Нұрбақыт Бөкебаев: “Өнердің саясатқа қатысы жоқ”

2022 жылдың 10 қыркүйек күні, “OPERALIA” Халықаралық классикалық өнер фестивалі мен Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының 89-шы маусымы ашылуының салтанатты рәсімі өтті. Осы мәдени оқиғаға орай, дәл сол күні орын алған баспасөз мәслихатында театрдың директоры Нұрбақыт Әбдіғалиұлы Бөкебаевқа сұрағым қоюға сәті түсті.

Нұрекеңге жолдаған сауалым: “Әрине, еліміздің мәдени өмірі үшін Ұлыбритания, Чех Республикасы немесе Оңтүстік Корея тәріздес мемлекеттердің классикалық музыкантарының қатысуымен өтетін халықаралық фестивальдің тиімділігі даусыз. Бірақ, алаңдататын мәселелер де жоқ емес. Мысалы, қазіргі таңда Солтүстік Америка, Батыс Еуропа мен Жапония тәріздес дамыған елдер Ресейге қарсы түрлі санкцияларды жариялап, тіпті орыс спортшылары мен әртістерін халықаралық жарыстар мен фестивальдерге жолатпайды. Қай себептен сіздер озбыр мемлекеттің өнер өкілін осы фестивальге шақырдыңыздар? Менің ойымша, орыс әртісін шақырғаныңыз — қателік”.

Театр директорының жауабы: “Біз әлемдегі бейбітшілікті қолдаймыз. Соғыстың кез келген түріне қарсымыз. Өнердің саясатқа қатысы жоқ. Халықаралық қатынастардың шиеленіскен жағдайларымен біз емес, саясаткерлер шұғылдануға тиіс. Біз өнерпаздардың ұлты, азаматтығына қарамай оларды фестиваль, спектакльдер үшін іріктейміз. Әлгі орыс әртісінің де саясатқа ешбір қатысы жоқ. Сондықтан, осы мәдени шара жайындағы саяси пікір-талас орынсыз боп көрінеді”.

Ахмет Жұбанов пен Ләтиф Хамидинің "Абай" операсы қойылымының көрінісі.

Ал, қалыптасқан дәстүр бойынша театр маусымын ашатын Ләтиф Хамиди мен Ахмет Жұбановтың “Абай” операсының кезекті қойылымына келетін болсақ, онда дирижер Ерболат Ахмедиаровтың оркестрді жігерлі, шабытты түрде басқарғаның айтуға тиіспіз. Еліміздің бұлбұл сопрано әншіміз Майра Мұхаммедқызы да тыңдарман қауымының көңілінен шықты. Тіпті, өзге ұлттың өкілі Оксана Давиденко да өз партиясын акцентсіз орындады. Алайда, театрдың солистерінің арасында дауысы зор тенорлар Марио дель Монако, Владимир Атлантов немесе гурілдеген бас Артур Эйзен секілді аса дарынды өнер шеберлерінің жетіспеушілігі байқалады. Бірінші қатарда отырсам да, әншілердің дауыстары кейде әлсіндеу ғана естілді.

Жасыратыны жоқ, тәуелсіздігіміздің отыз жылдарының ішінде Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының төңірегінде бірнеше жанжал-сойқан оқиғалар орын алды. Владимир Кутовой, Талғат Мамашев немесе Қуаныш Оразғалиевтің жемқор әрекеттері қазақ ән өнері қара шаңырағының хал-жағдайы мен абыройына елеулі материалдық пен моралдық шығынын келтірді. Сайып келгенде, Нұрбақыт бауырымыздың осы театрдың 1940-1970-ші жылдары дүркіреген жетістіктерін қайтадан жаңғырту жолындағы оң қадамдарына тілектеспіз.

Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
45 views

Leave a Reply