Істемегені осы еді! Әлемдегі жетекші тілдердің қатарына әлі қосылмаған ана тілімізге қарсы аларман әкімсымақтар мен дүмше лингвисттер бәле бағып тұр. Соңғы жетпіс жыл ішінде, кириллицамен жазылған қазақ тіліндегі әдеби мен ғылыми қор қалыптасқан. Халқымыздың басым көпшілігі осындай әліпбиге дағдыланған. Енді, бүйректен сирақ шығарып латиницаға көшсек, мыңдаған кітаптарды кириллицадан аударуға тура келеді. Оқушылардың шақадай басы шарадай болмақ. Ал, осындай өзгеріс «Атамұра»-ның қалтасын тығындайды, Құл-Мұхаммедтің сыбайластарын мәз етпек. «Мырқымбай» немесе «Myrqymbay» жазасың ба, бәрібір баяғы қалпында қаласың.
Қайдағы латиницаны айтып тұрсыз, егер тіпті кириллицадағы жазбаша тіліміз шикілеу. Мысалы, кейбіреулер «сұхбат» жазады, ал бәзбіреулер «сұқбат» дейді. Болгариядан келген кириллицаны сүргінге салғаннан гөрі Ресейдің бюрократиялық ұғымдарынан ана тілімізді тазарту керек. «Судья», «округ», «ведомство», «отставка» немесе «участок» сияқты біздердің тілімізге жат сөздерден құтылу қажет. Неге көне түркі, араб, парсы мен монғол тілдерінің тиісті сөздерін пайдаланбайсыздар?! Сонымен қатар, Таяу Шығыстан келген тұрпайы естілетін, сорақы ұғымдардан да арылғаны жөн. «Дәретхана», «дәріхана», «әжетхана», «мейрамхана», «жатақхана» немесе «мейманхана» тәріздес сөздер ана тіліміздің ажарын кетіреді.
Грузия, Армения, Үндістан, Қытай, Жапония, Грекия мен басқа көптеген мемлекеттер латиницаға қызықпай, төл жазбаларын сақтап тұр. Ал, осы елдердің жазулары кириллицадан әлдеқайда күрделі. Оған қоса, кириллица есептеу техникасын, Интернет мен ұялы байланысты толығымен игерді. Сондықтан, жылпос атқамінерлердің уақытша пайдакүнемдігінен бөлек, латиницаға көшуге ешбір дәлелді себептер жоқ. Айтпақшы, 2005 жылы шығарылған «Русско-казахский словарь»-де оғаш қателік жіберілген. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының латиницаны жақтайтын ғалымсымақтары орыс әліпбиінің үш әріптерін алып тастады: «ъ», «ы» мен «ь».


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.