Ұлы ақынымыз Ілияс Жансүгіровті (1894-1938) қамауға алынғаннан сәлден соң әдебиеттанушы Мұхамеджан Қаратаев (1910-1995) үкіметтік “Социалистік Қазақстан” газетінде тұтқындалған қаламгер мен Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин мен Сәкен Сейфуллин тәріздес жазушыларымызға қарсы мақаланы жариялады. 1937 жылғы 29 тамызда жарық көрген жазбада әлгі қаламгерлер троцкист әдеби сыншысы Леопольд Авербахтың (1903-1939) қолдаушылары ретінде көрсетілген. Бір қызығы, М. Қаратаевтың өзі көп ұзамай саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айнала жаздады. Осы мақаланың толық нұсқасын латиницадан кириллицаға аударып, ғаламторда тұңғыш рет жариялап отырмын.
Собеттер Союзындағы жазушылар жұртшылығы мен искусство қызметкерлері өздерінің әдебиет-көркем өнер ұжымдарының жұмысын мықтап қайта құруға жұмыла кірісіп, араларынан жапон-герман пашистерінің агенттері — троцкишіл, буқарыншыл, ұлтшыл-пашис бандыларды аластап қуып жатыр. Идеология майданына кіріп кеткен троцкишіл, буқарыншыл, ұлтшыл элементтердің зыянкестік істегендігі, бұл майдандағы жұмысты кеп былықтырғанды енді айқын ашылып отыр.
Қазақыстан собет жазушылар ұйымына келсек, ұлы көсеміміз Сталін жолдастың нұсқауынан туатын міндеттерді мезгілінде түсініп, оны орындауға мезгілінде тиісті шаралар қолдандық деп айтуға болмайды. Қазақыстан собет жазушылар ұйымының праблениесінің жұмысы мен оның басшылығының саяси қателері туралы “Социалистік Қазақыстан” газетінің берген сындары өте дұрыс еді.
Идеология майданы, оның ішінде әдебиет саласы тап жауларының қашаннан көбірек сағалап, көбірек ұя салған орны. Олар бұл майданда әлде де жымысқылап кіріп алып, жауыздық ісін жүргізуге әрекет жасап бағады. Алаш орда төбеттерінің бір кезде қазақтың жаңа өркендей бастаған түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетіне, Собет әдебиетінің жас қадрларына жасаған шабуылы Қазақыстан еңбекшілерінің есінде. Қазақ қалқының ежелгі жауы Байтұрсынып, Дулатып, Бөкейқанып, Жұмабайыптардың ашықтан ашық жас Собет әдебиетін бөгеп, оның кадрларын ластап, үнін өшіргісін келген бұзық ниеттері жүзеге аспай қалған кезде, солардың жолына түсіп әдебиеттегі партия саясатына қарсы жан-таласып күреске шығушылар — Садуақасып Смағұл, Байділдин, Тоғжанып сықылды алаш-орданың сұрқыя, зұлым шпиондары еді.
Бұл ұлтшыл арамзалардың контрреболюцияшыл жауыздық істерінің әдіс-айласы әдебиеттегі троцкишіл-абербақыпшыл бандының әдіс-айласынан аумайды, екеуі бір. Троцкизм мен қазақ ұлтшылдығының бірігіп жапон-герман пашизімінің айдап салған ала-аяқ агенттеріне айналып кеткені көптен мәлім. Сондықтан да Рапп тұсындағы троцкишіл агент, шпиондардың басы болған Абербақ пен Қазапп тұсындағы алаш-орданың алапес күшіктері Байділдин, Тоғжаныптардың қастық, зыянкестік қылықтарының бір қалыпта, бір түрде болуы, әрине, табиғый нәрсе. Троцкишілдер мен ұлтшылдардың әдебиеттегі қалпы мақсаты да бір болды. Әдебиетте партия жолына қарсы күресу, пролетариат әдебиетінің кадрларын өсірмеу, жазушыларды Ленін-Сталін партиясынан алыстату, еліміздің саяси өмірінен қашықтату, әдебиетке контробандылық пікірлерді кіргізу, пролетариат әдебиетінің аяғына тұсау салып тұқырту, өркендетпеу болды.
Пашизмнің алаш-ордашыл агенті Тоғжанып 1923-жылдың өзінде-ақ қара бетін ашып, қара ниетін танытқан. Ол қалықтардың данышпан көсемі Сталін жолдасқа қарсы аузына келгенін айтып, ұлт мәселесі жөніндегі Реннер, Бауер, Кауытскилердің сандырақтарын қолдап мақала жазған. Тоғжаныптың ол мақаладағы, одан кеингі жазғандарындағы, жалпы ісіндегі көздеген мақсаты, ниеті Қазақыстанды ұлы Собеттер Союзынан бөліп алып пашизмнің қармағына ілу болғаны кәзірде анықталып отыр. Бірақ, не керек, біздің коммунистердің бір азы көп уақытқа деин екі жүзді Тоғжанып нәлеттің осы контрреболюциялық қылығын көрмей, оның сыртын жылтыратып ұлтшылдармен “айтысқан” болған жалған сөздеріне сеніп алданып келді. Жазушылар ұйымындағы бейқамдық, либералдық Тоғжаныптың зыянкестік ісіне жақсы жағдай болды.
Тоғжанып жана оның үиріндегі Жансүгіріп сықылды қалық жаулары Абербақ бандысының қазақ әдебиетіндегі агенттері болды. Бұлар қазақ Собет әдебиетінің өркендеуіне бөгет жасау үшін жазушылар арасында ылғый жікшілдікті қоздырып, ірткі салып отырды. Собет жазушыларының, әсіресе, жас жазушылардың соңына түсіп, аманда ыластауға, тұқыртып өсірмеуге тырысты.
Бұл қалық жаулары жазушылар ұйымының, көркем өнер комитетінің басшы қызметіне де отырып алып, маңына өз адамдарын жыйнады. Аппаратты әртүрлі троцкишіл-ұлтшыл элементтер мен, әперисттер мен, жарамсақ қуйыршықтар мен толтырды. Өз адамдарын мақтап, көкке көтерумен болды. Үстіп, зыянкестігін жүргізе берді. Бұлардың әр түрлі контрреболюцияшыл кітаптар шығарып отырғаны, жазушылар ұйымы мен көркем әдебиет баспасына қалық жауларын топтап жыйнап отырғаны, осы сыяқты әр түрлі зыянкестік істері уақытында әшкереленбеді; әшкереленбеуіне себеп болған нәрсе Қазақыстан жазушылар ұйымында көптен орын теуіп келген саяси бейқамдық, ашық ауыздылық, либералдық болды. Көркем әдебиет баспасының басшылары, оның бұрынғы бастығы Жаманқұлып жолдастың осындай ымырашылдығының салдарынан талай зыянды шығармалар шығып кетті.
Қазақыстанның Коммуністік (болшебіктер) Партиясының Бірінші Сиезі өзінің қаулысында ұлтшылдыққа ымырашылдық ету мен қатты күресу керек екенін айтты, ымырашылдық қалық жауларына көмекші екенін көрсетті. Әдебиеттегі ұлтшыл-пашис жауларын ұзақ уақыт әшкереленбей келуіне жағдай болған нәрсенің бірі де осы ымырашылдық, шірік либерализм болды. Осы ретте Мұқанып жолдастың қалық жауларына жұмсақтық, жағымпаздық, либерализмдік етуінің әшеин ғана қателер емес екенін айту керек. Мұқанып жолдас өзінің “Адасқандар” деген романында байдың тұрмысын, адамдарын мақтады. “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” деген кітабында қазақ қалқының ежелгі жауы алаш-орда жазушыларын Өктәбірге деин реболюцияшыл болды деп, олардың реболюцияға қарсы жазған сандырақтарына кітабынан кең орын берді. Өзінің толық жыйнағына әр түрлі контрреболюциялық өлеңдерді кіргізіп басты. Жазушылар ұйымының басшысы болып отырып қалық жауларына әр түрлі жәрдемдер жасады, оларды қорғауға алды (Жұмабайып, Асылбекіп, тағы басқалар). Міне, осылардың бәрін қосқанда оның қателері тереңдеген, сабақтасқан нәрсе екенін көресін.
Дандайсып, өзімшілдікке салынып ескі зыянды нәрселерін жыйнап жаңадан қайта бастырған Майлін жолдастың да баттыйған қателері контрреболюцияшыл ұлтшыл элементтерге таптырмайтын жәрдем болды.
Жазушы Әуезіптің ұстаған бағыты да кісі таңырқарлық бағыт. Әуезіптің 1936-жылы өзінің бұрын алаш-орданың басты кісісі болып жүрген кездегі контрреболюцияшыл ұлтшыл әңгімелерін қайтадан не мақсат пен жыйнап бастырғаны тіпті белгісіз. Собет жазушысы боламын десе Әуезіп алды мен өзінің өткенінен мықтап қол үзу керек емес пе еді! Дәл осы кезде ұлтшылдықтың тамырын қопаруға белсене көмек етуі, білгендерін айтуы керек емес пе еді! Бірақ, Әуезіп мұны істей алмай отыр.
Әдебиет майданында қалық жауларының қандай әдіс-айлалар мен зыянкестік еткенін толық ұғынуы үшін жаңа Қазақыстан Собет жазушылар ұйымындағы саяси тәрбие жұмысының қандай күйде болғанын бағалау үшін Тәжібайып ақынның Буқариннің “таза лирика” деген ұранының жолына түсіп кеткені де өлшеу бола алады.
Қазақ Собет жазушыларының жұмысындағы көлеңке жақтың бірі — өмірден артта қалу болып келеді. Өмір шындығын, өзгерістерін толық білмеу — сондықтан өмір құбылыстарын шығармада үстіртін суреттеу, кәзіргі актуәлни тақырыптан тайсалақтау, тағы басқа кемшіліктер қазақ жазушыларында сирек кездеспейді. Жазушылар ұйымының басшылығында болған пашистік диберсанттардың зыянкестік істерінің бір түрі жазушыларды үиерінен шығармай өмірден қол үздіру, тборшестбосын тотықтыру, саяси тақырыптан алыстату болды. Осы себепті бүгінгі өмірдің тақырыбына жазылған бірде шығарма жоқ. Бүкіл жұртшылығымыз болып, қалық жауларын әшкерелеуге жұмылып жатқанда, Сейпулін, Майлін, Мұқанып сыяқты жазушылардың өз қателерін әңгіме қылмай, қалық жауларын әшкерелеуде білетіндерін айтып партия ұйымына көмектеспей үнсіз жатулары да осы себептен деп ойлауға болады.
Ұлтшылдардың әдебиет майданында тағы бір үлкен ұя салған жері — қазақ әдебиетінің тариқы жөнінде сабақ беру мәселесі. Көп уақытқа шеин қалық жауы Жүргеніп отырған Оқу Комиссариатында Маметіба, Әлібайыптар “программалар” жасап, “кітаптар” жазып, Қазиздатта бастырып шығарып өздерінің ұлтшылдық уын сеуіп келген. Бұл зыянкестікке Жолдыбайып, Әуезіп, Сейпуллин жасаған оқу кітаптарындағы былықтарды тазартып, қазақ әдебиетінің марксшілдік-леніншілдік тариқын жасау міндетінің аса зор, үлкен саяси мәні бар іс екені айқындалады.
Жазушылар ұйымы мен оның басшыларында саяси бейқамдық сықылды есуастық ауру соңғы кезге деин жазылмай келеді. Қалық жауларының істеген зыянкестігінің зардабын жою орнына жазушылар ұйымының бастығы Мұқанып жолдас оған қосымша боларлық өзі ірі-ірі қателер жасады. Зыянкестіктің, жазушылар ұйымындағы шірік либералдықтың бетін ашатын сын, өз ара сынға қысым жасады, жол бермеді. Тіпті ҚК (б) П-ның Бірінші Сиезінен кеин де коммунис жазушыларымыз өздерінің ісіндегі, жазуындағы ұлтшылдыққа, ымырашылдыққа соғатын ірі саяси қателерін қолдарынан келгенше бүркемелеуге тырысты, ашып айтуға болшебіктік батылдары жетпеді. Жазушылар ұйымындағы бейқамдықты, либералдықты, толып жатқан былықты ашу үшін өлкелік газеттердің сын жазуы, көрсетуі керек болды.
Жазушылар ұйымында ірге тепкен аурулар газет, жорналдардың жұмысында да орын алды. “Қазақ әдебиеті” газеті болсын, “Әдебиет майданы” мен “Литературный Қазақыстан” жорналдары болсын әлі күнге деин жазушылар жұртшылығының қажырлы органы бола алмай отыр.
Қазақыстан жазушылар ұйымында сын, өз ара сын ептеп енді-енді ғана басталды деуге болады. Біз барлық жұмысымызды қайта құру үшін, зыянкестіктің салдарын жою үшін, өз ара сынды ең жоғарғы сатыға көтеруіміз керек. Болшебіктік сын мен өз ара сын бұдан былай барлық жұмыстың жаны болу керек. Сталін жолдастың мынадай алтын сөзін еш уақытта естен шығармайық:
“Болшебіктердің міндеті қатесін жасыру емес, қатесін айтудан сасқалақтау емес, — мұндайлар бізде жиі кездеседі. Міндет — қатаны ашықтан-ашық шын ниет пен мойындап, ашықтан-ашық шын ниет пен осы қатаны жоюдың жолын белгілеу, ашықтан-ашық шын ниет пен қателерді түзеу болу керек“.
М. ҚАРАТАЙЫП
Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.