1936 жылғы 6 көкекте, “Сациалды Қазағыстан” газетінде белгілі әдеби сыншымыз Есмағамбет Ысмайыловтың (1911-1966) “Әдебиеттегі натурализм” мақаласы жарық көрді. Әлгі зерттеушінің осы жарияланымы сол кездегі жазушыларымыз шығармашылығының талдауына арналған.
Біздегі пормализм әдісі біздің ақын, жазушыларымыздың шығармасында школаға айналып, кеңорын тепкен емес, олардың шығармаларынан пормализмнің жеке елементтерін ғана көреміз. Пормализм біздің әдебиетімізде системелі әдіс сиақты емес, анда-санда бір көрініп қалып отыратын пормализмнің ұшқыны сиақты. Ал, натурализмді алатын болсақ, біздің поэзиамызда, әсіресе, қара сөзімізде мықтап орын тепкен. Кәзіргі әдебиетімізде, тап бүгін таңда да ең залалды, ең қауыпты болып отырғанда осы натурализм.
Біз бұрын Мәжиттің “Торайы” туралы жазған мақаламызда, оны натурализмнің барып тұрған үлгісі, өмір кескінінің дөрекі суреті деп едік. Мұндай, тұрмыстағы барды көшіре салу, аздап түсін бояп, сол “шикі” күйінде алдына тарту жалғыз Мәжитте ғана емес, басты жазушы Ілиас, Бейімбет, Сәбиттерде де бар.
Ілиастың 31-32-жылдардағы перегіп сарыны мен қалқоздарды жолаушылап жүріп түсірген потокартішкелері жайында айтпай ақ, 35-жылы шыққан басты екі шығармасы “Жорық” пен “Дарқан“-ды ал.
Шелускіннің айбынды ұлы ерлік жорығын, таптық сана мен ұштасқан ақындық қиалында жасап шығару секілді шындықтың елементін “Жорық“-тан таба алмайсын. “Жорық” басынан аяғына дейін болған уақиғаның сүрлеуіне түсіп, сол сүрлеуді қуалап, ізді шарлайды да отырады, ақын соныдан жол сала алмайды. Ол бір рет жүріп кеткен нақты уақиға, біздің дәл ұғымымызда айқын болғаннан кейін, соның сүрлеуі мен келіп, әлгі болғанды қайта айтып, қайта суретке түсіруден не қасиет туады.
Бұл поэмадан адамның, басты геройлардың ерлік әрекеттерін сқема түрінде көресін. Олардың ерекшелік ерлігі, ерекшелік мінез-құлықтарына адамның ішкі, сыртқы сипаттарына сай, бірлікте келіп отырғанын көре алмайсын. Іс бөлек жүріп жатады, іс пен байланысты келуге тиіс нақты ой, көңіл күйлері сыртқы сипаттаулар өз алдына бір бөлек жүріп жатады.
Мәселен, Шмитті сипаттағаны былай:
“Шмиттің суреттеуге мінез
құлқын.
Қолымнан, мойныма алам, кел-
мес жұртым.
“Ер” дедім, “Қыран” дедім
түк шықпады.
Тек қана сипаладым сақал,
мұртын.
Қылмай ақ қызметінің бәрін өлең.
Мінезін қазғыламай, ойын терең.
“Шелускін” жорығының өзі-ақ
айғақ.
Шмитті көз алдында көреді әлем.
“Жайдары ақылы мол, еркі күшті.
Мұқит пен майдандасып мұзға
түсті.
Баулыған болшебіктің сақалды
ұлы.
Байлаған ұлы жолға ой мен істі”.
(“Жорық“, 68-69-бет.
Мінекей ақынның жүрегі мен геройының жүрегі ұштасып жататын жерінің суреті. Суреттей алмағанын, үстірт сақалын ғана сипалағанын мойындап айтып отыр.
Пактіні, уақиғаны көшіру, дәл кескіні бес мүйнеттік пото мен суретке түсіріп алу әдісі мен жазылған. “Жорық“-ты ұлы аттаныс обырызын, ұлы ерлік обырызын бере алмаған шығарма деу талассыз нәрсе. “Жорық” поэмасын басынан аяғына дейін оқып шықта, Шелускін жорығында болған пактідан айтылмай қалғанын іздеп көр, бәрін табасын. Онан кейін, ақынның өз жанынан қосқанын қарастыр, еш бір соны нәрсе таба алмайсын. Сүйтіп, кәзіргі поэзиамызда натурализмнің ең барып тұрған үлгісі осы “Жорық” дейміз. Бұған Ғалидың “Алынған қамал“-ын, Асқардың “Уборшицасын“, Тайырдың “Мұз тұтқынын” қосуға болады.
Ілиастың “Жорығының” қатарына қосылатын “Жаңа туған“, Асқардың “Қайным ауы“, “Қаскелені“, Ғалидың “Шәуілдірі“, Сәбиттің 34-жылғы Қарағанды жұмысшыларына арнап “5000” деген ат пен жазған баяндама “поэма“-сы қосылады. Алдыңғы қатардағы ақындар мұндай жазған соң, кейінгі жас ақын жазушылар олардан кейін қалып отырған жоқ. Көбі алдыңғылардың ізін басу мен келеді.
Обылыстардағы жас жазушы ақындардың көбі, әлі күнге 31-32-жылғы рапрт-айғай, дөрекі потограпиалық сарын мен жазудан аса алмай жүр. Семейдегі жас ақын Еркебайыптың, Оралдағы Құбашыптың, Аманжолыптардың, Қарағанды обылысындағы Абдол, Сейтжандардың жазған поэма өлеңдерін оқып отырсаң, көбінікі, әлгі басты ақындарымыздың натурализм әдісі мен жазған өлең поэмаларының копиасы болады да отырады.
Біздің ақындарымыз, өмірдің көшірмесі, өмірдің потограпы болудан неге шыға алмайды, неге екшелген түйінді обырыздар (обобщение) тың (оргинални) сужеттер туғызбайды, неге ақын жазушылардың өмір пактісынан, қоғам санасынан жинақталған шығармалық (Творческая фантазия) қиалы жоқ, мұның бәріне жалғыз ақ жауап: олар әлі социалды реализм әдісін меңгеріп, билеп әкете алмаған. Әлсіздіктің бәрі де міне осыдан туып отыр.
Натурализмде өмір кескін дөрекі, кейде бұрмаланған, сиықсыз (Грубо искаженный) түрде көрсетіледі дедік. Сол бұрмалау дөрекі көрсетіліп келгеннің ең бастысы — адамның өз кескіні. Көркем шығарманың қандайы болсын, барлық суреттеу жақтарын сайып келгенде, айтатыны адамдардың жайы, адамдардың әрекеті, мінезі, кескіні, сипаты болады. Ең алды мен адамның дұрыс өзі жырланбаған, адамның өзі дұрыс сипатталмаған жерде, қандай шығарма болсын, шын мәніндегі көркем шығарма болмайды.
Осы уақытқа дейін біздің ақындарымыз заманымыздың ең ардақты адамдарының кескінін, сипатын көбінесе, әлгі айтқандай, дөрекі бұрмалау түрінде суреттеп келгенін көреміз.
Мәселен, ана бір кездерде Бейімбет пен Сәбит батырақтың түрін былай суреттеген:
“Келте танау қара бала,
Қысық көзді бұжыр бет,
Тырнадай қып бара-бара,
Бойды берген құдірет,
Ебедейсіз сөлекеттеу,
Имен қағад жүргенде.
Еркінде жоқ құрттай ептеу
Аузын ашып күлгенде”.
(“Сағындық“) десе Бейімбет, Сәбит:
“Үңгір көз, мұрны қайқиған,
Табақтай беті талпиған.
Шот маңдай, түсі қап қара,
Дүрдік ерін салпиған.
Сақал, мұрты жабағы.
Түксие біткен қабағы.
Бұқа мойын, шоң желке,
Тырысып жатыр тамағы”.
………………
Екі елі кір кеудесі,
Баттасып жатқан батпақтай” — дейді.
Мұнда Бейімбет пен Сәбит өзінің негізгі геройын мақтап, реални кескінін суреттеп отырған жоқ, қайта оны масқаралап, күлкі қылып отыр. Рас, жалшы, батырақтар осы айтқандай болатын ақ шығар, бірақ, барлық кедей, барлық малай осы Сәбит пен Бейімбет суреттегендей сиықсыз нұсқын емес қой, бұл бір жағы. Екінші, біздің таптық санамызда, жалшы малайлар (өткен уақытта, бүгінде) ылғи дөрекі кескінде болсын, оларға адамның келісті дене бітімі, сұлулығы керек емес деген тұрақты ұғым жоқ қой. Біздің пролетариат табы сұлулықты, келістілікті қашанда болса керексіз демейді, сұмпайы, жексұрын пішіндер көбінесе бұрыс геройларға қолданылады ғой. (Гогілдің Собакейбіш, Плушкіндерін ал).
Мүмкін, бұл ерте кездегі жазылған поэмалар дер, өткенге жауапкершілік ол өз алдына, осы поэмалар қазақ әдебиетінің бір кезеңдегі түрлері деп толық жинақтарда, оқу кітаптарында қайтадан басылып шығып жатса, біз мұны кәзіргі әдебиет продуксиасынан алып тастамаймыз ғой.
Екінші, осындай дұрыс адамды масқаралап, сиықсыз етіп көрсету сол Бейімбет, Сәбиттер бастағаннан бергі жерде еш бір тоқталған жоқ.
31-жылдары Ғалым шақтордың кескінін:
“Ала көз, қалың қабақ, бұж-бұж
беті.
Астаудай, білек пен сан бұлшық
еті.
Қошқыл тән, алқалы — төс, бүркіт
саусақ.
Қайнасқан қара болат жота іреті.
Суық түс, денесіне ылайықты,
Дегендей — дүниеде мен-ақ мықты.
Сөйлесе “сіз, біз“-іңде жұмысы
жоқ.
“Сен-мен” деп омырайтар тыңғылықты” —
деп суреттесе, 35-жылдары Тәшкендегі
Оспанып Қалмақан бір геройының түрін
былай суреттейді:
“Былайша істі ептейді,
Қарасаңыз өзін,
Сыйға болған тақадай,
Құлақ салсаң сөзіне.
Асықтағы сақадай,
Бет, ауызы бір уыс.
Ауызында түк тісі жоқ,
Танауы жатыр тарбиып,
Мұрынының тесігі,
Көрінед гөрдей ажарсыз,
Өңі жаман тым қуыс,
Түсі сары шегір көз”.
(“Құрал“, поэма, 10-бет).
Адамды сыртынан осындай етіп суреттеудің мазмұнға қаншалықты байланысы бар? Адамды сыртынан жексұрын, сиықсыз нұсқын қылып көрсету мазмұндағы идея мен, немесе белгілі, бір тип жасау мен бір ыңғай бірлікте қабысып отыра ма? — жоқ. Мұның бірі де болмайды. Гогілде адамның сыртқы сипаты мазмұндағы ішкі идея мен, не типтің мінез-құлқы мен тығыз байланысты келіп отыратын болса, ал, біздің жазушы ақындарымызда ол жоқ.
Әлгідей адамды сырт пішінінен бұзып көрсету, я болмаса соған жақындау кескінді алу Бейімбетте көп кездеседі, не “адырақ көз“, не “алқам-салқам“, не “пұшық мұрын“, не “салпы ауыз“, “дүрдік ерін“, не “алпамса“, не “қара бұжыр” болып келеді.
Әрине, біз адамдардың түсін ылғи сұлулау керек деген шарт қоймаймыз, қандай кескін, қандай пішін алынса да, өмірден потограпиа түрінде алынбасын, ол бір. Екінші, қандай бұрыс, дұрыс болмасын мазмұнға, идеяға байланысты болсын, дейміз. Үшінші, кедейден шыққан адамның бәрі ылғи адырақ көз, алпамса, бұжыр бола беру дұрыс емес дейміз. Олай бола беру, кедей, батырақтың кескінін реални танымағандық болып шығады, дейміз.
***
Натурализм бізде өлеңнен көрі қара сөз жанырында басым. Сәбиттің 31-жылы жазған “Екпіндісі“, Ілиас, Бейімбеттің жол, ел әңгімелері, Мәжиттің бес мүйнеттік потокартішкалары, Асқар, Ғалидің әңгімелері бәрі де біздегі қара сөз жанырын натурализмнің мектебіне (школасына) айналдыруға жақындатты.
Бізде әңгімені көп жазған жазушы Бейімбет. Бейімбеттің әңгіме жазуда алатын орны басқа жазушыларға қарағанда үлкен, жана салмақты да. Қара сөз жазушылардың үлкен шебері де. Бейімбеттің жазушылық өнері, әдебиеттімізге көп уақыттан бері үлкен үлгі, кең жол салып отыратын сиақты. Бейімбеттің қара сөз бен жазған шығармаларының екі биік шыңы бар, оның бірі, “Шұғаның белгісі” де. Екіншісі, “Азамат“. Басқа әңгіме, побестері бұл екі шығармасының етегін ұстай, аяғын құша келеді.
Әрине, бұдан Бейімбет әдебиетімізде жалғыз осы екі шығарма мен ғана көрінді деген сөз шықпайды. Бейімбет өлеңнің, пиессенің, қара сөздің біздегі ірі таланты екенін толып жатқан ұсақ шығармаларында да көрсетті. Бейімбеттің жазушылық өнері, әдісі көп уақыттан бері қара сөз жазушыларымызға үлгі-өнеге болып келеді.
Бірақ, Бейімбеттің осы жазушылық өрісінде, жазу әдісінде жалпы әдебиетімізге, кейінгі жазып келе жатқан жастарымызға туғызатын үлкен бір қауыпы бар. Ол қауып, әлі күнге дейін Бейімбеттің жазушылық өрісінің бір “ерекшелігі” есебінде қалмай, жойылмай келе жатқан, натурализм әдісі. “Азамат” пен “Шұға“-дан басқа Бейімбеттің бір талай қысқа әңгімелері белгілі бір кезеңдегі әдебиетіміздің ерекше бір құбылысы болып, жұртшылықтың пікірін, көңілін бірден қозғарлық биік сатыға көтеріле алмауының себебі не? Бейімбеттің көп әңгімелері неліктен өміріміздегі күнделік жеңіл-желпі өшеркінің дәрежесінен аса алмайды, көбі елеусіз қалып отырады.
Бейімбеттің бұдан, 8-10 жылдар бұрынғы шыққан әңгіме кітаптарының көбі жол үстінде, жол әңгімелері болып келуші еді, одан бергі жердегі әңгімелердің көбі де осы сарында жазылған. 34-жылғы “Социалды түліктегі” әңгіме-өшеркілерін ал, 35-жылғы шыққан “Алтын сандық” атты жинағындағы “Сары май“, “Берен“, “Қат” сиақты әңгімелерін ал, осылардың көбі бір біріне ұқсас, әдебиетімізге қойылып отырған ұлы тілектің ең жоғарғы сатысына көтеріле алмағанын, жазылып жүрген елеусіз көп әңгімелердің бірі ғана болып шыққандығын көреміз.
Бейімбет сияқты қара сөздің үлкен шебері саналған жазушының әр бір кішкене шығармасы да, бірден оқушының пікірін қозғап,
көңілін аударып, ертіп әкетпеуінің өзі, бірден әдебиетімізде тың құбылыстар болып кете алмауының өзі, осы шығармалардың негізі натурализмде жатқандығын көрсетпей ме?
— Сөз жоқ, мұндай шығармалардың түпкі тамыры
натурализмге байланысты.
— Мінекей, Бейімбеттің жол жүріп бара жатып
түсіріп алған потограпиасы:
— “Сапқозға келдік. Мал сапқозы, деді Ыбырай маған бұрыла түсіп.
Перма тұрған қыстауға келдік. Біріне-бірі мінгестіре салған ескі қазақ үйлері, бұрыш біткені мүжіліп езіліп, құлауға қолы тимей тұрған іспетті. Көң арасында, шығар мен малып, құйрығы шошайып тауықтар жүр. Көл бақаша секеңдеп үй қояндары жүр. Біздің жолымыз осы ауылдың қотанына кіріп жоғалды да, жол іздейміз деп ауылдың базынан кіріп, аяғынан бір ақ шықтық. Бірер жер ошаққа түсіп, күлін де бұрқыраттық. Жер ошақ басындағы таба, ләген шіркеудің қоңырауынша даңғырлады”. (“Сары май“, 23-бет).
Бейімбеттің әңгімелері көбіне обобшение жасалмай, өмірдегі бар уақиғаның көлемінде отырады. Бейімбет тұрмыстағы нақты пактына тым шағын, содан алыстай алмайды.
Бейімбеттің бір әңгімесі мен бір әңгімесінің ерекше айырмасы аз, көбі біріне бірі ұқсас келеді (Адамдары, типтері, сурет, белгілі жағдайлары бәрі де бір келкі болып отырады). Бейімбет әңгімелерінен пәлсапалық топшылау, пікір түйіндерін аз кездестіресін (Бұл басты жазушылардың көбінде бар ғой).
Бейімбеттің натурализмі, өмірді суретке түсіріп алуға жақын болуы. Мәжиттің, Асқардың тағы басқаларының дөрекі пото суреттеріндегідей емес.
Бейімбетте өмірдегі әр түрлі кескіндер (ақ, қара, жасыл, көк, қызыл, сары), сол түсіне қарай боялып отырады. Өмірдегі бір уақиға бір нақты жағдайды жазатын болса, Бейімбет сол нақты уақиға жағдайда қаншалық әр түрлі кескін, әр түрлі қимыл болса, соны бұлтартпай, неше түрлі бояуларды таба біледі, неше түрлі қимылдарды сөз бен бере біледі. Сондығынан Бейімбет әңгімелері сыртынан қарағанда, өмірдің өзінде бар бояулары, кескіндері дәл берілген, әдемі көрінеді. Өмірдің шындығы, қоғамның керек қылатын шындығы деген тілекті ескермей, алдыңдағы қызыл, жасылды бояуға балаша алданатын болсаң, онан жақсы шығармалар таба алмайсың.
Бейімбеттікіне қарағанда, Мәжиттің “Торайы” өте бұрмаланған сиықсыз кескіндер. Мұнда Бейімбеттікіндей әр түрлі бояулар болмайды, бояу негізінде бірақ түсте болады, әр түрлі боядым дегендері, бір бояу мен бір бояу қосылып, араласып, баттасып жатқан болады, баттасқан түстерден түк айыра алмай, Мәжитті ұрсасын, оған қолыңды сілтейсің. Оқушы, сыңшыларға Мәжиттің дөрекі суреттері натурализм болып тез ақ сезіледі, ал Бейімбеттікі әлгідей әр түрлі бояулы болғандықтан тез сезіле қоймайды.
Мінекей Бейімбет натурализмнің тамырлары, Бейімбет осындай жазу әдісі мен кейінгі жастарымызға көп жерде теріс әсер беру мен келеді. Бейімбет қазақ сөзіне шебер, ұста, сол шеберлігін потосуретін салуға жұмсаса, біз оны қауыпты бет алыс дейміз.
Бұл айтқан сындардан, Бейімбеттің жазғандары түгелінен натурализм, Бейімбет өмір шындығының тұрғысынан алып жақсы, қызықты дәуірімізге сай шығармалар жазған жоқ, жаза алмайды деген қортынды шықпайды. Бейімбет негізінде реяліс жазушы, обобшение мен типтерді жасай алатын, жасап жазып келе жатқан жазушы. Оған “Шұға“, “Азамат“, “Раушан“, “Амангелді“, “Жалбыр” сиақты басты шығармалары толық дәлел бола алады.
Біз, Бейімбеттің шығармалық әдісінде бір жақтап қалмай келе жатқан қауыпты натурализм елементі бар дейміз, жалпы әдебиетімізге түбінде үлкен зианы тиетін бұл елементтен осы бастан сақтану керек, оны мен күресуіміз керек дейміз.
Сәбиттің “Теміртас“-ындағы сқематизмді, жалаң топшылау мен берілген, кей жерінде үстірт шолып қана пото суреттерін берген жерлерін сол туралы жазған мақаламызда айтқамыз. 35-жылғы “Әдебиет майданын“-дағы басылған Сәкеннің “Сол жылдарда” деген әңгімелері, Сабырдың жұрт мақтап жүрген Иран әңгімелері — бәрі де әдебиетіміздегі кәзіргі натурализмнің айқын үлгілері болады.
Енді Ілиастың “Дарқаны“-на келейік. Әңгімеде қызықты сужет жоқ, басынан аяғына дейін сқема мен жазылған нағыз натурализм үлгісіндегі шығарма. Ілиаста еш бір обобшение жоқ, бір адамның өміріне байланысты шашыранды, көмескі, күңгірт уақиға суреттерді сол болған күйінде көшіре салған. Жазушының, геройын тереңдей көрсету, өз жүрегі мен геройының жүрегін көрсету жоқ. Сырттан, анадайдан тұрып түсіріп алған потокартішкалар екенін көресін.
“Бізді биікке алып шыққан инженер айнала қарап, қолын көтеріп жан-жақты көрсетіп сөзге кірісті:
— Анау көп терек қаланың сілемі. Анау багзал, ал содан былай осынау жатқан кең осы зауытқа қарайды. Мынау корпыстар жатқан Аймақ зауытының көлемі. Ал, анау жақта жұмысшы қаласы жатыр. Ондағы үйлердің барлығы да жаңадан салынды. Анау екі қабат үлкен үй — өздеріңіз келген зауыттың басқармасы. Оның бер жағында бақша, дем алыс-мәдениет паркі. Онда жазғы құлып, ал, қысқы құлып сонау көрінген үй…
Әңгіме сүйтіп шұбыра береді.
Қазағыстан мерекесіне басты жазушыларымыз осы сиақты сқемалы натурализм әдісі мен жазылған піспеген шикі шығармалар беріп отырғанда, біздің жалпы әдебиетіміз натурализмнен қалай құтылады?
Біз әдебиетіміздегі натурализм мен аяусыз қатты күресуіміз керек. Тағы бір неше жеке шығармаларды нақты сынап, натурализмнің тамырын ашуымыз керек. Қатты сын болмай, қатты өз ара сын өрістемей, біз әдебиетіміздегі бұл секілді ең залалды аурудан арыла алмаймыз.
Редаксиадан: бұл мақала пікір алысу ретінде берілді.
(0)Dislikes
(0)Discover more from TriLingua Daniyar NAURYZ
Subscribe to get the latest posts sent to your email.

