2002 жылдың 6 шілдесінде бүкіл еліміз данышпан саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнін дүркіретіп тойлады. Дара тұлғаның құрметіне неше түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылған-ды. Нұрсұлтан Әбішұлының ақтөбелік әріптестері, “Ағайынды төртеу” қылмыстық тобының мүшелері Шамалған тумасының мейрамын өзінше атап өтті.
Алматы қаласындағы “Арман” кинотеатрының жанында бокстан олимпиялық жеңімпазымыз Ермахан Ыбрайымов олардың соққысына жығылып, “Ролекс” қолсағаты мен ұялы телефонынан айырылды. Тергеудің нәтижесінде, бұзақылардың аты-жөні ресми түрде жарияланбады. Қымбат зергерлік бұйымнан айырылған, әбден жарақатталған Ермахан Сағиұлының зәресі ұшқаны соншалық, ол клиникада жатқан бөлімшенің алдында милиция қарулы күзетін орнатқызды.
Еліміздің құқық қорғау орындарындағы дереккөздеріме сәйкес, жұдырықтасу шебері Ерекеңді ұрып тастаған — аталған қылмыстық топтың жетекшісі Еркін Ізбасардың туған інісі Қайрат деген сабаз. Қазақ спортшыларының бірі содыр Қайрекеңді былай сипаттайды: “Кәсіби атлет болмаса да, мықты. Жастайынан дене шынықтыруымен белсенді түрде шұғылданады“. Сонымен, Ерекең де, Қайрекеңдер де мас болған күйінде пәлен дау-дамайды еске алып, кікілжіңге бой берді. Масаттанған боксшымыз ақтөбеліктерге былай сес көрсетейін деп еді: “Мен — олимпиялық чемпионмын!” Тепсе темір үзетін Қайрат Ізбасардың жауабы: “Сенің чемпиондығыңды қайтеміз?! Жүр, сыртқа шығайық!” Жасыратыны жоқ, кезінде Ерекеңнің өзі қылмыс әлемінің қыр-сырына әбден қанық болған кісі. Бірақ, көп жылдар бойы дәрігер, төреші, бапкерімен қамтамасыз етілген жарыстарға үйренген жеңімпазымыз көшедегі төбелестің қатал ережелерін ұмыта бастады.
Жазғы түннің ортасында орын алған қақтығыс чемпионның жеңілісімен аяқталды. Бұл жолы, ұры-қарақшылардың арасында “Сталлоне” лақап атымен танымал Қайрат Ізбасардың бағы жанды. Ақтөбелік содыр атақты боксшының тізесін бүктіріп, қомақты олжамен қайтты. Мүмкін, ауыр жағдайда жалғыз қалған даңқты спортшымызға психологиялық қысым жасаған Қайраттың жақтастары “Ағайынды төртеу“-інің өкіліне біршама артықшылық берген шығар. Әйтеуір, тартысты жекпе-жектің ақырғы нәтижесінің қалыптастыруына бірнеше факторлар әсер етуі мүмкін.
Енді, қазақпыз ғой. “Басы қатты болса, аяғы тәтті болады” демекші, Ерекең мен Қайрекеңдер де ымыраға келді. Маскүнемдіктің салдарынан пайда болған жанжалдың кесірі ұзаққа бармады. Абырой болғанда, осы оқиға қанды кекке ұласпады. Дегенмен, Алматыдағы аты-шулы төбелес үлкен спорт пен қылмыс әлемінің арасындағы тығыз байланысын тағы бір рет паш етті. Аты шыққан спортшыларды пір тұтатын қауымның құлағына алтын сырға!


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.