1936 жылғы 18 көкекте, “Сациалды Қазағыстан” газетінде үлкен жазушымыз Бейімбет Майлиннің қатын бостандығын сөз ететін және Голощекин ашаршылығын тұспалдайтын “Досқа арналған күй” үзіндісі жарық көрді.
Тасмағамбеттің өмірге жанынан қалдырмайтыны — қара ұстара мен омырау қалтасына салатын кішкене айна. Айнаға қарағанда алды мен айналдыратыны — сақал, мұрт. Сонау бір кездерде мұртын түксите өсіріп, сақалын иектің ұшына шошитып жүрді. Бері келе — елді аралаған бірен-саран өкілдерді көріп, Тасмағамбет соларды еліктеуге бейімделді: сақалдан таза ада боп, дөңгеленген мұртты ғана қалдырды. Сүйтіп жүріп сол мұрт танаудың астында ғана қылтиатын боп, ақырында таза жоқ боп кетті.
Мәкен кемпір осы баласының мінезіне өмірі риза болған емес: төсектен басын көтерді десе, ауызы сүйреңдеп, жер жүзіндегі оңбағандықтың бәрін осы Тасмағамбеттің үстіне үйіп, құлағының етін жейді де отырады. Сонда да үндемейді ау Тасмағамбет. Үндесе, Мәкен кемпірдің ашуын бұрынғысынан да өршітеді.
— Марқұм, менің әжем, көп сөйлейтіндігі болмаса, жақсы кісі еді ғой — дейді күлкіге айналдырып.
Мәкен кемпір одан бетер ышқына сөйлейді.
Ел ішінде болып жатқан не түрлі жаңалықтың Тасмағамбет бірін жатсынған емес. Талай рет ауылдық собетке мүше боп сайланды. Бірақ, суырылып шығып көзге түскен жері аз. Ол айып мұның өзінен емес, сол кездегі бірге жүрген жолдастарынан еді: кедей атынан собетке мүше қып өткізгендігі болмаса, осыны баулып өсірейін деген тілек оларда болмады. Олар мен әкей-үкей боп араласып кете алмады да. Тасмағамбет — белгісіз көптің бірі боп қала берді. 30-жылы Тасмағамбеттің орнына әйелі Зылиқа сайланды. Зылиқа дейтін — момындау, сөзге үйірлігі жоқ адам еді. Мәкен кемпір — Тасмағамбетке қандай қожа болса, келініне де сондай-ақ қожа еді: ашуы келгенде жерден алып — жерге салатын еді. Сүйткен келіні собетке мүше боп сайланды дегенде, Мәкен кемпір ашу мен түтігіп, ауылды басына көтергендей болды. Кемпірді мүдірту әдісін Тасмағамбет тауып берді; — мелецені ертіп келде, собетке қарсы болдың деп пуртокол істет, кемпір сонда жым болады” — деді Зылиқаға. Мәкен кемпірдің ашуына бұл бірінші салынған керте еді. Зылиқаның бірінші серпілуі де осыдан басталды. Күн сайын жиылыс. Белсенділер ат үстінде: соның бірі — Зылиқа. Бір кетсе, айлап жүріп оралады. Өткен-кеткеннен сұрау салып Тасмағамбет жатады:
— Біздің жолдас қатыннан дерек білгендерің бар ма? — деп.
Сүйтіп жүргенде бір қора “белсендіні” қасына ертіп бір күні “жолдас қатыны” келе қалды.
— Осылай да осылай… Зылиқа басқа адам мен көңіл қосты… Собет тәртібін өзің білесің ғой, қазақшылықты қойып, еншісін бер мынаның, десті белсенділер.
Өмір бойы әзіл араластырмай сөйлемейтін Тасмағамбет — не айтарын білмей осы жерде бір қысылды:
— Ау, қатын ау… мені тастағанда тигенің мынау шертік пе? Тәуірлеу біреуіне тисең болмайтын ба еді? — деді.
Осының өзі де әдеттегі қалпы мен әзіл ретінде айтылды. Ызақорлық, намыс деген мұндайда адамды жегідей жеп, еркін жойғандай болады-ау. Тасмағамбеттің соған да төзімі жетті: Зылиқаның барлық бұйымын беріп, өз қолынан аттандырды.
— Жолдас қатын, ренжімей аттан… жолың түскенде келіп тұр, — деді қоштасқанда.
Деген мен, Зылиқа аттанып кеткенде, ішін бірдеме жалап бара жатқаннан жаман тынышсызданды. Көз жанарына жас толды. Сүйтіп тұрып өзін жеңуге тырысты: “Нешауа, бала белде, қатын жолда. Қайғыратын нем бар? Жалғыз кемпірді арқалар жүрсемде асырармын” — деді өзін жұбатып.
Тасмағамбеттің бұл қылығы — елдің салтына өрескел қиғаш еді. Сондықтан, ел бұған: “жасық“, “жігерсіз“, “намыссыз“, деген сиақты атты таңбалап таққандай болды.
Мәкен кемпір ұрсуын сиретті, үйткені — Тасмағамбеттің есінің дұрыстығына ода шек келтірді: “Жасық адамға сөз шығын қып керегі не? — деді, ол.
Қалқоз жұмысын істеуге Тасмағамбеттей сенімді адам болмады: күн демей, түн демей тапсырылған жұмысты орындауын білді. Әңгіме, көптен аулақ болды. Сүйтіп жүргенде де: “өлерін білмей істей береді” — дегеннен басқа атақ ала алмады.
Ескіден келе жатқан домбырасы болатын еді, бет тақтайы сынып, қайда болса сонда жататын еді. Сол домбыраны түзетіп алып, Тасмағамбет күй тартатын, ән салатынды шығарды. Бұда Тасмағамбеттің “жасықтығына” таңылды.
31-жылы ауылдың бір сыпырасы шетке ыдырайтын боп, Мәкен кемпір де нәрсе-қарасын буып-түйгенде, Тасмағамбет — өмірінде бірінші рет шешесіне қарсы келді:
— Кетсең, жүре бер. Жалғыз болсамда осы жерде қаламын! — деді.
Бұда “жасықдылыққа” таңылды. Мәкен кемпір жылаудан асып еш нәрсе істей алмады. Іштен шыққан баласын тастап қартайғанда қайда қаңғырмақшы? Жаңа, жасық болсын, бомасын — осы кемпірді жүдетпей бағып келе жатқан осы Тасмағамбет емес пе?..
32-жылдың қысына қарсы “Малшы” қалқозының орнында он шақты ғана үй қалды. Бәрі де осы Тасмағамбет секілділер. Азық тапшы. Күйсіздік. Ауданға жолықпақшы боп Тасмағамбет жаяу кетті. Елсіз далада боран мен алысып, қарға көмілді. Шала жансар күйінде мұны қар астынан қазып алып, адам қатарына қосқан — осы күнгі басқарма ағасы Ертай еді. Тасмағамбеттің оң қолы саусақтан жұрдай боп, кәсіптен қалды. Сондықтан, Ертай мұны астық сарайына күзетші қып белгіледі. “Нешауа… Бұда олқы жұмыс емес, әйтеуір, бір кетікке жарайтын болдым” — деді Тасмағамбет күрсініп.
Қысқы жүдеушіліктің артынан көпке шейін Тасмағамбет сақал-мұрт пен айналыса алмай, бет-ауызы жүн мен көмілді. Тасмағамбет аурудан айыққанда — қалқоз өмірінің де шырайы шығып, жадырай бастаған кезі еді. Көпшіліктің қуанышты күйі Тасмағамбетті желпіндіріп, әзіл сөздің кілті қайта ашылды. Қара ұстараны қайрап, бетті қаптаған сақалды күзеді. Мұртын ысырып, танаудың астына түйіп бірер күн жүріп көрді де, ұнамады білем — оны да сыпырды. Күн асқан сайын беті түлеп, шиқандай қызарды. Шолақ қол домбыраның шегін қағуға қалыптасты. Тасқындаған ой әннен ән талғады. Тамылжыған тәтті деген әндері — арылмас мұң мен көмілгендей боп, Тасмағамбеттің тасқындаған ойын көпшілікке сездіре алмайтын секілді еді.
Тасмағамбет ән іздеді.
Қалқоз ауылындағы қонақ жай үйдің бірі — басқарма кеңсесі: біреу келіп — біреу кетіп ұзақты күнге адам үзілмейді. Ұйқысы қанып тұрса, айнаға қарап бой басын дұрыстап алады да, Тасмағамбет те осы үйге келеді. Кеңсе күзетшісі Тұмарша дейтін әйел бар, үлкенді де, кішіні де ашық шырай мен қарсы алып, қасын мен қабағына қарап тұрғандай. Әсіресе, Тасмағамбет екеуінің әзілі жараса қалады. Жазғы тұры осы әйел тым жүдеу, түрінен адам шошынғандай еді. Кәзір қунап, түлеп, танығысыз боп кеткен. Сәл күлімсіреді десе, бетінің ортасы шұқырайып, қасы ойнақшып сала бере ме-ау… Тасмағамбетке солай секілденеді. Осы Тұмаршаның өзін бе, болмаса мінез-құлқын ба, әлде — күлім қаққан бет әлпетіндегі бірер белгіні ме, әйтеуір, Тасмағамбетке бірер нәрсе ұнайды. Әлде ұнатқан әйелі басқа болып, мынаның бірер белгісі соны көзге елестете ме екен?…
Үйренісе келе Тұмаршаның әзілі басым келіп, Тасмағамбет жеңіле беретін күйге ұшырады.
— Нешеуа… Айта бер, тыңдауға жалықсам бұйырмасын, — дейді Тасмағамбет жеңіліп бара жатса.
Осындай әзіл таластырып отырған күндерінің бірінде, Тасмағамбет жеңіліс тауып қызараңдап, шетке қараймын дегенде — үй қабырғасындағы ілулі сүгрет көзін ұстап жібермеді. Сталін жолдастың сүгреті еді бұл. Тасмағамбет мұны бүгін ғана көріп отырған жоқ, сүгреттегі Сталін жолдастың пішіні, тұрысы, киімі — Тасмағамбеттің жүрегіне сіңіп болғандығы сондай — көзін жұмса, нақ қарсы алдында тұрғандай боп көреді… Ендеше, осынша қадала қарауының себебі не?
… 19-жылдың басы еді. Жылымық боп, қар еріп жатқан. Екінті әлетінде осы Тасмағамбет ауылынан шықты. Арық торы аттың бүлкіл жортысы — аяңның аз-ақ алдында. Жайдақ шананың үстіне көпіртіп шөп төсесең, мамыққа бергісіз болады. Шананың үстінде көсіліп жатып, Тасмағамбет ән шырқағанда — дауысы сонау аспанды толқындырған секілденеді.
— Іздрасти! — деген дауысқа Тасмағамбет басын көтеріп, жол езуінде тұрған жас жігітті көрді. Әскерше киінген.
Құралы көрінбейді. Жылы шырайы адамды жақын тартып, үйірілте түсетіндей.
— Иә, “іздрасти” болсын, — деді Тасмағамбет оған — нем құрайдылау қалып пен.
— Шанаға мінуге бола ма?
— Неге болмасын.
— Атың ауырламаса?
— Нешеуа…
Тасмағамбет шананың алқымына таман отырып, торы аттың шаужайын қақты. Күн батып, іңір қара көлеңкесі көз байлауға асығып бара жатқандай. Алдарында қарауытқан поселке. Дың-дың еткен шеркеу қоңырауының дауысы әлде қайдан үзіліп естіліп, іңір қара көлеңкесіне ода көміліп, сіңіп бара жатқан тәрізденеді. Тасмағамбет ыңылдап өлең айтып келе жатты. Жақын арада болған бір қыз ойнақта Данеш деген келіншек пен айтысып, соған шығарған өлеңдері, оның қайтарған жауабы — бірінің артынан бірі ауызына түсе берді де, Тасмағамбет өзін сол қыз ойнақта отырғандай көріп, дүниенің бәрін ұмытты…
Тасырлаған ат тұяғының дауысы Тасмағамбетті ұйқыдан оятқандай болды. Поселкенің шетіне жаңа кірген кезі еді. Қарама қарсы шапқылап үш-төрт салдат келеді. Екпіндері тау жыққандай. Иықтарындағы жарқыраған пагоны — ақтың салдаты екендігін білдіріп тұр. Ақтың салдаты десе, өлке бойындағы ел зыр етіп, ішкелі отырған асын жерге қояды. Әсіресе, Тасмағамбеттің үрейі ұшады: биыл бір солардың ылауын тартамын деп көрмегенін көрген ғой…
— Апырмау, мынау иттер қайдан кездесіп еді? — деп Тасмағамбет артына бұрылғанда — әлгі жолдан мінген жолаушының қайда түсіп қалғанын білмей аң-таң болды.
Сарт еткен қамшы Тасмағамбеттің ту сыртын тіліп еткендей болды. Қамшы баспалатып жауып кетті. Тасмағамбет домалап жерге түсті. Шиыршық атқан ат тұяғы Тасмағамбетті тапап, ұнтап жібергендей еді.
— Алып жүріңдер! — деді біреу күрілдеп.
Поселке шетіндегі оқшаулау жалғыз үй. Есік алдында шоқитып үйілген шөп-салам. Жас бұзауының еркеленіп емгенін қызық көргендей боп, байсалды бәйбішелердей маңғазданып бір сиыр тұр. Үй ішінен құлындай шыңғырған дауыс шықты. Ат үстінде тұрған салдаттар — деміне нан піскендей боп ексімденді.
— Үйге кірмеген секілді, — деді бір салдат үйден шығып.
— Ендеше, мына шөпті қараңдар…
Түксіген мұртты біреуі темір айырды алып шөпке беттеді. Аттылар да шөпке төне түсті… Ақырған дауысқа араласа, сатырлап мылтық атылды… Осының бәрі бірер минөттің ішінде болып жатқандай. Ат үстіндегі салдаттың екеуі құлап, аттары ойнап шыға берді. Осы аттың біріне — баяғы Тасмағамбетке кездесетін жолаушы жігіт мінді.
— Мін шанаңа… Қайт кейін, — деді ол Тасмағамбетке.
Шабан торы ат соғысыңды ескерсін бе, аяғын санап басты. Тасмағамбет шыбыртқыны үсті-үстіне салып, торы аттан өшін осы жерде алғандай болды. Жолаушы жігіт бентопкені кейін қарап ұсынып Тасмағамбеттің артында келеді. Бауырынан жараған семіз ат шиыршық атып, Тасмағамбеттің шанасын тапап өтетіндей болады… Әлгіде осы жігітте түк құрал жоқ еді, енді
бір бентопкені мойнына асыныпты да, екіншісін қолына ұстап келеді..
Түн қараңғылығы поселкені көзден жасырды.
— Айда атыңды! — деді жолаушы жігіт торы ат пен қатарласып.
Тасмағамбет торы атының — өз өмірінде көсіліп шапқанын осы жолы көргендей болды.
— Ауылың осы ма? — деді, жолаушы жігіт атының басын тартып.
Тасмағамбеттің оң жағында — жер астынан шыққандай боп сығыраңдап сәуле көрінді. Екеуі тіл қатыспай аз тұрды. Ентіккен аттардың дем алысы жаңағы оқиғаны көз алдынан кетірмейтін айғақ есебінде еді.
— Атың кім? — деді жолаушы жігіт Тасмағамбетке.
— “Қоржымбайып” деп сұрасаңыз, табасыз.
Жолаушы жігіт қойнынан бір нәрсе суырып, Тасмағамбетке ұсынды:
— Мә, мынаны еш кімге көрсетпей ғана оқы. Күнім туса тағы соғармын… Мен үшін нақақ таяқ жедің, оған ренжіме… Қане, қолыңды әкел!
Тасмағамбет сол орнында тұру мен қалды. Өңі екені, түсі екені белгісіз. Жалғызақ белгі қолына ұстаған қағаз.
Мәкен кемпірдің шамында өмірі сәуле болған емес қой. Жалпылдақ шамның түтіні бұрқырап, сәулесі не көрсеткендей. Тасмағамбет шамға төне отырып, қағазды ашты: бірінші бетінде бір адамның сүгіреті. Маңайы быжырқай жазу. Орыс жазуы түгіл, Тасмағамбет — қазақ жазуынан да құр алақан. Сондықтан, есі-дерті әлгі сүгіретке үңілу болды: “апырмау, мынаның киімі нақ әлгі жігіттің киімі. Бас киіміде соныкі… Бірақ, соның мұрты бар ма еді?…“. Тасмағамбет қанша ойланса да, жаңағы жігіттің түрін көз алдына елестете алмады. “Әй, оңбаймын ғой мен: кездескен, сөйлескен адамның түрін біліп қалмады деген не масқара?..” — деді өзіне келіп. Артынша өзін жұбатты: “Нешауа… Керек болса, мына сүгретінен қарап алмаймын ба? Мінеки, тұр ғой күлімсіреп… Жұзі не деген рақымды мүләйім еді!” — деді көтеріле түсіп.
Кұн өте берді. Мәкен кемпірдің ине-жіп салатын қол сандығының бір бұрышында тұмардай бүктеліп әлгі қағаз жата берді. Оқта-санда Тасмағамбет ашып қарап, күлім қағып отырады: — “Ырзамын ерлігіңе! Қойға тиген бөрідей боп-ақ топырлаттың-ау, бәлемдерді…” — деп.
Собет үкіметі орнады. Кедей атын жамылған кей бір қулар тізгінге тағы жабысты. Әйткен мен, “енді жасыруымның жөні болмас” — дегендей — Тасмағамбет со жолды көрген-білгенін елге айтты. Ол оқиғаға елдің бәрі қанық еді. Бірақ, жападан жалғыз сонша ерлік істеген жігіттің кім екенін жан білместен ақ бара жатқан.
— Мінеки, сол жігіттің сүгіреті — деді Тасмағамбет қағазды суырып. — Тар кезеңде жолдас болғандығыма белгі болсын деп осы сүгіретін беріп кетті…
Ауылдық мұғалім қағазды оқып, мысқылдай күлді:
— Өтірігіңе береке берсін, — деп.
— Неге?
— Бұл — Сталін жолдастың сүгіреті.
— Болса ше?
— Ол кісі бүйтіп жаяу, жалғыз жүрмейді. Ол кісі — орталықта тұрады, Леніннің ең сүйікті шәкірті.
Тасмағамбет қызараңдап таласқан сайын, көпшілік тәлкегін үдетті. Тасмағамбет — сырт қарамаққа жеңілген секілденді. Ішкі сенімі өзінде болды: “Менің көргенім осы кісі. Менің досым — осы. Мен — басқаңды білмеймін!” — деді өзіне серт есебінде. Содан былай Сталін жолдастың сүгіретін қай жерде кездестірсе де, Тасмағамбет күлімсірей қарап тұрады; — “Саумысың досым! Өмірлі бол! Бақытың аса берсін! Мен — бір тілектес інің” — дегендей болады ішінен. Сталін жолдас айтыпты деген жұмысқа Тасмағамбеттің жанын салып кірісетіні осыдан…
… Сүгіретке қадала қарап тұрып, осы өмірді көз алдынан бір шұбыртып өтті де, Тасмағамбет — тарамдалған ойын бір жерге түйді: адамның ең дәріптеп ардақтайтыны — ерекше қалап сүйген досы болады. Сүйген достан сыр жасырмайсын: қайғыңды да, қуанышыңды да соны мен ортақтасасың. Сүйген досыңның дидарын көргенде — күндей күліп, өзіңді таза ұмытқандай боласың… Сондай кездерде тасқындаған жүрек күйін толық пішіні мен кестелеп айтып беруге тіл жетер ме?
— Тіл жетпесе үн жетеді; бес саусақтан төгілген күй жетеді! — деді Тасмағамбет ексімденгендей боп.
— Бәтір-ау, сен не айтып отырсың? — деп Тұмарша келіп Тасмағамбетті иығынан ұстады.
— Тұмарша, бүгінше менің ойымды бөлме, досыма арнап күй шертейін.
— Досың кім?
— Міне — деді Тасмағамбет сүгіретті нұсқап.
Мұның өзі іңір әлетінде еді. Ауыл адамдары сапырылысып кешкі кәсібі мен болып жатқан. Тасмағамбет үйінен шығып, астық сарайына беттеді: бір қолында — мылтық, екінші қолында домбыра еді. Кеңсе жанында тұрған Тұмарша өзінен өзі тұрып балаша қуанды:
— Шерт күйіңді!… Күй шертетін заманға жеткен күніміз осы — деді.
… Аспан жүзі шарбы бұлт. Жасырынбақ ойнаған қыздай боп ай сәулесі бірде бұлт бүркеніп жоқ боп кетсе, бірде — қылмаң еткендей боп шыға келеді. Ауыл өмірінің тап осы минотта қалың ұйқыға шомғанына — тырс еткен дыбысқа тау жаңғырыққандай боп табиғаттың тілсізденіп мүлгуі айғақ.
Сырт жақтағы үйден біреу шықты да, астық сарайына беттеді. Құлағы елеңдеулі. Сыбдырын сездірмеймін дегендей — аяғы тым еппен басылып келеді.
— Тоқтаңызшы! — деген дауысқа бұл кісі жалт бұрылды.
Бұл — сонау оба басында Жүсіпке кездесетін Өмірбек отағасы еді. Мұны шақырып тоқтатқан — денелі келген жас жігіт еді.
— Қай жақтан келген кісісіз?
— Осы қалқозға келдім… Ертең айтармын, шырағым, — деді Өмірбек;
Бұдан кейін екеуі де үнсіз тұрып, демдерін іштеріне тарта-түскендей болды, үйткені — тап осы кезде сарай жақтан естілген күй тілі бурадай бұрқылдап, борандай ысқырынып, аспанға шапшып жатқан тәрізді еді.
— Бұ қайсының әй?.. Бері кел! — деді жас жігіт дауыстап.
Ағараңдап көрінген біреу сарайға жете беріп, кейін бұрылды.
— Беу, Ертай ай… Сен ақ бөгей бердің ау жолымды — деді жақын келіп. Бұл — Тұмарша еді.
— Неге бара жатыр ең? — деді Ертай күлімдеп.
— Күй тыңдайын деп ем.
— Күнде бүйтпейтін еді бұл… Бүгін бір өнер тапқан ба өзі?
— Досына арнап күй шығарып отыр, — деді Тұмарша сыбырлап.
— Досы кім?
— Сталін!..
Тап осы кезде күй тілі жібектей есіліп, өмір таңының бұлбұлындай сайрап, жүректі тасқындататын бір тәттіліктің, сұлулықтың нысанасына кіргендей еді.
(0)Dislikes
(0)Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.

