Рухани байлықты жиған зерттеуші

Атырау өңірі Құлсары елді мекенінің тумасы Нысанбай Ізбайұлы Ізбаев (1941 жылғы 1 қазан — 2004 жылғы 29 қаңтар) қиын-қыстау балалық шағына душар болды. Оның шешесі ұлын әжесіне тапсырды. Ал, Нысанбайдың әкесі, Ізбай, соғыс майданында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Сондықтан, мақаламыздың бас кейіпкері балалар үйіне түсуге мәжбүр болды. Алматы қаласындағы Халық шаруашылық институтын бітірген соң, Н.І. Ізбаев көп жылдар бойы Алматы станок жасайтын зауытының бас бухгалтері ретінде жұмыс істеді.

Пушкинист-коллекционер Нысанбай Ізбайұлы Ізбаев.

Бір қызығы, сұрапыл заманның ызғарлы лебіне ұшыраған жетім бала, мұқиятты есеп-қисаптың мамандығын игерген соң еліміздің өнер мен әдебиет жауһарларының ең танымал коллекционерлерінің біріне айналды. Оның қырық жылдан астам қалыптастырылған жиынтығың негізі — орыс ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкинге қатысты кітап, газет, журнал, марка, белгілер. Олардың ішінде — 1880 жылы жарияланған данышпан жазушыға арналған тұңғыш мәскеулік көрме туралы ірі альбом мен 1936 жылы жарық көрген қазақ тіліндегі ақынның үш томдық шығырмалар жинағы. Осы жинақтың құрастырушыларының арасында Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров секілді ұлы жазушыларымыз болды. 1937 жылы, олар қуғын-сүргінге ұшыраған соң әлгі үш томдық шығармалар жинағының экземплярлары негізінен жойылған. Абырой болғанда, Николай Иванович (Ізбаев мырзаны достары былай еркелетіп атайтын) бұндай сирек басылымызды сақтап қалды. 1990 жылы, қайтадан құрылған Ресейдің Пушкин қоғамы негізі қалаушыларының бірі Нысанбай ағамыз да болып табылады.

Шығыстанушы Евгений Бертельстің 1934 жылы жарық көрген оныншы ғасырлық Бұхарадағы парсы поэзиясы туралы ғылыми еңбектің алдыңғы беті.

Әрине, Нысанбай Ізбайұлы тәріздес білімпаз кісі өз ізденістерін пушкиниана тақырыбымен шектемеді. Өз басым, аяулы коллекционердің дүниеден өткенінен кейін саудаға түскен оның кейбір кітаптарын сатып алдым. Мысалы, олардың ішінде кеңес шығыстанушы Евгений Бертельстің 1935 жылы жарық көрген оныншы ғасырлық Бұқарадағы парсы поэзиясы туралы ғылыми еңбегі бар. Сонымен қатар, Николай Ивановичтің коллекциясындағы чехословакиялық заңгер Милан Бартошектің 1989 жылғы рым құқығы туралы орыс басылымы мен неміс-швейцариялық математігі  Фердинанд Рудио құрастырған 1934 жылғы шеңбердің квадратурасы жөнінде ұлы математиктердің ғылыми еңбектері жинағының орыс басылымын иемденуге бақыттымын! Бірақ, бас қаламыз Ақмолада өмір сүретін коллекционердің туған қызы Айжанның айтуынша, Н.І. Ізбаевтың қайталанбас Пушкин жиынтығы бүтін түрде Алматыда сақталуда.

"Простор" әдеби-көркемдік журналының 1998 жылғы 11 санында жарық көрген Нысанбай Ізбаевпен журналист Татьяна Зорина өткізген сұхбатының бірінші беті.

Нысанбай аға көзі тірісінде еліміздің орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарының назарына бөленген тұлға еді. Мәселен, “Простор” әдеби-көркемдік журналының 1998 жылғы 11 санында осы кісімен журналист Татьяна Зорина өткізген сұхбаты жарияланған еді. Алайда, қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары коллекционердің зор еңбегіне ден қоймады. Оған қоса, жергілікті атқамінерлер де Николай Ивановичке қолдау көрсетпеді. Алматы қаласының әкімі Виктор Храпунов Н.І. Ізбаевтің жиынтығын орналастыруға үй беру жөніндегі уәдесінде тұрмады. Коллекционердің жерлесі миллиардер Иманғали Тасмағамбетов те түкке жарамады. Игорь Крутой, Дима Маликов пен Диня Мацуев сынды ресейлік әртістерге миллиондаған доллар сыйға тартқан Имекең керемет жерлесіне лашық-қораны да қимады. Миллиардер-саясаткердің өзі Гитлердің қолшоқпары Герман Герингтей өнер туындылары мен зергерлік бұйымдарын жинап тұр. Бірақ, ғылыми зерттеу, қоғамымызға қызмет етуден аулақ коллекционер Имаш жеке пайдасы, саяси ұпайын көздейтін пысықай.

"Простор" әдеби-көркемдік журналының 1998 жылғы 11 санында жарық көрген Нысанбай Ізбаевпен журналист Татьяна Зорина өткізген сұхбатының екінші және үшінші беттері.

Ертіс өңірінің мақтанышы Нахман Гершевич Шафер (1931-2022) өзінің ғажайып музыкалық коллекциясын сақтауға арналған үй алып үлгерді. Бірақ, білім деңгейі көптеген кәсіби тарихшы, әдебиеттанушы мен өнертанушыларынан асып түсетін Атырау аймағының тумасы жеке мұражайының қызығын көрмеді. Дана ақын Александр Сергеевич Пушкиннің елімізге сіңген еңбегі баршылық. Батыс Қазақстанға сапар шеккен ұлы қаламгер қазақтың ауыз әдебиетінің үлгілерін жазып алды. Оның шығармаларын шетел тілдеріне аудару қиынға соғады. Алайда, Абай, Ілияс пен Мұқағали секілді қазақтың ұлы ақындары орыс әріптесінің туындыларын ана тілімізге жоғары деңгейде аударып алды. Әлем пушкинистерінің алдыңғы шебінде тұрған Николай Иванович ұлы ата-бабаларымыздың өнерпаз жолын өзінше жалғастырды.

"Простор" әдеби-көркемдік журналының 1998 жылғы 11 санында жарық көрген Нысанбай Ізбаевпен журналист Татьяна Зорина өткізген сұхбатының төртінші беті.

Қазіргі қытайшыл, түрікшіл, кәрісшіл ұсақ сауда-саттық кезеңімізде Нысанбай аға тәріздес өрісі кең зерттеушілер ауадай қажет. Қайсыбір мұражай, мектеп, институтымызға бармасаңыздар, негізінен мансапқор, шалағай бірдемелерге тап боласыздар. Олардың басты мақсаты — жетекшілердің көңілінен шығып, кезекті атақ-дәреже, ақшалай сыйлыққа қол жеткізу. Ал, өнер, әдебиет тақырыптарын терең түсінетін саңылауы бар тұлғалар — жоқтың қасы. Ескі көркем фильмдері мен кинопроекторлар, кинематограф маркаларын жинаған әртісіміз Меңтай Смағұлұлы Өтепбергенов те (1946-2016) Николай Ивановичпен пара-пар түсетін кейіпкер еді. Мәдени мұраны әлпештеп сақтайтын осындай коллекционерлер кейбір жағдайларда ірі кітапхана, мұражай, мұрағаттардан озып шығады.

Likes(0)Dislikes(0)
Print Friendly, PDF & Email
21 views

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.

%d bloggers like this: