Екі жыл бұрын, “Время” газетінде жарық көрген мақаласында былғары қолғап шеберіміз, Азия бокс конфедерациясының президенті Серік Керімбекұлы Қонақбаев Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, “Құрмет” орденінің иегері Мүсілімбай Дайырбекұлыны “қазақ боксының тұмары” деп сипаттады. Расында, ардақты ақсақалымыз алпыс жылдан астам төл жұдырықтасу өнерінің басты қайраткерлерінің бірі боп саналады. Оның спортшыларымызға көрсеткен көмегі сан-алуан. Жырақтағы бәсекеге түсетін боздақтарымызды қазақи азық-түлікпен қамтамасыз етеді Мүсекең. Мұқтажданып қалған спорт ардагерлерімізге қаржылай қолғабысын береді танымал стоматолог. Мексика, Швеция, Малайзияда өткен тіс дәрігерлерінің халықаралық жиындарында еліміздің өкілі ретінде талай рет қатысты Мүсілім ағамыз. Нәтижесінде, ол басқаратын Алматыдағы “Шипа-Дент” стоматологиялық клиникасы қазіргі заманға сай құрал-жабдықтармен ерекшеленеді. Еліміздің құрметіне бөленген Мүсекеңді кейбір шетелдіктер де бағалайды. Мысалы, 2011 жылғы Бақыдағы әуесқой бокстан әлем біріншілігі барысында әзірбайжандықтар “Мың бір түн”-дей қонақжайылығымен қарсы алды біздің ағамызды.
Елуінші жылдардың соңы. Олимпиада жеңімпазы Василий Жировтің бапкері Александр Апачинскийді тәрбиелеген бокс ұстазы Владимир Тулуповпен жекпе-жекке шықты жас спортшы Мүсілім. Әлгі, Володя “сен тұр, мен атайын”, сақадай-сай дайын былғары қолғап шебері, бірнеше одақтық пен республикалық жарыстардың жеңімпазы. Батыл ағамыз сондай көкжал қарсыластарынан тайсалмай, шаршы алаңда атой салған қазақтардың бірі. Үлкен спорттың шыңын бағындырмаса да, бокс деген қатал өнерінің алған сабақтарын халқымызды қорғауға дарыта білді. Оңтүстік өңірімізде туып-өскен Төле бидің ұрпағы қандастарымызға шекесінен қарайтын бірнеше келімсектерді білегінің күшімен түзетіп тастады. Оған қоса, ағамыз рушыл емес. Оның нағашы ата-бабаларының арасында Әйтеке би мен Қазыбек би де бар. Сондықтан да, ол тарихи ескерткіштерді жандандыру үшін миллиондаған теңгелерді жұмсады.
Осы мақаланың кейіпкерін “сүттен ақ, судан таза” деуден аулақпын. Оның өмірінде де неше түрлі қысылтаяң жағдайлары орын алды. Алты жылдан астам итжеккенге айдалғаны Мүсекеңнің пешенесі жазылған еді. Иә, жіберліген қателіктері де жоқ емес, бірақ соншама қатал жазаға татитын қылықтары да болмады ғой. Бокс тақырыбына қайтадан оралсақ, ағамыздың ең сүйкті боксшыларының бірі – 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі Афины Олимпиадасының жеңімпазы, Вэл Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаев. Әлгі тараздық боксшының жылдам қимылдары, жойқын соққыларына тәнті болды ақсақалымыз. Тіпті, 2004 жылғы Олимпия ойындарының қарсаңында өткізілген оқу-жаттығу жиынында Мүсілім Дайырбекұлының көзінше Бақтияр деген алтын баламыз тіпті Қазақстан, Ресейдің ауыр салмақтағы боксшыларынан басым түсті. Есесіне, дандайсып кеткен қазақстандық боксшы Геннадий Головкинді сынға алды Мүсекең. Өйткені, қарағандылық жұдырықтасу мектебінің дарынды түлегі Геннадий соңғы уақытта тартысты жекпе-жектерінен гөрі эстрадалық сахнаға лайықты қойылымдарды өткізеді. Азулы бәсекелестерінен тайсалып, қарабайыр бірдемелермен қолғап түйістіреді.
Медицина мен спортпен қатар қоғамдық өмірге де белсенді түрде қатысады аяулы ақсақалымыз. Әне, белгілі ақын Олжас Сүлейменов пен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполовпен бірге Мүсекең алақан жайды. Танымал кәсіпкер Тимур Құлыбаев та Мүсілім Дайырбекұлы достарының бірі. Оның отбасы мүшелері де жарап тұр. Әйелі, Нелли Қайырғалиқызы, биолог ретінде жұмыс істеді. Баласы, Мұхтар Мүсілімбайұлы, полковник деген әскери шеніне қол жеткізді. Туған інісі, Орынбай Дайырбекұлы, білікті кардиохирург болып табылады. Демек, табысты өмір сүреді біздің мақаламыздың басты кейіпкері. Оған тек қана мынадай ниет-тілегімізді білдіргіміз келеді: “Жүз жаса, Мүсілімбай Ата!”

