Биыл тәуелсіздігімізге 20 жыл толса да, кіріптарлықтың талай нышандарынан арылмай тұрмыз. Павлодар, Петропавловск пен Уйгур ауданына қазақи атауларды қоймай, жалтақтап қалдық. Солтүстік Қазақстандағы темір жолдың бір бөлігі әлі күнге дейін ресейліктердің қарамағында. Шаруашылық пен саяси бодандықпен қатар, рухани басыбайлылық та орын алуда. Мысалы, шетел тілдерінен аударғанда, тікелей байланыстарды орнатпай көбінесе орыс тіліне жүгініп отырмыз. Тәржімелеу саламызда ұшқалақ түрік сериалдарынан бастап, күрделі ғылыми ұғымдарға дейін баяғы Кремль ағайындарын еліктеудеміз.
Мәселен, «World Trade Organization» деп аталатын халықаралық ұйымы, қазақ тіліне «Әлем сауда ұйымы» атауымен аударылуға тиіс еді. Бірақ, ауру қалса да, әдет қалмайды. Тілмашсымақтарымыз ағылшын тілінен емес, «Всемирная торговая организация» орыс нұсқасынан «Дүниежүзілік сауда ұйымы» аударманы шалағай істеді. «The United Nations» (французша: «les Nations Unies») ағылшынша аталатын ғаламдық мекемені, қазақ тіліне «Біріккен Ұлттар» деп тәржімелеу керек еді. Алайда, орекеңдерді үлгі тұтып, олардың «Организация Объединенных Наций» мұқиятты түрде «Біріккен Ұлттар Ұйым»-ға аудардық.
Әрине, орыс тілінде көптеген ұлы шығармалар жазылған, талай керемет спектакльдер қойылған, ғажайып фильмдер түсірілген. Дегенмен, осы шығыс славяндардың тілі ешқашан халықаралық қатынастардың құралы ретінде пайдаланылған жоқ. Әлбетте, оның аймақтық маңыздылығына шүбә келтірмейміз. Бірақ, ғаламдық мәселелермен шұғылданғанда, ағылшын мен француз сияқты халықаралық тілдерін пайдалану қажет.

