Қазақстандағы ГУЛаг жүйесінің ізбасарлары қамауға алынған, қуғын-сүргінге ұшыраған Қайрат Рысқұлбеков, Заманбек Нұрқаділов пен Рахат Әлиев сияқты мықты қандастарымызды жасырын түрде өлтірткізіп, содан соң “өзіне-өзі қол жұмсады” деп барып тұрған өтірікті айтуда. Әлгі атпал азаматтарымыздың арасында ҚР ҰҚК жандарал-майыры Жомарт Мәжренов те (1952-2008) баршылық. ҚР ҰҚК-ің аты-шулы Арнайы ақпараттық қызметінің негізін қалаған Жәкең еліміздің телефон әңгімелері, ғаламтор байланысы, бейнебақылау және тағы басқа ақпарат көздерін жіті қадағалады. Жасыратыны жоқ, кейде бейкүнә адамдардың айтылған сөздері, жазылған хаттарын заңсыз түрде зерттеді Мәжренов мырза.
Алайда, бірнеше жағдайларда марқұм жандарал Қазақстан алдындағы борышын даңқты түрде орындады. Мысалы, саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның көмекшілерін өлтірген жауыздарды әшкерелеуге Жәкең қолғабыс беріп, қандықол жандарал Нартай Дүтбаевтың қаһарына ұшырады. 2007 жылы ғаламторда жарияланған қазақ ұры-қары, әкімсымақтарының телефон әңгімелері де көбінесе Мәжренов мырза тәрізді батыл офицерлердің арқасында бұқара халыққа белгілі болды.
Оның баласы, Темір (Тимур) Мәжренов, әкесінің дұшпандарының қудалауына шыдамай, Ресейге қашуға мәжбүр болды. Есесіне, марқұм жандаралдай еліміздің жетекшілері мен олигархтардың телефон әңгімелерін жазған хазар кәсіпкері Сергей Маневич ешбір жазасын тартпай, аман-сау Біріккен Араб Әмірліктерінде тығылып кетті. Өйткені, Сергей Георгиевичтың “Қазақтелеком” тізгінін ұстаған иуда Александр Клебанов секілді тегеурінді көкесі бар емес пе? Ал, Жомарт Рахымбекұлы дәл бұндай алпауыт қамқоршысына зәру еді. Бар болғаны, Рахымбектың туған бауыры — аты аңызға айналған әскери барлаушы, жазушы Қасым Қайсенов. Әрине, 2006 жылдың соңында қайтыс болған Қасекең, тығырыққа тірелген Жәкеңге қол ұшын берер еді.
Марқұм жандаралдың туған апасы, ғалымсымақ Нәйля Мәжренованы ұлтымыздың жанашырларының қатарына қосуға болмайды. Жасырын топтардың шашбауын көтерген Нәйля Рахымбекқызы былай дейді: “Інім екеуміз көп мәселелер бойынша үндес едік“. Демек, Жәкеңнің де кейбір осал тұстары болған еді.
Сайып келгенде, бізге берген ақыл-кеңесі үшін Жәкеңнің әріптесі, ҚР ҰҚК подполковнигі Тюкин Вячеслав Васильевичке алғысымызды білдіреміз. Тәжірибелі құрылысшы, Вакең ҚР ҰҚК-ің Арнайы ақпараттық қызметінің қалыптасуына үлес қосқан офицерлердің бірі.
Енді, марқұм жандаралдың туысы, белгілі публицист Ғаббас Қабышұлының өлеңін келтіруді жөн санадық. Айтпақшы, көбінесе қара сөз, әзіл-сықақ жазбаларымен елімізге танымал Ғабекең бұл жолы қасіретке толы ақындық сөзіне көшті.
БЕТПАҚ БИЛІК ӨЛТІРДІ!
2008-жылы 8-шілдеде қазаға ұшыраған генерал-майор
Жомарт Рахымбекұлы МӘЖРЕНОВТЫҢ
туғанына 60 жыл толуына
Өзгеріп заман,
өзеуреп қоғам,
берекеміз кеткенде.
Адалдық арып,
арамдық лағып,
бетпақ билік жеткенде
ішқұса болған Азамат
сен едің-ау, Жомарт!
«Кім болдық біз?!» деп,
шындықты іздеп
шырылдады пәк жаның.
Сол үшін саған
дұзағын салған
жауыздарды: «Алланың
жазасы тапсын!» — деп бүгін,
ертеңнен есе күтемін!
Алматы
06. VI. 2012 жыл.


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.