Бөтен мәдениетке қарай әсіре жалпақ шешейлігіміздің тағы бір көрінісі — тауарлар мен ұйым атауларының бөгде ықпалға ығып кетуі. Алматы мен Қарағанды кондитерлері «Тузик», «Петушок» секілді кәмпиттерді шығаруда. Әрине, бұндай жағдай ұлтжанды қауымды қынжылтатыны сөзсіз. Біріншіден, қазақи атаулар таусылды ма елімізде? Тіпті, Кеңес Одағы тұсында біздердің рухани дәрежеміз биіктеу болған, сірә. «Арасан» шипалы монша мен жанға жайлы «Самал» ықшам ауданы қазақуар құлаққа жағымды естілетіні айдан анық. Екіншіден, мынадай орыс тіліндегі күмәнді атаулар бүткіл мемлекетімізді мазақ қылатындай тұрпайы ұғымдар емей немене? Талай мекемелеріміз де орынсыз аталған. Мысалы, Алматыдағы Төле би көшесінің бойында «Уютный дом» деген үй шаруашылық дүкені орналасқан. Дәл сол қаласындағы Мәметов көшесінде «ГУМ» әмбебап дүкені ашылған. Сонда не: Ресейлік атауларсыз сауданы жүргізу мүмкін емес пе? Ол ол ма, ағылшын мен қытай, француз бен итальян тілдеріндегі атаулар біздердің көшелерді қаптап алды. Әскери түрде болмаса да, рухани түрде келімсектердің қолына түсті туған жеріміз.
Әлбетте, қазақтың өзі бейқамдығын танытса, неге бөтен адамдар Қазақстанның қамын жейді? Қазіргі таңда, халықаралық дәрежедегі «Америка дауысы» (Voice of America) және Би-би-си радиостанциялары қазақ редакцияларын алып тастады. Оларда өзбек, қырғыз, тәжік редакциялары баяғыдай жұмыс істеуде. Себебі, есепшіл шетелдіктер қазақтарды «қара орыс» санап, ана тіліміздегі бағдармаларын қажетсіз деп жойған көрінеді. Мұхиттың арғы жағындағы дөкейлер «әлгі орысшыл қазақтарға Ресейге арналған үгіт-насихат жеткілікті» деп тұжырым жасады. Іскерлерге арналған атақты «Форбс» журналы да еліміздегі еншілес басылымы мен сайтын тек қана орыс тілінде жүргізеді. Өйткені, «қара орыс» кәсіпкерлері Урюпинск жұпарын ешуақытта ұмытпас!


Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.