Еліміздің теледидар саласының шығармашылық пен жарнама мәселелері отандық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланған. Телевизиямыздың жасампаздық пен сауда әлуеті туралы жалпы түсінігіміз бар. Алайда, оның инженерлік, техникалық жағдайларын біздер онша түсінбейміз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қазақ теледидарының ардагері Владислав Леонидович Богусевичпен сұхбат өткіздік. Әңгімемізді тарихи сұрақтардан бастадық.
Осы кісінің пікірінше, теледидар саласында жасалынған Кеңес Одағының құрал-жабдықтары мен бейнетаспаларың сапасы әлемнің жетекші фирмалары өнімінің деңгейіне жетпеді. Бұндай теңсіздікті қандай себептер тудырды? Ең алдымен, КСРО-ның томаға-тұйық экономикасы халықаралық патент базасының жетістіктерін толықтай пайдалана алмады. Кеңес ғалымдары мен жұмысшылары шетелдің талай инженерлік жаңалықтарынан бейхабар болды. Сонымен қатар, социалистік шаруашылықтың негізгі мақсаты — арзан өнімді көптеген тұтынушыларға қамтамасыз етуі. Ал, күрделі әрі қымбат теледидар техникасын арзан бағамен өндіруі мүмкін емес.
1980 жылы, Мәскеу Олимпия ойындарының қарсаңында КСРО теледидар техникасының сапасы едәуір жақсарды, себебі күллі әлемге таратылатын спорт бағдарламалары үшін ең қолайлы жағдайлар жасалған. Айтпақшы, кеңестік кезең тұсында литвалық Шауляй қаласында бейне құрал-жабдықтары шығарылса, украиналық Кировоград қаласында дыбыс жазу техникасы өндірілген. Одақ техникасының жақсы жері — оның пайдалануы мен жөндеуі үшін оңтайлылығы. Теледидар құрал-жабдықтары бір типтес болған соң, КСРО бойынша телевизия орталықтарының деңгейі мен қауқары шамалас болған еді. Бағдарлама таратуы бірыңғай жүйесінің шеңберінде пайда болған техникалық мәселелердің шешілуі де бүгінгі жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда оңай болды.
Владислав Богусевичтің өмірбаяны да қызық жәйттерге толы. 1947 жылы, Алматы қаласында дүниеге келді. Ресми түрде орыс деп жазылса, әкесінің жағынан поляк екен. 1985 жылы, коммунист емес жас маман Қазақ ССР мемлекеттік теледидар мен радиосының комитеті төрағасының орынбасары боп тағайындалған. Тек қана осындай жоғары лауазымға өткеннен соң, ол коммунист партиясының қатарына қосылды.
Әдеттегідей, КСРО теледидар саласындағы аса маңызды техникалық лауазымдарға коммунист партиясы қызметкерлерінің балалары тағайындалатын. Демек, бастықтардың тұқымына артықшылық берілген. Ал, В. Богусевичтің ғылыммен шұғылданған ата-анасы алпауыттардың санатына жатпайтын пенделер. Әкесі –- химик, шешесі –- физик. Керісінше, Екінші әлем соғысының барысында неміс фашистері Леонид Богусевичті тұтқындады. Әріне, соғыстан кейін осындай жағдай олардың отбасына өз ауыртпалығын тигізді. Себебі, күдікшіл Кеңес үкіметі неміс тұтқынына түскен жауынгерлерге сезіктене қарады. Тіпті, олардың көбісі отанына оралған соң айыпталып, қапасқа отырғызылған. Дегенмен, КСРО мемлекетіне жан-тәнімен берілген теледидар маманы әкесі өмірбаянының сезікті жағдайларына қарамастан телевизия бастығына айналды. Сексенінші жылдардың соңында, мемлекеттік телеарналарға дағдыланған В. Богусевич жекеменшік телеарналардың болашағына күмәндана қарады. Бұл кісі тоқсаныншы жылдардың орта тұсынан бастап, екі мыңыншы жылдардың басына дейін «Хабар» агенттігінің техникалық директоры боп қызмет етті.
Әлем бойынша сирек кездесетін теледидар ордаларының бірі, Астанадағы «Қазмедиа орталығы» да В. Богусевичтің белсенді қатысуымен салынған ірі кешен. Оның айтуынша, техникалық жағынан осы орталықтың құрылысына «Раша Тудэй» телеарнасы үлгі болды. Көптеген отандық телеарналарға баспана берген «Қазмедиа орталығы» бейне-бір коммуналдық пәтерге ұқсайды. Сондықтан, алғашқы кезеңде әлгі телеарналардың қызметкерлері инженерлік желілер, құрал-жабдықтар мен мұрағат мүмкіншіліктері үшін талас-тартысқа түсті. Қазіргі таңда, осындай қарама-қайшылықтар саябырсиды. Ал, мақаламыздың басты кейіпкері «Актуальные технологии телевидения» ақыл-кеңес беретін компаниясын басқарып, жергілікті телеканалдардың техникалық деңгейін тексеруде. Осы жұмыстың барысында да неше түрлі ерекшеліктер әшкереленеді. Мысалы, еліміздің ең ықпалды телеарналарының бірі КТК каналының монтаж жүйесі әжептеуір дамыған болса, әуе толқынына шығаратын құрал-жабдықтарының жағдайы көңілдегідей емес. Соған қоса, әлгі коммерциялық арнаның қаржы-қаражат жағдайы да онша емес. Осы кісінің кейбір іскерлі ұсыныстары жүзеге аспады. Мәселен, қазақ телеарналарының осал жері — мұрағат мүмкіншіліктерінің жетіспеушілігі. Осы кемшіліктің салдарынан қаншама құнды фильмдер мен бағдарламалар келмеске кетті! Мысалы, деректі фильмдерді түсірген «Қазақтелефильм» студиясының негізгі қоры жойылған.
Болашақта осындай зиянды болдырмау үшін В. Богусевич мынадай ұсынысты ортаға салды: бүкіл республикамызға ортақ цифрлық мұрағатты құру керек. Неше түрлі таспаларға жазылған ескі телебағдарламаларды цифрлік дисктерге айналдырып, келешек үшін сақтар едік. Ұзақ жылдар бойы қордаланған телевизиялық байлықтар бірыңғай стандарттың аясында қалар еді. Алайда, теледидар саламыздың ардагерінің ақыл-кеңесіне медиа бастықтары құлақ аспады. Сайып келгенде, еліміздің телекоммуникациялары саласында Владислав Богусевич, Сергей Заднепровский немесе Виктор Лефтер секілді қазақстандықтар көптеген жылдар бойы елімізге қызмет етсе де, ұлттық кадрлардың жаңа буынын тәрбиелеуге тиіспіз. Әзірше, қандастарымыз инженерлік мамандықтардың белесінен онша көрінбейді.


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.