1927 жылы, Қызыл Орда қаласындағы “Қазақ мемлекеттік баспасы” аясында атақты жазушымыз Сәбит Мұқанов құрастырған төте жазудағы “Ақындардың шашуы” көркем әдебиет жинағы жарық көрді. Оның шеңберінде көрнекті қаламгеріміз Бейімбет Майлиннің еңбекші табының жетістіктерін жырлайтын “Кел, құттықта!” бейтаныстау өлеңі жарияланды. Әлгі шығарманы кириллицаға аударылуы оңайға соқпады. Себебі, тозығы жеткен кітаптың талай сөздері көмескеленіп кетті. Тіпті, осы өлеңнің кейбір сөздері толығымен көрсетілмеді. Демек, көрінбейтін әріптерді қалпына келтіру үшін біраз ойланып қалдым. Қалай болса да, төл әдебиетіміздің тағы бір інжу-маржаны қайтадан оқырман жұртшылығының назарына ұсынылады.
Ауылдың үсті ызы-шу:
Желкілдеген қызыл ту;
Аттысы атты, жаяулы,
Толып кеткен бір қиқу.
Бүкшең қағып шалы жүр.
Шал кемпірдің бары жүр.
Шаршаса да сыр бермей,
Сүйір етіліп әлі жүр.
Топ көрмеген өмірге,
Жас қыздар да, келін де,
Тойға неге келдің деш,
“Той ғой, — дейді — меніңде!”
Жас-кәріден қалмаған.
Тұс-тұсынан аңдаған.
Бұл жиынға — бұл топқа
Келмей қалған бар ма адам?
Бар, бар жуан Жакең бар.
Ақ сәлделі Сәкең бар.
Білеудей қамшы безеніп,
Сұрланатын Кәкең бар.
Соларға бұл топ қырлы топ.
Белеске шығып тұрды топ.
Жер мен көкті сілкітіп,
Дүрсілді дабыл ұрды топ!
Топ дабылы — ұраны.
Ұрады дабыл, ұрады.
Дабыл кімді оятып,
Құлағы кімнің тұнады?
Сары Арқа нұры — жанды нұр.
Бүгүнгі күні елі бір,
Құдіреттеніп бас қосып,
Көрсетеді сыртқа қыр!
Қыры қайтпас алмастай,
Қайратты білек талмастай.
Өзім деген сенім бар,
Жатқа ақыл салмастай.
Самсаған сансыз мың сан ұл,
Ту көтеріп олар тұр.
“Дайынсыңдар ма?” — “Дайынбыз!”
Дайын болсаңдар дабыл ұр!
Ұрылды дабыл күңіреніп.
Сары Арқа серпіп үн берді.
Дабылға құлағы елеңдеп,
Үн бергенде кім берді?
“Еңбекші қалың үн берді!
Үн бергенде шын берді:
Жұртшылыққа бет қойдық,
Туды бізге күн!” деді.
“Қиали таудан асамыз,
Талқан қып тасын басамыз.
Жаңа өмірдің есігін
Күшті қол мен ашамыз!”
Бұл еңбекші ел серті ғой.
Істеймін десе, еркі ғой.
Лаулап жанған оттай күш,
Бостандықтың көркі ғой.
Лаулап жанған оттай күш!
Күш кіргізген төңкеріс —
Еңбектің ері мынау тұр.
Кел, құттықта, қолын қыс!
(0)Dislikes
(0)Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.

