1936 жылғы 14 көкекте, “Сациалды Қазағыстан” газетінде атақты жазушымыз Бейімбет Майлиннің “Өртелген қағаз” әңгімесі жарық көрді. Сол заманның тұрмыс-тіршілігін суреттейтін бұл шығарманы қайтадан оқырман жұртшылығына ұсынбақпыз.
Қараңғы түнде қадаңдай басып келе жатып Жүсіп көп нәрсені ойлады. Бастан өткен өмірдің адыр-бұдыр кезеңі лықылдап тасып көз алдына келе қалғандай еді. Өз өмірінде өзі қатарлы адамдардан үздік озып шығу үшін Жүсіп нелер істемеді! Соның бәрі бүгінгі ісіне сабақ. Нендей ауыр жұмысқа да Жүсіптің шімірікпей кірісетіндігі — сол ескі тәжірибеге сүйенгендіктен болатын. Жүсіпті сүйрелегендей қып Ертайдың үйіне әкелген де осы ой еді.
Ақ балшық пен сылаған там үйдің кескіні — түн қараңғасына бұйығып, мүлгіген түрде еді. Есік алдында сиыр сауып Ертайдың әйелі отыр. Осы ауылға келгелі Жүсіп бұл әйелді әлде неше рет көрді: ажарға тәуір ғана, жүріс-тұрысы тым пысық, жас қана әйел көрініп еді. Сәл ғана түйіле түскен қабағы сөйлегенде де, ең арғысы күлімсірегенде-де жадырап жазыла қоймайтын секілді еді. Жүсіп осыған қарап: — “Ашулануы қиын әйел болар; егер ашуланар болса, дегенін істеп шықпай тынбайтын әйел бұл” — деп қортынды істеп еді. Осы қортындысының шындығына жету үшін келіп отырған еді бұл.
Жүсіп әңгімені шаруашылықтан: сиырдың сүттілігінен, енесіне еркеленіп тұрған мына қоңыр бұзаудың күйлілігінен бастады. Жылы сөйлеп, шаруашылығын сұрап Жүсіптің жақын тартқан қалпы — Айымкүл келіншекті дөңгелентіп еліктіріп, әкетіп бара жатқан секілді еді. Айымкүл шелегін көтеріп сиырдың бауырынан тұрғанда, Жүсіп бұзауды шешіп, бас жібінен тұрып емізді. “Недеген жақсы кісі еді” — деді Айымкүл ішінен. Туған ата да келінге бүйтіп қызмет істемес… ата демек ел — я ата-ана жоқ, я туысқан жоқ, Ертайдың қалпы да қызық ау!
Әке-шешесінің қарсылығына қарамай, ауыл мектебінде әп-әдемі оқып жүргендігіне қарамай Айымкүл осы Ертайға шын құмар боп тиіп еді. Оған биыл үш жыл еткен. Жолдастық қалыптары сырт қарауға жап-жақсы секілденіп көрінген мен, Айымкүлдің ойында наразылық та жоқ емес. Әсіресе осы соңғы жылдың ішінде Ертайдың қалпы адам түсінгісіз болып кетті ғой: есі-дерті бір жұмыс, ең арғысы дұрыстап ұйықтау да жоқ. Жеке тұрмысын, сүйіп қосылған Айымкүлдің күйін таза ұмытқан секілді. Жас әйелдердің бәрі жұмысқа араласып, өмір мен бірге қайнап, сауық-сайран салу мен жүр. От басына маталып Айымкүл отыр. Үйретсе, баулыса, соның бірі боп Айымкүл де жүрмес пе еді?.. Міне, наразылықтың түп тамыры осы жерден басталады да, одан әрі балаланып өсіп, Айымкүлдің жүрегін талқандау мен болады.
Екі ауыз сөз бен Айымкүлдің осы қалпын сезгендец болды да, Жүсіп — бірден сол наразылықтың ең нәзік жерін тауып жабысып, кәресенге от тигізгендей қабындатты.
Түн қараңғысы бұрынғысынан да қоюланып, табан астындағыны көрсетпестік еді. Тынық әуені сәл толқындырғандай боп, қатты жүрген кісінің бетіне болар-болмас салқын леп тиген секілденеді. Аптығып жүремін деп Айымкүл екі рет сүрініп құлай жаздады. Аптықпасына болды ма, Жүсіптің әлгі бір сөзі өзегін өртеп кеткендей болды ғой: — “Жассың ғой, тәжірибесіз сін ғой… өсерсің, сонда түсінерсің” — деді ау. Кәзір түсінбейтін не бар? Айымкүл бұл күнге шейін үндемесе, Ертайдың ажарына қараған шығар. “Жоқ, қарамаймын ажарына! Ашамын бүгін!…” — деді Айымкүл сүрініп құлап жатып. Көз жанарын көмген жас түн қараңғылығына қосеметкей болған секілденіп, бет алған жағының қайда екенін білмей Айымкүл сәл тұрып та қалды. Тап осы кезде кеңсе ішіне шам жағылып, әлде кімдердің қараңдап жүргендігі білінді. Айымкүл есіктен келіп кіргенде, Ертай тұнжырап бір қағазды оқу мен шұғыл еді де, Тұмарша сол қағазға үңілемін деп беті Ертайдың бетіне сәл ғана тимей тұрған тәрізді еді. Айымкүл ызаға булығып, қалтыранған күйі Тұмаршаға төне берем дегенде, Ертай басын көтеріп Айымкүлге күлімсірей қарады:
— Бір сұмдыққа кездесіп отырмыз, — деді Ертай.
— Қандай сұмдық?
— Жүсіптің сұмдығы. Мынау соның қаты…
Тап осы кезде терезеден сығалап тұрған Жүсіп — Ертайдың қолындағы жалбыраған қағазды көріп, төбесінен суық суды құйып жібергендей тітіркенді: — “бұл не сұмдық? Менің жазған қатым секілді ғой?.. Мұның қолына қайдан түседі ол?” деп, үрейленген пішін мен терезеге екінші рет үңілгенде, Ертайдың қолындағы қағаздың қайда кеткенін біле алмады. Ертай да, әйелдер де ауыр ойға батқан түрде сазару мен отыр еді. Жүсіп жүгіре басып Бәкеңнің үйіне келсе де, есіктің құлыптаулы тұрғанын көріп, аз ойланып өзін жұбатты: — “Мүмкін емес… Бәкен тірі тұрып ол қаттан айырылмайды” — деді. Осы ой өзіне кәдімгідей сүйеу боп, қобалжыған көңілін орнына түсіріп, Дүйсеннің үйіне беттеді. Бірақ, жар құлатқандай ашу мен барып, Айымкүлдің су сепкендей басыла қалуы бір түрлі түсініксіз еді.
Дүйсеннің үйіне беттесі мен ақ, Жүсіптің ойы басқаша көшті. Істегелі жүрген жұмыстың барлық түйіні де осы түнде шешілетін секілді. Манадан бергі істеп жүргені осының әзірлігі ғана. “Ендігі келген болар… Сәті болса, құтылмас!” — деді күлімсіреп.
Бұл күткені — Қамза бала еді.
Іңір қараңғысын бүркеніп Қамза келіп Дүйсеннің үйінің есігін ашқанда, қара көлеңке сәуледе шымылдық ағараңдап, көлеңдеген секілденді де, қарлыға сөйлеген Асианың дауысы естілді:
— Үрейленбе, жалғызбын, — деді Асиа наздана сөйлеген дауыс пен.
Осы минуттан былай Қамза — шеттен келген сый қонақтың түріне кірді де. Асиа мұны өз қолынан шешіндіріп, төсекке жатқызды.
… Екеуінің танысуы соқа үстінде болды-ау. Дүйсен басқа бригадаға бөлініп кетті де, осы Асиа Қамзалардың бригадасында қала берді. Бірінші кездескеннен ақ Асианың ойнақы қалпы Қамзаны дөңгелентіп, үйірілтіп апара жатты. Бір күні іңір әлетінде Қамза келіп Асианың қосының есігінен қарап: “Қосың жылы екен ғой” — деген сөзді айту-ақ мұң екен, Асиа — әзілдің неше атасының ұлын балалатып, шырмауықтай шырмады. Бірінші таныстық сол түннен басталды. Құрбы-құрдастың көбі Қамзаның бұл жүрісіне наразы. Жан ашыр жеңгелері бетің бар, жүзің бар демей, Қамзаға талай ауыр сөздер айтты. Асиа туралы бұрқыраған талай өсекті де есітті. Сонда да суынбады Қамза. Белгісіз бір күш мұның еркін мықты билеп, не істеп жүргенін таза ұмыттыратын секілді. Осы жұмысының бұрыс-дұрысын салыстырып қараған да жоқ. Бірер жұмыс туралы ойлана келіп, соның ұшығына шықпай ұмытып кетуден де құр емес еді бұл. Жалғыз-ақ, екі адам туралы ойланғанда — осы жұмысы бір түрлі сөлекет секілденіп алдына кесе тартылғандай болады. Оның бірі — өзінің шешесі. Қамза дегенде шешесінің шығарға жаны жоқ. Сол шеше наразылығын ашып айтпай құр күрсінуді ғана біледі. Сонысының өзіде Қамзаға жеңіл тимейтін секілді. Екіншісі — Қатира қыз. Қамза дегенде оның қалпында да адам түсінбестік өзгешілік бар. Екеуінің достық қалпы да күшті еді. Осы Асиа оқиғасы араға тікенек боп жабысты да, Қамза мен Қатира бір біріне бір түрлі салқын тартып бара жатқандай болды…
Есік алдын басына көтергендей боп қақырынып Жүсіп үйге кіргенде — ой құшағында жатқан Қамза кенет шошынып, мықты сасуға түсті. Асиа үнсіз күліп Қамзаны мойнынан құшақтады:
— Жата бер… білсе де — білмейді ол кісі, — деді ақырын ғана.
Қамзаның беті от боп дуылдады. “Білсе де — білмейді” — деген сөз бола ма екен? Қамза сиақты белсенді комсомол бұл сиақты жұмысты сыртқа әшкерелеп істей ме екен? Бұл — жас өмірдің жазым басқан бір бұлтарысы ғана емес пе? Бұдан құтылу, бұл сиақты сөлекет істі қайталамау — Қамзаның өз қолында емес пе?
Осы “сөлекет” деген сөз Қамзаның ойын кеңірек шарлады. Осы жұмысының “сөлекет” болатын себебі не?
Қараңғы үйде аяқ-табақты салдырлатып Жүсіптің дәрет алғандығы білінді. Шымылдықтың нақ жанына келіп, тізерлене отырып намаз оқыды. Жүсіптің иіліп-бүгілген екпіні мен шымылдық желпініп, Қамзаның мазасын одан әрі кетіріп болды. Қамзаныда ыза кернеп, не істерін білмей булықты. Әсіресе, осы Жүсіптің манағы қырман басындағы қылығы, Қамзаға мысқыл күлкі мен қараған секілденуі, Қамзаның бір неше рет өлшенген астықтың есебінен жаңылуы… “тоқта, осының өзі әдейі істелген жұмыс емес пе екен? Өмірі қырман басына бармай жүрген Асиа бүгін не ғып бара қалды?…” — деп Қамзаның ойлауы-ақ мұң екен, тұла бойы суынып, үрейленген шошынуы ұсталды. Қатар жатқан Асиа қара жыландай сезіліп, Қамза одан әрі ышқынды… Қамзаның осы қалпын сезгендей боп Асиа бұрынғыдан бетер жабыса түсті.
Құла жиектеніп көтерілген таң терезені бозартып, үй ішіне бұлдыр сәуле енгізген кезде Қамза төсектен атып ақ тұрды. “Апырмау, мені неден қара басты? Шыны мен ұйықтап қалғаным ба?” — деді апалақтап киінгелі жатып. Бұлдыр сәуле Асианың бетіне дәл түскендей боп, сол бетті Қамзаның көз алдына әкеле бергендей еді: қан-сөлден айырылған, ар-намыстан кешкен, айуандықтың шегіне шыққан адамның кескінін түгел елестеткендей бет еді бұл.
Шымылдықтан қол созым жерде Жүсіп жатыр теңкиіп. Қамзаның киімі екі ортада үйулі. “Әрірек жатса болмады ма екен бұл итке?” — деді Қамза киініп жатып. Етігін кигелі жатып қара кінешкені іздеді, ұшты-күйді жоқ! Сасқалақтап омырауын сипағанда — салақтап бос қалған омырау қалта қолына тиді.
Таң жарығы дендеп, үй ішінің бұлдыр сәулесі шырайын аша бастады. Асиа шошынып оянғандай болды да, Қамзаға қатулана түйлікті:
— Не масқара мұның? Кетсейші тез!
— Тетратымды жоғалтып отырмын.
— Құрымай кетсін тетратың!.. Мені масқара қылмақ па еді ойың?
Осы сөзді айтқандағы Асианың кескіні кімді болса да шошытқандай еді: қусырылған танау, ұясынан шыққандай аларған көз; үрпиіп, ұйысып, дударланған шаш; ертегінің мыстан кемпірі де мұндай жексұрын болмас.
Қамза үйден қалай шыққанын да сезбеді.
Жылы үйден шыққан денені таң салқыны қалтыратып қарсы алды. Көк жиегін тесіп мойнына ілгендей боп сығыраңдап күн шықты. Бозғыл қырауды бүркенген боз жусан — күн нұрына шағылысқандай боп жылтың қақты. Ауыл арасында қадағандаған адам көрінеді. Соның бірі — Қамза: не істерін, қайда барарын білмей дағдарған адамның пішінінде. Әлсін-әлі тоқтап, сонау қабақта қарауытып көрінген қырманға қадала қарайды. Қырман үсті бу ма, шаң ба — әйтеуір будақтап көкке көтеріліп тұрғандай.
— Оңбағыр! — деді Тұмарша, кеңсенің терезесінен тысқа қарап.
Бұл сөзді Тұмарша бір ғана емес, әлде неше рет айтты. Дүйсеннің үйінен Қамзаның қалай шыққанын, шыққаннан кейінгі не істегенін — Тұмарша терезеден қарап бәрін көріп отырды. Қамзаның нендей күйге түскенін — Тұмаршаға әзір бұлдыр. Анықтап шығатындығына сенімі мол. Аяушылық қайыптан да құр емес: Қамзаның жас баладай ұялшақтық мінезі, жұмысты шын беріліп істейтіндігі, ауыр кезеңдерде Ертайға қол қанат бола алғандығы — Тұмаршаны тым қызықтыратын еді.
— Оңбағыр! — деді Тұмарша күрсініп.
Дүйсеннің үйінің пешінен қара қошқыл түтін будақтап шығып, көкке көтерілгенде, Тұмарша ышқынып, тым үрейлене қарады. Бұрынды-соңды жұрттан бұрын от жағатын үй емес еді бұл. Ауыл адамдары тегіс өріп жүргенде де Асиа келіннің төсекте керіліп жатқанын көрер ең. “Тегін емес” — деді Тұмарша терезеден қадала қараған күйі.
Қос шелекті ырғалта теңселтіп Асиа өзенге беттеді. Екі шелек су әкелуді Асиа бір мегзілге ермек қылатын адам. Осыны көріп Тұмарша тым асығыс киінді. Кеңседен жүгіре шыққанда — нан пісірген қара таба Тұмаршаның қолтығына қысулы еді.
Дүйсеннің үйінің төрінде теңкиіп жатқан Жүсіпті көріп — Тұмарша аяғын еп пен ғана басып кірді. Екі көзі от жанған пеште еді. От қарауытып бықсуға айналған. Қоқырсыған қағаздың күлі оттың көмейін тегіс көміп жатқан секілді. Сол көмейді Тұмарша көсеп қалам дегенде, жұмарланған, текшеленген — шала жанған қағаздар көзіне шалынып, қолының күйгеніне қарамай сол қағазға тап берді.
— Асиа… Асиа деймін, пештің күлін алып таста да, отынды қайта жақ…
Жүсіптің осы дауысы Тұмаршаны селт еткізіп, үйден сездірмей тезірек шығып кетудің жайын қарастырды. Бірақ, мұндайды сезбесе — Жүсіп бола ма, бір демеден секем алған түр мен ол да басын көтерді. Тұмарша есікке ығысқанда — Жүсіп оған оқтай болып-ақ атылды. Өмірге бір қапы болғаны осы шығар: табалдырыққа сүрініп құлап, Жүсіп — тізесін жерге жырғызды.
Тұмарша құтылып кетті…
(0)Dislikes
(0)Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.
