, ең алдымен осетин мен абхаз тілдеріндегі жазуларды орналастырды. Ресейдің ең жақын одақтастарының бірі Армения екеш Армения да өз елшілігінде бірінші кезекте армян тіліндегі маңдайшаны қойды. Қазақ өкілдері орыстар алдында құрдай жорғаласа да, солтүстік көршіміздің бірнеше саясаткерлері мен жазғыштары халқымызды “ұлтшыл” мен “террорист” деп жамандайды.
Айтпақшы, Ресейге берілген елшілікті мұнайшы-тыңшы Ермек Көшербаев басқарады. Беделбайдың пысықай баласы қазақтардың мұң-мұқтажына шекесінен қарайды. Мысалы, 2022 жылғы қаңтар қасіретіміздің барысында жылпос дипломат азапталған қандастарына ешбір қолдау көрсетпеді. Есесіне, “Интерфакс” ақпарат агентігіне берілген сұхбатында Ермек пе, әлде Ермак Көшербаев қазақтарды қырып жойған армян-орыс-белорус басқыншыларының Қазақстандағы қайғылы жағдайға теріс ықпалын жоққа шығарды. Сонымен қатар, бұл дипломат Ресейдегі қазақ елшілерінен арасында ең осал кейіпкер болып табылады. Себебі, әдетте бұндай лауазымға Нұртай Әбіқаев, Иманғали Тасмағамбетов пен Әділбек Жақсыбеков сынды аса бай, әкімшілік тұрғыдан алып қарағанда мықты кісілер тағайындалады. Демек, Ермек-Ермақтай салыстырмалы түрде осалдау кейіпкерлердің дербес саясатын жүргізуге мүмкіншіліктері шектеулі.
Ал, Аустриядағы Қазақстанның бұрынғы елшісі Рахат Мұхтарұлы Әлиевтің өнегелі батылдығы әлгі Ермек-Ермақ үшін қол жетпес ерлік екендігі — айдан анық дүние. Себебі, марқұм Р.М. Әлиев президент Назарбаевтың өзінен тайсалмай, саяси қателіктер жөніндегі сыни пікірлерін ашық түрде білдірді. Әрине, дипломат Көшербаевтың бұрынғы дипломат, қазіргі жендет Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты сыни пікірлерін айтуы мүмкін емес. Өйткені, қоян жүректі Ермектің жалғыз ермегі мен қамы — жеке басының мансабы. Сондықтан, осы тоғышар кісіден мемлекеттік ауқымдағы нәтижелерді күтуге болмайды.


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.