Көрнекті жазушымыздың шығармасын тұңғыш рет ғаламторда жариялап отырмын. 1934 жылдың 9-шы мамырында, “Қызыл ту” деген Батыс Сібір өлкелік партия комитетінің тілінде (газетінде) жарық көрді осы әзіл-сықақ туынды. Ғабиден Мұстафиннің (1902-1985) “Қызыл ту” газетіндегі басылған еңбектері туралы мені заң ғылымдарының докторы, криминология бойынша ұстазым Өзеке Сүйкінбайұлы Жекебаев (1927-2019) хабардар етті.
Кімнің үйі екенін білмеймін, есігін ашып қалғанымда төрдің алдындағы керме ағашта ілулі тұрған ескі дұғалықтар, мені жаратбаған тәрізденіп, сайдама бетін тыржың-тыржың еткізді. Төрдің алдында топатайдай болып, жылан көз, сірке қара бір адам отыр. Оң жақ бүйірде аяғын бауырына алып, қызыл көзді кемпір жатыр, сол бүйірде, ақ шәлісі кірге баттасқан, қара шәші ақ сірке мен шыбартқан, ши аяқтау тағы бір келіншек жатыр.
Кенеттен кіріп келген мені, бұл үйдің іші қапелімде жылы көз бен қарсы ала қойған жоқ. Менің сыйқымның өзіде осыған ылайық балдыма деймін. Күні үзін жол үстінде болып, қарлы жаңбыр әбден өткен. Сары кісі тоңғанда қандай өзгереді, талақтай болып көгерсем керек. Ернімді қанша қымтып ұстасамда, сөзім бытырап кете береді. Қаладан шығарда қара ауыз деген жолдасым қара тоныңды тастама дегенде, тыңдамастан тонның орнына шамадан (жол сандық, шабадан. — Д.Н.) алғам. Кербездіктің сазайын тарттым. Шамаданнан көрген пайдам әлі жоқ еді, осы арада бұныңда бір пайдасы тигелі тұр.
Суға малшынып, іннен шыққан суырдай боп тұрған маған бір қарайдыда, үй иесі шамаданға екі қарайды. Шамаданымды кейін қалдырып, өзім төрге өрледім. Үй иесі, жылысып жанынан орын берді, иек, қағысып амандасқаннан кейін азырақ сөзге келдік:
— Қайдан келесіз?
— кірайдан келем (крайдан, өлкеден. — Д.Н.).
Бар керегі осы болса керек, одан әрі сұрамады. Менде сөзге құмартып отырғам жоқ, шешініп, киімдерімді жәйә бастадым.
Үйдің іші жылқының жусауындай, шәшіліп қатқан шыны аяқ, кесе, шәйнек, леген, шөміш дастарқан, орамал, етік, калош, солардың арасында “мырзаның” малақайы, қойшы! ең ақыры келіншектің кілеген қызылсан дамбалына дейін терезенің алдында жатыр.
Мен киімдерімді жәйіп болғанша, келіншек бен “мырзасы” екі жақтап, үйдің ішін жыйып, дендеп тастады. Қызыл дамбалды көтере беріп, көріп қалдыма дегендей келіншек маған қарады да төсегінің астына апарып тықты, шаң мен шөпке көмілген ала сырмақтың сәті мен келген соң түсті. Келіншек сыпыруға жалақтап тұр екен, сыпырмасыңыз тәуір болар еді — деген ұсыныс енгіздім:
— Олай болса мынаны үстінен жәйіп жіберейік — деді келіншектің күйеуі екінші бір сырмақты алып келіп.
Сырмақ жәйілді, шамаданымды өзімнен де төрге шығарып қойды. Кісіге майлы күйедей жұғымпаз адам екен, маған ойынды, ышынды сөздері мен жұғысып жүр.
— Сіздің атыңыз кім? дедім бір уақытта үй иесіне.
— Атым Ақсу, осы “қызыл қайың” қалқозының (колхозының, яғни ұжымдық шаруашылықтың. — Д.Н.) бастығы болам. Өз атыңызды да айтып қойсаңыз? деп қайра сұрақ қойды.
Аты, жөнімді айтып, беріп қалқоздың көктем егіске дайындығы жәйінан түртпектер сұрай бастадым. Сұрақтарым мойнына қосақ, көріне тіркеу алып қайтып жатыр: Егіс көлігінің бәрі күйлі, сайман атаулы мүлтіксіз дүзетілген, бұлардың бәрі біригәділерге (бригадирлерге. — Д.Н.) бекітілген, біригәділер қайсы, қайжерге істейтіні анықтап белгіленген, тұқым атаулы дәріленген, тазаланған, шығымдылығына дейін зерттеген, қойшы егіске қандай дайындық керек болса, соның бәрі көңілдегідей болып, істеліпті ау. Осы сөздерін дәлелдеу үшін сондықтың (сандықтың. — Д.Н.) түбінде жатқан “Қызыл ту” кәзитінің (газетінің. — Д.Н.) екі нөмірін әкеп алдыма жәйді. Оқып қарасам “Қызыл ту” кәзитіне берілген рапырт (баяндама, рапорт. — Д.Н.) екен. Рапыртта көрсетілген дайындық жаңағы айтылғандардан әлде қайда күшті, әлде қайда толық. Онда ең аяғы қанша бишік дайындалғаны да көрсетіпті, құлақ (бай жекеменшік шаруа. — Д.Н.) қалдықтарын, жалқау, арам пейілдерді сүтке тиген иттей қып қуып шыққанына дейін, айтқан, егісті ең барып тұрған жақсы дәрежеде өткіземіз, оған осы дайындықтарымыз кепіл деген. Рапыртқа қол қоюшылар: қалқоз ағасы — Ақсу Бояубай ұлы, есепшісі Боқжасар ұлы Қасқырбай.
Ақсудың сөзіне, берген рапыртына қуанғаным сондай:
— Ұл туса сендей тусын, осы үлгілі істеріңді жыр көрсетше! — деп орнымнан ұшып түре келіппін.
— Тұра тұр деп тартпақтап еді, қойғаным жоқ.
Далаға шықсақ қалқоздың қотанын да бір ат пен бір қалқозшы төбелесіп жатыр. Қара сақалды қалқозшы қара кер аттың шанасына шөпті мейлінше тиеген, ат таспаша созылып тартады, қарға кептелген шана мізбақпайды. оны мен қалқозшының жұмысы жоқ, атты басы, көзі демей төпеп жатыр. Бір уақытта ат соққыға жығылып құады (құлады. — Д.Н.). Сол кезде ала қоржындай жортақтар, Ақсуға барып жетті. Барып жеткені ақ құрысын, жазасыз қара керді құтқарудың орнына, бұда бишікке ала бастады.
— О, жарқыным өлтірсеңдер, қыйнамай өлтірсеңші. — деп мына жағынан мен келдім. Қолдарындағы бишікті алып, атты доғарттым. Жануар айтуға тілі жоқ. “саған рақымет дегендей” маған қарап терге шомбыған (шомылған. — Д.Н.), тостаған көзінен моншақтай жастарды домалатып тұрды.
Қалқозшы мен атты айырып болған соң ат қораға қарай аяңдадық. Жол аойы (бойы. — Д.Н.) Ақсудың әңгімесі қара кер ат болды қара кер ат жалқау, қара кер ат семюләнт (симулянт. — Д.Н.), қара кет құлақ дейді. осынша айып тапқанда қара керді мен жауапқа тартады деп келе ме? әлде өзінің оған істеген зәбіршілігін соны мен бүркемек болама? мен түсінбедім, оқушы өзің шеш.
Ат қораға келдік. Қалқозшылардың бір қатары осында көрінді, шетте тұрған көк аттың омырауы қамыт соққан, қара қотыр жара.
— Мына қалпында жұмысқа жарайма? тынықтырып, емдеу керек емеспе?
— Бұл жануар мұны елемейді, былтыр бұданда жаман күнінде соқаны жалғыз сүйреген — деп, Ақсу екінші омырауындағы шиін көрсетті.
Құла биенің алдыңғы екі аяғы жеңді білектей шор, денесін ауырлап, кезекпе кезек көтеріп қояды.
— Құла бие малдықтан шығыпты ғой — дедім.
— Аяғына қарап айтасызба? қызып алғанда сайтандай басады бұл.
Қара айғырдың арқасы жүн жауыр. Бұған дейін оған қол тигізген бір адам болмаған. Мен тұрғанда Ақсудың мал сақтығы ұстап, бір өнер көрсетпекші болады білем, айғырдың арқасын тырнай бастады, сен сықылды қара қарғаға шоқытпаймын дегендей, қара айғыр құлағын жымыйтып, құйры мен (құйрығымен? — Д.Н.) жәйпап еді. Ақсу оны тыңдаған жоқ. Тыңдамасаң тыңдатайын, сенен ақ өлдім ғой деген кісіше, жануар жарғанаттай Ақсуға жайнақтай аузын салып ақ қалды. Ақсу мықшың ете түсті. Айырып алып қарасақ май құйрығы білеудей болып қанталай қалыпты. Қара айғырдың кегі сондада бітпесе керек, әттең артымнан келмедің, ауызға бір періп жоқ қылар едім дегендей көзі шатынап, осқырып, осқырып қояды.
Аттардың қайсысын көрсекте осындай ақаулы. күйлері нашар, семіздік жалғыз Ақсудың сөзінде ғана тұр, оның сазайын қара айғыр берседе Ақсу әлі сөзінен жаңылған жоқ. Сайман қораға келгенде алдыңғы бір мұрындығынан айрылған біришкеге (ат арба, бричка. — Д.Н.) көзім түсті.
— Дүзеткендерін қайсы, мынаның мұрындығы жоққой?!
— Осы арбаны су тегін алдым, шіркін нағыз мүлік қой — деп жауап берудің орнына арбаны ырғап, ырғап қойды Ақсу.
Мінә бір соқаның күрегін қарашы, жүзі бір елі дүзету керек емеспе?!
— Бұл соқаға кісінің керегі жоқ, тек салып қоя берсеңіз болғаны, тереңдігін бір қарыс қылып, құлатадыда отырады.
— Мына қамыттың шұжығы аттың мойнын алып түседі ғой, неге жұмсартпағансыңдар?
— Қамыт ақ, аттың мойнына осылай тап ете қалады — деп Ақсу мойнына киіп көрсетті.
Бұдан әрі Ақсу мен қалай сөйлесерсін?
Қасымызға жыйналған қалқозшыларға қарап:
— Дайынбыздеп өтірік рапырт бересіңдер, дайындықтарың осыма? дедім.
— Кім айтады біз беріппізбе?!
— Дәуде болса есепші берген шығар!
— Кәмунес (коммунист. — Д.Н.) қой, басқарма көріп қол қойған шығар.
— Атшы ғой Малқамбайда бұл ақыл дын ішінде болу керек.
Қалқозшылар осылайша бірі бастап, бірі қостап өтірікшілердің бетін шиедей қылды. Бұны менде қойған жоқ, дала жұмысының біригәдірі Шойынбек ұлы жұлынып шығып:
— Несіне күлтелейсіндер (күлесіңдер? — Д.Н.), мына сықылды көлік, сайман мен ертең бізгеге жоспар орындау арам болар. Басқарма, есепшіні құлақтан қойған атшыны дереу орнынан алу керек екенін айтыңдар! деді.
Ақсудыңда аузынан көбігі бұрқырап, көпке қарап тап, тап береді, көпшілік қолына түссе түтіп тастайтын бірақ оны Ақсу сезіп жатқан жоқ. Екі шағын қойғызып мәселені ертең шешуге байладық.
Шамаданымды алу үшін Ақсудікіне қайра келюге тура келді Мен жыйналып жатқанда Ақсу қағанақтай шекесін келіншегінің будыраған бұрымына тақап тұрып, бірдеме деген сықылды еді, содан кейін келіншек бір бөтелке арақ пен шәй жабдықтарын әкеп қойды.
— Рақымет мен ішпеуші едім.
— Ауызда тие алмаймын.
— Соны мен енді не деп кеттіңіз?
— Сөз көп, іс жоқ деп кетемінде.
— Әйтседе?
— Ақсу десе, ақсу екендеп кетем.
Бәіпше (бәйбіше. — Д.Н.) басын көтеріп алып:
— Кө-тек — дейді, дұғалықтарда бірдеме деп жыбырлаған болды.
Үшеуі бірдей мені жеп қоятын немеше, үш жағымнан қадала қалған екен, шамаданымды алып тайып тұрдым.
Ертең әңгіме қалай шешіледі, “Қызыл қайың” олқылығын қалай жояды деп менде сол уақытта мазасызданған едім. Бұл әңгімені оқушыларда мазасызданатын болар. Сондықтан нәтижесін айта кетейін. Мәселе тіпті оңай шешілді. Парткөм алды мен Ақсудың парт белетін алды, содан кейін қалқозшылар оны өзі ақ лақтырып тастады, есепші мен атшы құлақтар қалқоздан қуылды. Бұлардың орнына екпінді қалқозшылар отырды. Осылар 10 күн ішінде барлық олқылықты жойып, қазірде ең алды мен егіске шыққан, дайындығы мықты қалқоз болып отыр.
ҒАБИДЕН.


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.