Баршаларыңызға мәлім, қазақ пен украин тілдері көптеген ортақ сөздерді пайдалануда. Мысалы, “домбыра” деген екі ішекті музыкалық аспабымыздың атауына ұқсайтын “домра” деген төрт ішекті украин музыкалық аспабы бар емес пе? Ал, “қобыз” деген аспабымыздан украин “кобза“-сы сөз жүзінде айнымайды. “Темекі” кесірлі өсімдігін украиндықтар “тютюн” деп атайды. Өз кезегінде, әлгі украиндық зат есімі қазақтың “түтін” ұғымына бек ұқсайды. Алайда, таза лингвистикалық мәселелер былай тұрсын, тіл саясатының тұрғысынан да алып қарағанда қос мемлекеттің арасында ұқсас сипаттар жоқ емес.
Қазақ пен украин тілдерінің емлесі бойынша, сөздер солдан оңға қарай оқылады. Демек, сол жақта орналасқан әріптердің мағыналық пен қоғамдық басымдылығына ешбір дау тумас. Жоғарыда келтірілген фотосуретте Киев қаласында орналасқан Украина қуат пен көмір өнеркәсібі министрлігінің кіреберісі көрсетілген. Осы ресми мекеме кіреберісінің сол жағына қойылған маңдайшасы ағылшын тілінде жазылған, ал оның оң жағындағы маңдайшасы украин тілінде қашалған. Ең алдымен, ағылшын тіліндегі маңдайшаны орналастыруға ешқандай заңды негіз жоқ. Өйткені, Украинадағы ағылшын тілінің ешқандай ресми мәртебесі жоқ. Оған қоса, бұл елдің мемлекеттік тілі — украиндық тіл болып табылады. Сондықтан, украин тіліндегі маңдайшалар әрқашан сол жақта қойылуға тиіс.
Енді, жергілікті қалбит-мәмбет, киргиз-кайсак Мырқымбайларға қайта оралсақ, Алматы қаласы Медеу аудандық АХАТ (ЗАГС) кіреберісіне назар аударайық. Көршілес елдің мемлекеттік тілінде жазылған маңдайша құрметті сол жақта орналасқан. Қазақстанның мемлекеттік тіліндегі қашалған маңдайша жетімсіреп қалғандай, дәрежесі төмендеу оң жақта жайғасуға мәжбүр болды. Демек, Медеу аудандық АХАТ-тың атқамінерлері шетелдік орыс тіліне заңсыз түрде басымдылық беріп, төл қазақ тілімізді шетқақпайлады. Бәлкім, маймыл тәріздес өзге жұрттың қателіктерін қайталауға құмар қазекеңдер, тіл саясатындағы украиндықтардың құлдық қылықтарын үлгі тұтарлық дүниедей қабылдады.
Бірақ, кекілді хохолдар өз тіл саясатының соқпағында біраз жаңылып кетсе де, мүйізі қарағайдай халықаралық ағылшын тілінің алдында ғана тізе бүкті. Ал, отандық қалбит-мәмбеттер көбінесе аймақтық дәрежесі ғана бар орыс тілін пір тұтады. Оған қоса, басқа аймақтық тіл — қытай тілінің де дәрежесі Қазақстанда біртендеп өсіп келе жатыр. Яғни, ағылшын пен орыс тілдерімен қатар байғұс киргиз-кайсактар қытай тілін мұқиятты оқуға мәжбүр болса, таң қалмаңыздар.


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.